Бүгін Алматы облысының әкімі Амандық Баталов Көксу қант зауытында шығарылып жатқан алғашқы қант өнімінің куәсі болды.
Бұл туралы облыс әкімдігінің баспасөз қызметінен хабаралды.
Осы шара барысында республикалық қант орталығының басшысы, «Көксу қант зауыты» АҚ құрылтайшысы Нұрлан Тілеубаев пен өңір басшысы Амандық Баталов қант зауытында тау-тау болып үйіліп жатқан қант қызылшасын аралап, зауыттың өндіріс цехынының жұмысымен танысты.
Зауыт директоры Алтынбек Абатов облыс әкімі А.Ғаббасұлын жұмысы қызу жүріп жатқан өндіріс барысымен, ондағы қант қызылшасынан дайын қанттың алыну процесімен таныстыра келе: «Бүгінгі күні зауытқа 25 мың тонна қант қызылшасы жеткізілді. Тәтті түбірдің өткізілген әр тоннасына шаруаларға 13 000 теңгеден және одан бөлек әрбір тонна қызылша үшін мемлекеттен қосымша 1 500 тг ақы төленуде. Биылғы қант қызылшасының сапасы мен қанттылығы жоғары. Өздеріңіз көріп отырғандай, қызылшаны өңдеу процесі қызу жүруде. Бірнеше арнайы құрылғылардан өткен қант қызылшасы зауыттың екінші басынан аппақ қардай дайын өнім болып шығуда», — деп атап өтті.
Қант өндірісімен танысқаннан кейін облыс әкімі Амандық Баталов өз сөзінде:
«Жыл басында қант қызылшасының жайын күз көрсетеді дегенбіз. Көптен күткен күзіміз де келді. Биылғы жылы қант қызылшасы себілген алқаптардың әр гектарынан шаруалар 700-750 центнерден өнім алып жатыр. Салмағы да көңіл құптарлық. Тәтті түбірдің салмағы 5-7 келіге дейін барады. Бұл бұрын-соңды болмаған нәтиже. Осы игі істің барлығы — бірінші кезекте Үкіметтің қолдауының нәтижесі. Елбасымыз өткен жылдың тамыз айында өңірге жасаған іссапарында Алматы облысына қант қызылшасының орталығы атағын қайтару тапсырмасын қойғанын білесіздер. Осы тапсырманы орындау мақсатында облыстың 5 ауданына жалпы көлемі 4000 гектарға қант қызылшасы себілді. Мемлекеттік қолдаудың арқасында шаруаларымыз жанар-жағармайға, өткізілген өнімге, тыңайтқыштар мен тұқымдыққа субсидия бөліп, ауылшаруашылық техникалары сатып алынды. Ауа райының өзі де осы игі істі қолдағандай жағымды да жайлы күн райын сыйлады. Зауытымыз да ағымдық жөндеу жұмыстарынан өтіп, шаруалардың өнімін қабылдауға толықтай дайын қалыпқа келтірілді.
Міне, Көксу қант зауытының осындай өнімін сағынып та үлгеріппіз. Өзің өндірген өнім әрдайым жаныңа жақын әрі дәмді болады. Осының барлығы — өнімді себіден бастап, дайын өнім алғанға дейінгі процестің бір жолға қойылғандығының нәтижесі. Мемлекет қолдауын көрген шаруалар өнімін себеді, оны өсіріп, өнімін зауытқа жеткізеді, зауыт өткізілген өнімнің ақысын төлейді, ал қабылдаған қызылшадан дайын қант шығарады. Бұның барлығы оңай жұмыс емес. Елбасының айтып жүрген «Қазақстанда жасалған» деген логотипі бар өнімдер шығару дегені де осы. Қант қызылшасының қайтарымы жоғары. Алдағы жылдары өнім дәл биылғыдай бітік шығып жатса қант қызылшас алқаптарының көлемін арттырамыз. Республикалық қант орталығының Президенті осы жылы барлығы ойдағыдай болған жағдайда алдағы жылдары 300 млн. теңге инвестиция құюға сөзін берді.
Осылайша, заманауи технологиялар мен сапалы тұқымдарды себу, жұмысты жүйелі жүргізу, ең бастысы осының барлығына мемлекеттік қолдаудың болған жағдайында 2020 жылға дейін облысымызда қант қызылшасының көлемін 500 мың тоннаға жеткізу жоспарымыз бар», — деп сөзін қорытты.
Сондай-ақ Көксу ауданына жасаған сапары барысында облыс әкімі ауданның қант қызылшасын жинап жатқан «Алим-Таяр» шаруа қожалығының алқабын көріп қайтты. Атап өтерлігі, қант қызылшасы алқабындағы жиналып жатқан қызылша өнімі мен оны жинауға жұмылдырылған ауылшаруашылық техникаларын көзбен көрген қонақтар, өнімнің сапасы мен көлеміне дән риза болды.
«Диас» шаруа қожалығының иесі Жылқышынов Ахмет: «Биыл өнім бітік шығуда. Мемлекеттен де көптеген қолдау көрудеміз. Облыс әкімдігі үнемі көмек қолын ұсынуға әзір. Тыңайтқыштарға уақытылы субсидия бөлінуінің арқасында өніміміз бүгінде ірі әрі мол шығуда. Қант қызылшасын жинайтын арнайы комбайн мен «Камаз» жүк көліктерін де беріп жатыр. Алғашқы өнімдерімізді қант зауытына жеткізіп, бүгінде тиісті қаражатымызды алудамыз. Алдағы жылдары дәл осындай қолдау болып жатса, қант қызылшасының алқаптарын арттырамыз», — деп ойын білдірді.
Жалпы, Алматы облысының қант зауытында өндірілген өнімнің сапасы жоғары. Дайын өніммен бірінші кезекте облыстың 2 млн. халқы, сондай-ақ Алматы қаласының жұртшылығы, артылған жағдайда еліміздің өзге өңірлерін қамтамасыз ету мақсаты бар. Облыста өндірілген қант өнімі мемлекеттік жалпы одақтық стандарттың барлық талаптарына сәйкестендірілген. Сол себепті алдағы уақытта көрші Ресей, Өзбекстан, Қырғызстан және Беларус мемлекеттеріне де Алматы облысында өндірілген қант өнімін экспорттауға мүмкіндігі болатындығына сенім мол.
Сөйтіп, Елбасының Алматы облысында қант қызылшасын жаңғырту тапсырмасының алғашқы кезегі жүзеге аса бастады.