АЛТЫНОРДА
Новости Казахстана

Алматы облысында қорланған Керей мен Жәнібектің ескерткіші жұртты шошытты

 
pogudx2v6vhhtstjj.eac5e372Алматы облысында Керей мен Жәнібектің жалғыз ескерткіш тақтасы адам аярлық халге жеткен деп хабарлайды КТК арнасы.

Тас мүсіннің тоз-тозы шығып, маңайы қоқысқа толыпты. Жергілікті әкімдіктің ең болмаса Қазақ хандығының 550 жылдығы тойланып жатқан шақта бір тақтайшаны жөндей алмағаны жұрттың жағасын ұстатып отыр.

Есік қаласындағы бағдаршам мен алба-жұлба бағаналардың көлеңкесінде тұрған бейнелерді Керей мен Жәнібек хандардыкі деп айту қиын.

Қазақ хандығының негізін қалаушы екі ұлы тарихи тұлға сыйған тақтайшаның тас-талқаны шыққаны былай тұрсын, ескерткіштің маңы өткен-кеткеннің дәретханасына айналған. Иісінен жүрек айниды. Ол аздай, қазақтың қасиетті есімдері жазылған орын маскүнемдердің де мекеніне айналыпты.

Алба-жұлбасы шыққан ескерткіштің түбі де шіріп жатыр. Ал арқасына әлдебіреулер анайы сөздер жазып кетіпті. Бабаларымыздың әруағына жасалған мұндай қиянатқа жұрт жағасын ұстап жүр.

“Оларға құрмет жоқ. Өйткені, бұлай көріп жатқанымыздай олар сынып жатыр, кафельдері түсіп жатыр. Өйтуге болмайды негізі. Бұл қазақ хандары. Біз оған өте мақтануымыз керек. Бұл ұят емес пе?”, – дейді Есік қаласының тұрғыны Томирис Болат.

Өкінішке қарай, тарихи қаланың қақ ортасында орналасқан ескерткіштің мүшкіл халін кейбіреулер елемейтін де сияқты. Есесіне, ғимараты ескерткішке қарсы орналасқан әкімдік қызметкерлері лезде жетіп келді.

Бар кінәні жол апатына артқан атқамінер ақыры ағынан жарылып, қаржының жоқтығы салдарынан қазақ хандары қараусыз қалғанын айтты.

“Бізде ескерткішті түзеуге қаражат жоқ, ақша бөлінбеген”, – дейді Есік қаласы әкімінің орынбасары Қуат Кәрібайұлы.

Қазақ хандары бұған дейін де еңселі ескерткішке жарымаған. Бас қала Астананың өзінде лайықты орын табылмай, қала сыртына тасталған болатын. Дау-дамай туған соң, ақыры басқасы орнатылды. Ал мәдениет ордасы саналған Алматыда оларға арналған ескерткіш тіпті де жоқ. Ол тұрмақ, ұлтарақтай көшенің де аты бұйырмай тұр.

http://www.nur.kz/