Оңтүстік Қазақстандағы «Бадам» су қоймасының жағасындағы жаттығу базасында байдарка және каноэ қайықтарында жүзуге, ескек есуге жаттықтыратын спорт ғимараты ашылды. Бұл кешен су және ескек есу спорт түрлеріне жан-жақты жаттықтыратын Қазақстандағы бірегей жаттығу базасы болып табылады.
Қазіргі кезде ескек есу бойынша оңтүстікқазақстандық құрама командасы алдағы олимпиадаға жолдама алу үшін Индонезиядағы Азия чемпионатында сынға түсіп жатыр. Олар осы халықаралық жарыстардан қайтып келгенде жаттығатын жаңа спорт кешені дайын тұрады. Олимпиадалық спорт түріне жататын ескек есу спортын елімізде жетілдіру мақсатында салынған 130 адамға арналған заманауи спорт ордасының ашылу салтанатына облыс әкімінің орынбасары С.Қаныбеков қатысты.
Жаңадан іске қосылған спорт кешенінің жалпы аумағы 8 гектарды алып жатыр. Бұл спорт базасында бір мезгілде жүзден астам спортшы бір-біріне кедергі жасамай жаттыға береді. Мұнда спортшыларға арналған жатын бөлме, екі жаттығу залы, 50 адамға арналған асхана және спортшылар жуынатын монша салынған. Сонымен қатар, екі спорт алаңшасы, спорт қайықтарын тиісті температурада сақтайтын арнайы қойма мен жөндеу орындары бар.
Оңтүстік өңірде бұдан басқа да спорт түрлеріне жақсы қолдау көрсетіліп жатыр. Өткен аптада Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Б.Атамқұлов Шымкентте салынып жатқан бірқатар нысанды аралап, қаланың Әкімшілік-іскерлік орталығындағы көркем гимнастикаға арналған спорт кешенінің құрылыс жұмыстарымен танысты. Көркем гимнастикаға арналған спорт кешені 8 блоктан тұрады. Мұнда спорттық арена, екі көрініс алаңы және 750 көрерменге арналған трибуна орналасқан. Сонымен қатар, 4 жаттығу алаңы, хореография залы, дайындыққа арналған жаттығу залдары мен желдеткіш камера, буфет, медпункт және егу бөлмесі, спортшылардың киім ауыстыру және жуыну бөлмесі қарастырылған. Сондай-ақ, 4 бір орындық қонақжай бөлмесі, екі орындық 6 номер, бассейн, 38 адамға арналған екі орындық жатын бөлмесі мен галерея бар.
Бұл орталықтың құрылысын мердігер мекеме «КДСМ» ЖШС жүргізіп жатыр. Қазіргі кезде құрылыс-монтаж жұмыстары 90 пайыз орындалған. Нысан құрылысы биылғы жылдың қараша айында толық аяқталып, пайдалануға бермекші.