БҰҰ миссиясына қатысушы қазақстандық офицерлер бітімгершілік мақсаттағы жауынгерлерді қазақстандық полигонда даярлайтын болады. Жақында Қазақстан Республикасы Қарулы Күштеріне қарасты 61993 әскери бөлімінде бітімгершілік операцияларға арналған оқу-жаттығу орталығы құрылды. Аталған орталық қазақстандық бітімгершілік мақсаттағы батальон құрамындағы әскери қызметшілердің даярлығын жетілдіруге мүмкіндік береді, деп хабарлады Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметі.
Құрлық әскерлері әскери институтындағы «Бейбітшілік үшін серіктестік» оқу-жаттығу орталығында бітімгершілік мақсаттағы жауынгерлер тактикалық-теориялық білімдерін жетілдіреді, сонымен қатар тәжірибелік сабақтарды, іс жүзіндегі даярлықты осы
орталықтағы жауынгерлік полигонда өтетін толықтай мүмкіндіктер жасалған. Қазіргі кезде жабдықталып жатқан оқу орталығында тәжірибелі нұсқаушылар бөлімшелерді жан-жақты даярлықтан өткізе алады.
Қазіргі уақытта жасақтау мәселесі қаралуда. Жауынгерлерді оқытуға АҚШ пен Ұлыбританияда нұсқаушылар даярлығы курстарын бітірген Қазақстан Қарулы күштерінің әскери қызметшілері, сондай-ақ бейбітшілік пен қауіпсіздікті қолдау бойынша БҰҰ бітімгершілік миссиясына қатысуда нақты тәжірибесі бар офицерлерді тарту жоспарланып отыр.
Бітімгершілік іс-қимылы халықаралық міндеттемелерді орындауда, әскери-саяси ұстанымдардың, еліміздің әлемдік аренедағы мүддесі мен тұтастай беделінің алға басуында мемлекет үшін маңызды болып саналады. Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерінде осы мақсатта арнайы дайындықтан өткен қазақстандық бітімгершілік батальоны бар. Олар жыл сайын шет ел қарулы күштерінің өкілдерімен бірге «Дала қыраны», «Мызғымас бауырластық» және басқа да оқу-жаттығуларға қатысады. Бүгінгі күні жеке құрамның даярлығы халықаралық стандартқа сай. 2013 жылы НАТО сарапшылары жүргізген нәтижелер бойынша қазақстандық батальонға «НАТО-ға мүше елдер қарулы күштерінің бөлімшелерімен үйлеседі» деген баға берілді.
Қазақстан Қарулы күштері халықаралық жаттығуларда жақсы көрсеткіштерге ие болып, шетелдік әскерилердің арасында танымал болды. Халықаралық қарым-қатынастар да жақсарып келеді. Қазіргі кезде Қорғаныс министрілігінің делегациясы 14-ші рет өткізіліп отырған «Dubai Airshow 2015» халықаралық көрмесіне қатысуда. Бұл көрме Біріккен Араб Әмірліктерінің Үкіметі мен Қарулы Күштерінің қолдауымен Dubai World Central Aerotropolis аумағында өтіп жатыр. Дубайдағы «Dubai Airshow» халықаралық авиасалоны әлемдік азаматтық және әскери авиаөнеркәсібіндегі негізгі оқиғалардың бірі болып табылады. Көрме екі жылда бір рет өткізіледі. Кешеннің көрме алаңы 645 мың шаршы метрді құрайды.
Осы көрме шеңберінде Қазақстан Қорғаныс министрі Иманғали Тасмағамбетов Абу-Даби Әмірлігінің мұрагер ханзадасы, Біріккен Араб Әмірлігі Қарулы күштері бас қолбасшысының орынбасары шейх Мұхаммед бен Заид Әл Нахаянмен кездесті.
— Еліміздің арасындағы достастық қарым-қатынастың негізін Біріккен Араб Әмірліктерінің негізін қалаушы, Сіздердің әкелеріңіз және Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев орнатқан. Ол жыл сайын нығайып, нәтижелі әрі жемісті болуда, анағұрлым жоғары деңгейге шығып келеді. Сонымен қатар, аладғы уақытта бірлескен оқу-жаттығу мен тренингтер түрінде іске асырылуы мүмкін БАӘ-мен қорғаныс ынтымақтастығын дамытуға мүдделіміз. Келесі жылы халықаралық сайыстарды ұйымдастыруды жоспарлап отырмыз. Осыған байланысты, аталған іс-шараға мамандарыңызды қатысуға шақырамын, — деді Иманғали Тасмағамбетов құттықтау сөзінде.
Қазақстан қорғаныс ведомствосының басшысы алдағы уақытта Астанада өтетін «KADEX – 2016» қару-жарақ, әскери техника және әскери-техникалық мүлік халықаралық көрмесі тақырыбын қозғап өтті.
— Мүмкіндікті пайдалана отырып және мемлекеттеріміздің арасындағы әскери ынтымақтастықты дамыту мақсатында Сіздерді және сіздердің қорғаныс-өнеркәсібі кешені компанияларыңызды осы көрмеге қатысуға шақырамын. Қару-жарақ пен әскери техника саласындағы Біріккен Араб Әмірліктерінің тың жаңалығы Астанадағы павильондар көрмесін ажарландыра түседі деген үміттемін, — деді министр.