АЛТЫНОРДА
Новости Казахстана

ОҚО ӘКІМІНЕ ШЫМКЕНТТІҢ БЕС ЖЫЛДЫҚ ДАМУ ТҰЖЫРЫМДАМАСЫ ТАНЫСТЫРЫЛДЫ

image_55ОҚО әкімдігінде өңір әкімі Б.Атамқұловқа қала әкімі Ғ.Әбдірахымов Шымкент қаласының 2016-2020 жылдарға арналған даму тұжырымдамасының жобасын таныстырды. Шаһардың бес жылдық даму жоспарындағы басты тапсырмалар мен мегаполистің тыныс-тіршілігіндегі барлық мәселелерді қамтитын құжатта тұрғын үй-коммуналдық мәселелері, білім мен мәдениет, денсаулық сақтау және қауіпсіздік, қала құрылысы мен сәулеті, кәсіпкерлік сынды бірқатар салалар да қарастырылған. Тұжырымдамада қаладағы инфрақұрылымды дамытуға басты назар аударылған. Мәселен, Шымкентке кейіннен қосылған аудандарда бес су тазарту құрылысы салынып, қаладағы «Бадам» мен «Қошқар Ата» су тоғандарына ағатын кәріз сулары тоқтатылатын болады. Мұнан бөлек, автомобиль жолдарындағы көлік кептелістерін азайту үшін бес жол айрығын салу ұсынылып отыр. Маңызды мәселелердің қатарына қала халқын таза ауыз сумен қамту, кәріз жүйелерін реттеу, газ, жылу және электрмен жабдықтау кіреді. «Ақылды қала» жобасы бойынша дамитын Шымкент шаһарында шағын және орта кәсіп дамып, қалаға инвесторлар мен туристерді тарту бойынша жұмыстар жүргізілмек. Қала басшылығының жоспарында жаңа заманауи іскерлік және тұрғын үй «Shymkent City» ауданын құру да бар. Тұжырымдамада жолаушыларға сапалы қызмет көрсету үшін қаладағы автобус паркін жаңарту мәселесі де қаралған. Сонымен қатар, қала мектептеріндегі жүйені өзгерту, атап айтсақ, мектеп директорларын конкурс нәтижесінде тағайындау, қамқорлық кеңесін құрып, балалардың сабаққа қатысуы мен үлгерімін қадағалау үшін ата-аналарды заманауи электронды бақылау жүйесімен қамтамасыз ету де кіреді. Таныстырылған тұжырымдамаға облыс әкімі жоғары баға беріп, кейбір мәселелерге толықтырулар енгізу керегін жеткізді. Облыс басшысы, ең алдымен, қалалардың дамуындағы әлемдік тәжірибенің толық зерттелмегеніне мән беріп, әлемдік экономикалық форум (ӘЭФ) мен «Doing Businessтің» ғаламдық рейтингін ескеруді айтты. Бұл зерттеу Қазақстанның бәсекеге қабілетті 30 елдің қатарына кіруіне септігін тигізеді деді Б.Атамқұлов. Сондай ақ, аймақ басшысы құжатта жеке тұрғын үйлерді салуды дамыту жоспар кешенінің жоқтығын алға тартты. Шаһардағы жеке тұрғын үйлердің мәселесіне көңіл бөлінбесе, ол қаланың даму жоспарына кедергісін тигізетінін жеткізді. Б.Атамқұлов қалада тұрғын-үй коммуналдық мәселелері заман талабына сай шешілуі тиіс екеніне назар аударды. Сонымен қатар, жиында қаланы электрмен жабдықтау, экологиялық жағдайды жақсарту мен «жасыл» экономиканы дамыту жәйі де сөз болды. Шымкенттің дамыған қалалардың қатарына кіруі үшін шаһардағы тұрғын үйлердің шатырына күн көзінен қуат алатын аккумуляторлар орнатылып, велосипед инфрақұрылымын дамыту, сонымен қатар, электр жарығын үнемдеуші шамдардың күнделікті тұрмыста пайдаланылуы керектігі айтылды. Аса назар аударатын проблемалардың бірі елдегі жұмыссыздық. Бұл мәселені шешу үшін облыс әкімі ТМД елдеріндегі қалалардың даму тарихын зерттеу керегін ескертті. Б.Атамқұлов Шымкент қаласының жетекшілігі алдағы бес жылдықты ғана емес, болашақ ұрпаққа аманат қаланың алдағы 20-30 жылдық жоспары құрылуы керегін сөз етті. Келешек үшінші мегаполисті дамытуға арналған тағы бір бағыт – осы істерге қала тұрғындарын да тарту мәселесі. Қаланың барлық талаптарға сай болып дамуы үшін жергілікті халық та бұған жауапкершілікпен және түсіністікпен қарап, оған бұқараны жұмылдыру әдіс-тәсілдері ұйымдастырылуы шарт. Айта өткен жөн, Шымкенттің үшінші қалаға айналуына Елбасының өзі айрықша назар аударып отыр.

ОҚО әкімінің баспасөз қызметі