АЛТЫНОРДА
Новости Казахстана

Абыз даланың аңыз батыры

01012015-29Шапса – тұлпардың тұяғы, ұшса – қыранның қанаты талатын ұлан-ғайыр атырапты бабалардың қалай қорғап қалғанын көзге елестеткеннің өзінде аза бойың қаза болады. Көкіректі әлдебір үрей билеп алатыны да жасырын емес. Өйткені, «сол заманда мен өмір сүрсем бабалардың өрлік рухына ілесе алар ма едім» деген ойдың санада жылт еткенінің өзі көңілдегі күдікті молайтып жібереді. Тағдыр тәлейіне тақымы аттан босамай, жаумен алысып, қара қазан, сары бала үшін арпалысып өтуді жазған біздің ата қазақ қалай десеңіз де мықты. Егер әр ауыл мен рудағы ержүрек батырлар болмаса, бүгінгі мына байтаққа ие болу-болмасымыз екіталай еді. Сондай батырдың бірі – Айдарбек. Бұрнағы күні Сырдың бойы мен Арал маңына кеңінен танымал батырды ұлықтау рәсімі өтті.

Батырды ұлықтау Зей­нолла Шүкіров атындағы қа­лалық мәдениет үйінде бас­талды. Алматыдағы «Мерей» баспасынан 2 мың таралыммен басылған «Айдарбек батыр» кітабының тұсау­ке­серінде осы қоғамдық қордың қамқоршылар кеңе­сінің төрағасы Махам­бе­т­әли Ізмаханов, Қазақстан Жазушылар одағының мү­шесі Сайлаубай Жұба­тыров, аталған кітаптың құ­­растырушысы Толыбай Абылаев батыр жайын­да кеңінен толғап, жаңа туындының ерекшеліктеріне тоқталды. Кітап тұсаукесері «Жыр арқауы – Айдарбек батыр» атты облыстық жас ақындар мүшәйрасына ұлас­ты. Арасында кеш көрігін термешілер Айна Тұяқова, Айбек Тәңірбергенов, әнші Аманкелді Сәрсенбаев батыр баба туралы әсем ән-термелермен қыздырды. Ал мүшәйра қорытындысы бойынша бас жүлдені Есет Табынбаев, бірінші орынды Ұлықбек Тәңірбергенов, екі екінші орынды Мөлдір Айтбай, Биболат Сәтжан, үш үшінші орынды Наз­гүл Бердіқожа, Тұрар Бек­мырзаев, Ғабит Қадырбай жеңіп алды. З.Шүкіров атын­дағы арнаулы сыйлықты Әйгерім Өтемісова иеленді. Жүлдегерлердің барлығы ақ­шалай сыйлықтармен марапатталды.

Батыр баба рухын ұлық­таудың екінші күнінде Арал қаласының шығыс бе­тінде Айдарбек батырдың еңселі ескерткіші ашылды. Ескерткіштің ашылу салтанатында «Айдарбек баба» қоғамдық қоры ұйымдастыру кеңесінің төрағасы Ма­хам­бетәли Ізмаханов Мем­лекеттік хатшы Гүлшара Әб­діқалықованың сәлемін жеткізіп, ауқымды іске атса­лысқан жандарға риясыз алғысын білдірді. Бастама негізінде қаншама тарих парақтары ақтарылып, экс­педициялық жұмыстар жүр­гізілгенін жан-жақты ортаға салды. Аудан әкімі Абзал Мұхимов жиналған қауымға Жамбыл облысының әкімі Кәрім Көкірекбаевтың және Парламент Сенаты мен Мә­жілісінің депутаттары Бек­мырза Еламанов, Мұрат Бақ­тиярұлы, Құттықожа Ыды­рысовтың лебізге толы жеделхаттарын оқып берді.

Сондай-ақ, шара барысында Арал ауданының құр­метті азаматы Шәкірат Дәрмағанбетов, қоғам қай­­раткері Құдайберген Сар­жанов, Қазақ ұлттық тех­никалық университетінің профессоры Зинадин Сү­лей­менов жиналған қау­ымға Айдарбек батыр­дың қайсарлығы хақында әң­гімелеп, ақжарма тілек­терін арнады. Ал Қазақстан мұсылмандары діни бас­қармасының төрағасы, Бас мүфти Ержан қажы Мал­ғажыұлының құттықтау хатымен Діни басқарманың жауапты қызметкері, баба ұрпағы Байзақ Бекмұратов көпшілікті құлағдар етіп, ұйымдастырушыларға Құ­ран-хатым кітабын тапсырды.

Одан кейін бәйге ұйым­дастырылды. Алдымен 12 шақырымдық құнан бәйге басталды. Төрт айналымнан тұратын ат жарыста Алматы облысы, Көкбасты ауданында тұратын Байбатыр Сатыбалдиевтің қара қас­қасы бірінші болып келді. Артынша, Әмір Өсербаевтың «Барыс» есімді жүйрігі екінші орынның, Шымкент қаласындағы Жеңіс Тағ­зықбаевтың «Клас» атты сәйгүлігі үшінші орынның жүлдесін бөлісті. Араға көп уақыт салмай тыпыршыған аламан бәйгенің сәйгүліктері де тізгінін босатты. Бас-аяғы 24 шақырымды құрайтын бұл бәйгеге 5 орын тігілген. Атап айтсақ, Сексеуіл кентіндегі Бедер Қадірбергеннің «Ерке» атты күреңі топ жарып, автокөлік иеленді. Сондай-ақ, Қазалы ауданындағы Дөңес Жанәділовтің «Спар­так» атты торқасқасы екінші орынды еншілеп, 500 мың теңгені қанжығаға байлады. Алматы облысы, Қарасай ауданындағы Бауыржан Кенбаевтың «Күрең қас­қасы» үшінші болып мәре сызығына жетіп, 250 мың теңге қаржылай жүлде алды.

Ержан БАЙТІЛЕС,

«Егемен Қазақстан».

Қызылорда облысы,

Арал ауданы.