АЛТЫНОРДА
Новости Казахстана

Қайыржан ТӨРЕЖАН .ҚЫЛМЫСТЫҚ ТОП ҚҰРЫҚТАЛДЫ

112375681Жақында жедел ақпаратты іске асыру барысында Маңғыстау облысының аумағында аса ірі көлемде героин сатумен шұғылданатын қылмыстық топ әрекет ететіні анықталды. Осы топтық әрекеті туралы толық ақпаратты алғаннан кейін есірткіге қарсы полицейлер кешенді операция өткізу туралы шешім қабылдады. Осылайша Маңғыстау облысы Ақтау қаласының есірткі бизнесіне қарсы күрес қызметкерлері есірткі таратушы қылмыстық топтың жолын кесті.

Алдын-ала әзірленген жедел-тергеу іс-қимыл жоспары бойынша есірткі бизнесіне қарсы, ұйымдасқан қылмысқа қарсы және тергеу қызметкерлерінің бірлесі жүргізген жедел операциясы барысында Ақтау қаласында тұратын күдіктілердің тұрғылықты мекен жайына және оларға тиесілі автокөліктерге жаппай тінту жүргізілді. Осы шара кезінде қаланың 43-жастағы тұрғыны 2 келі героинді өткізу үшін 21 орамаға дайындап қойғаны, оған қоса өзінің құрбысынан тағы да 180 мың теңгеге 4 грамм «ауыр» есірткіні сатып алғаны анықталды. Сондай-ақ, жедел уәкілдердің тұрғылықты жері бойынша одан әрі іс-қимыл жүргізу барысында 38 жастағы есірткі өткізуші ұсталды, одан 1,5 млн теңге, 12 мың АҚШ доллары және 24 грамм героин, сондай-ақ есірткі өлшейтін электронды таразы тәркіленді. Көп ұзамай қылмыстық топтың үшінші мүшесі анықталды, оның автокөлігінен полицейлер салмағы 2 грамм болатын 9 орама героин тәркіледі.

Тергу барысында плицейлер қылмыстық топтың фигуранттары қатаң иерархияны ұстанғанын және кімнің қандай жұмысты атқаратыны бойынша рөлдерді бөліп бергенін анықтады. Героинді өткізгені үшін ақшалай қаражаттарды қылмыстық топтың басшысына төлеп терминалдары арқылы карточкалық есептеріне аударып отырған. Ол есірткі жеткізушілермен астыртын байланыс жасап отырған. Қазір осы фактілерге қатысты қылмыстық істер қозғалып, есірткі таратушы қылмыстық топтың 3 мүшесі қамауға алынған. Есірткі бизнесіне қарсы күрес бөлімдерінің қызметкерлері есірткі құралдарының таралу арналарын анықтауға бағытталған қосымша жедел шараларды іске асыруда.

Ауыр наркотиктерді сатушылар Астана қаласынан да шықты. Астана қалалық ІІД Есірткі бизнесіне қарсы күрес басқармасының қызметкерлері «Рубеж» жедел-профилактикалық іс-шараны өткізу барысында Қарағанды қаласының тұрғынын ұстады, одан 6 грамм героин тәркіледі. Астана тұрғыны ірі көлемдегі героин партиясын өзінің жалдамалы пәтерінде сақтаған. «Оңтүстік-Шығыс» шағын ауданындағы  жалдамалы үйді тінту барысында 2 келі героин бар полиэтилендік пакетті және есірткі дозаларын өлшейтін электрондық таразы тәркіленді. Осылайша, астаналық есірткіге қарсы күрес полицейлері 2 мың дозаның заңсыз айналымға түсуінің жолын кесті.

Осы факт бойынша қылмыстық іс қозғалды. Астананың 24 жастағы тұрғыны қамауға алынды. Қазіргі уақытта героинді алу және тарату арналарын белгілеу бойынша жедел-іздестіру іс-шаралары жүргізілуде.

 

Қазақстан Республикасы ІІМ Есірткі бизнесіне қарсы күрес департаментінің мәліметінше, осы жылғы 10 айдың ішінде ішкі істер органдары есірткінің заңсыз айналымына қатысты 8591 қылмысты тіркеді. Есірткі сатудың 1774 фактісінің жолы кесілді. Заңсыз айналымнан 33 тонна есірткі құралдары, оның ішінде 129 келі героин тәркіленіп, есірткі бизнесімен айналысатын 6 ұйымдасқан қылмыстық топ жойылған екен. Есірткі контрабандасының 111 фактісі анықталып, жалпы сомасы 10 млн теңгенің есірткі кірістерін заңдастыру фактілері бойынша 3 қылмыстық іс қозғалған.