Қазақ хандығының 550 жылдығына орай «Ұлы дала елі» республикалық тарихи-мәдени экспедициясы 1 қазан күні Түркістан қаласына келді. Көне шаһар тұрғындары сыр өңірінен келген делегация мүшелерін Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің алдында қарсы алды. Қос тараптың өкілдері алдымен тарихи орынды аралап бабалар рухына тағзым жасап, мерекеге орай ұйымдастырылған тарихи театрландырылған көріністі тамашалады. Мерекелік жиын Түркістан сазды-драма театрының Қазақ хандығын кұрудағы Керей мен Жәнібек жайындағы театрландырылған қойылыммен бастау алды. Түркістан қаласы әкімінің орынбасары Тәжібек Мұсаев делегация ұжымы мен жиылған көпшілікті құттықтай келе, бүгінгі шараның маңызының ерекшелігіне тоқталды. Сондай-ақ Қызылорда облысы делегациясының жетекшісі Айгүл Сағымбай мерекелік басқосуда «Ұлы дала елі» республикалық тарихи-мәдени экспедициясының символы – бірегей күнделік кітапты Оңтүстік Қазақстан облысы делегациясына тапсырды. «Ұлы дала елі» экспедициясы біздің отаншылдық сезімімізді оятуға серпін беретін шара деп есептеймін. Облысымыздың Отырар, Ордабасы, Бәйдібек, Созақ аудандарын аралап, Шымкентте қорытындылайтын, құрамында ғалымдар, археологтар, журналистер сынды өзге де сала азаматтары бар делегация ұжымына бұл сапардың берері молынан екені айқын. Аталған аудандардың барлығы да Қазақ хандығының ізін білдіретін, иісін сезіндіретін жерлер. Біз бұйыртса, алдағы уақытта Жамбыл облысындағы өтетін айтулы шараға эстафетаны абыроймен жеткіземіз деп сенемін»,- дейді облыстық «Южный Казахстан» газеті редакторының орынбасары, оңтүстікқазақстандық экспедицияның мүшесі Кеңес Исмайлов. Сонымен қатар, эспедиция мүшелері сапар барысында жергілікті тұрғындармен жүздесіп, Елбасы тарапынан жүктелген «100 нақты қадам» Ұлт жоспарының «Біртектілік және бірлік» бағыты бойынша «Мәңгілік ел мұраты – ел бірлігі» тақырыбында кездесулер ұйымдастырып, Қазақ хандығының тарихына арналған «Жер тарихы – ел тарихы» тақырыбы аясында сұхбаттар мен дәріс-таныстырылымдар өткізбек және қазақ хандығының шығу тарихын кеңінен насихаттайды. Оған қоса, құнды деректермен толыққан кітапты Жамбыл облысына жеткізеді. Рухани астанадан шығып көне Отырар қаласындағы Арыстанбаб кесенесіне табан тірейтін экспедиция жолай үш бидің басын қосқан Ордабасы тауын басып өтеді. Бетпақ дала төсімен жүріп отырып Сансыз бабтар мекені Сайрам ауданында қорытындыланады.
Түркістан қаласы әкімінің баспасөз қызметі