АЛТЫНОРДА
Новости Казахстана

ОҚО МЕН ГРУЗИЯ АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ САЛАСЫНДА ӘРІПТЕСТІК ОРНАТТЫ

bezymyannyyБүгін, 1 қазанда Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Бейбіт Атамкұлов Грузияның Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Зураб Патарадзені қабылдады. Кездесуде қос тарап Оңтүстік Қазақстан облысы мен Грузияның шығыс және батыс аймақтарының өзара байланыстары жайлы әңгімелесіп, екіжақты тиімді жобаларды талқылады. Жиында өңір басшысы мәртебелі қонақты облыстың әлеуметтік-экономикалық мүмкіндіктерімен таныстырып, Грузия кәсіпкерлерін түрлі жобаларға қаржы салуға шақырды. Мәртебелі мейман Оңтүстік өңірінің ауыл шаруашылығы саласына бейімдігін айтып, осы салада әріптестік орнатуға ниет білдірді. «Өздеріңізге белгілі, Грузия мен Қазақстан, оның ішінде, Оңтүстік Қазақстан облысы аграрлы аймақ ретінде танымал өлкелер. Сондықтан, біздің тарап Қазақстанмен арадағы тауар айналымының артуына қызығушылық танытып отыр. Грузияның өнімдері Қазақстанға экспортталып, сәйкесінше, қазақстандық тауарлардың Грузияда импортталуына біздің ел дайын», — деді З.Патарадзе. Елшінің айтуынша, осы айдың соңында Астанада ауыл шаруашылығы саласы бойынша көрме өтпек. Шараға қатысатын Грузия делегаттары қазақстандық әріптестерімен нақты жобаларды іске асыруды көздеп отыр. Кездесу барысында Грузия елшісінің бұл сапары қазақ-грузия ынтымақтастығын одан әрі нығайтып, жандандыра түсетіндігі айтылды. Жиын соңында З.Патарадзе Күнгейдегі шуақты өлке – Шымкенттің халқын қала күнімен құттықтады.

ОҚО әкімінің баспасөз қызметі