Теңге еркін айналымға жіберілгелі екі ай өтті. Халықтың девальвацияға қатысты алғашқы қобалжуы басылған сияқты. Дегенмен, күнде құбылған теңге бағамы, әзірге бір байлам жасауға мүмкіндік берер емес. Девальвация, дедолларизация және ортақ валюта туралы саясаттанушы Расул Жұмалының өзіндік пікірлерін оқырмандарымыздың назарларына ұсынғанды жөн көріп отырмыз.
«ДОЛЛАР БАҒАМЫ – 300-350 ТЕҢГЕГЕ ЖЕТУІ КЕРЕК»
– Расул мырза, тамыз айының 17-сінен бастап Қазақстан Ұлттық банкі теңгені бақылаудан шығарып, еркін айналымға жіберді. Көптеген экономистердің пікіріне құлақ ассақ, бұл біздің экономикамыз үшін аса тиімді көрінеді. Сіз бұл тұжырыммен келісесіз бе?
– «Тиімді» деген тұжырыммен өз басым келіспеймін. Әрине, белгілі бір дәрежеде кейбір бизнес өкілдері, экспортқа тауарларын шығаратын, мұнай, металл, газ сатушы бизнес өкілдері бұдан біраз пайда тапты. Демек, теңгені девальвацияға жіберуден пайда тапқан халықтың тек азын-аулақ бөлігі ғана. Қалған жұрт, оның ішінде орта және шағын бизнес, бюджеттік сала, шағын кәсіпорындар, халықтың аз қамтылған әлеуметтік тобы – бәрі бұдан тек зиян шегуде. Дегенмен, бұл қадамға жетіскеннен бармағанымыз тағы белгілі. Өйткені біздің экономикамыз – мұнай мен газдың сырттағы бағасына тәуелді. Жалпы экономиканың балама көздерін дамыту, диверсификация жасау, шикізатқа тәуелділіктен құтылу жайлы тәуелсіздік алғалы 24 жыл көлемінде жыл сайын әңгіме көтеріп келдік. Алайда бұның бәрі сөз жүзінде қалды да, оған нақты қадам жасалмады. Демек, девальвацияға ең басты себеп осы болып отыр. Екіншіден, көршілес жатқан Қытай мен Ресейдің экономикалық жағдайының әлсіреуі бізге де оң ықпалын тигізіп отырған жоқ. Әсіресе, Ресейдегі қазіргі экономикалық дағдарыс бізге бірден әсер етеді. Өйткені ол біздің ең ірі сауда әріптесіміз, екіншіден, көршілес жатқан ең ірі экономика, үшіншіден – Кедендік одақ, Еуразиялық экономикалық одақ секілді интеграциялық құрылымдар арқылы, еліміздің көптеген стратегиялық объектілерін Ресей компанияларына беріп қойдық. Экономикалық тұрғыдан Ресеймен арадағы шекарамыздың ашық болуы да, бірден біздің экономикамызға әсер етеді. Ал соңғы 2 жыл көлемінде Ресейдің экономикасы құлдыраумен келеді. Оған әсер ететін фактор – мұнай бағасының төмендеуі және рубльдің екі есеге дейін құлдырауы, экономикалық дамуының бәсеңдеуі, капиталдың қашуы, өмір сүру деңгейінің төмендеуі, оған қоса, Украинадағы саяси толқулардың әсерінен салынып жатқан халықаралық санкциялар, жығылғанға жұдырық болып тиді. Ресейде рубль құнының арзандауына байланысты ондағы тауарлардың бәсекеге қабілеттілігі екі есеге дейін артты. Біздің тауарлар жолда қалды. Сол себепті де, осы девальвацияны 1-1,5 жыл баяу жүргізу керек еді. Бұл менің емес, экономистеріміз бен сарапшыларымыздың тұжырымы. Алайда біздің шешім қабылдайтын органдар, Үкімет, Қаржы министрлігі, Ұлттық банк бұған назар аударған жоқ. Бұл өте қылдай нәзік мәселе. Егер, девальвация жасайтын болсақ, халық бұған наразылық танытуы мүмкін, оның үстіне кейбір саяси науқан өтті, сөйтіп доллар құнын қолдан ұстап отыруды жөн деді. Меніңше, бұл ұстаным өзін-өзі ақтамады. Соңғы 1 жылдың ішінде теңге бағамын ұстап тұру үшін біздің қазынадан 28 миллиард доллар жұмсалған. Оның басым бөлігі Ресейге кетті. Өйткені біздің азаматтар қолындағы долларына Ресейден арзан тауарлар, жылжымайтын мүлік, машина, т.б. сатып алды. 28 миллиард доллар дегеніміз – Қарағанды қаласының толықтай құны.
– Үкімет теңге девальвациясынан кейін елдегі азық-түлік бағамының өсуін қадағалауды қолға алды. Лауазымды тұлғалар базар аралады, бірақ бәрібір баға өсті. Қалай ойлайсыз, Үкімет бағаны қаншалықты ұстап тұра алады?
– Қазір нарықтағы азық-түліктің немесе киім-кешектің тым шарықтап кетпегендігін байқаймыз. Оның бірден бір себебі, доллар көтерілгенге дейін сатылып алынған, қордағы тауарлар. Әзірге саудагерлер сол ескі бағамен сатуды жөн санауда. Бұл қор сарқылғаннан кейін, бұл баға да көтеріледі. Өйткені біз тұтынатын азық-түліктің – 50 пайызын, киім-кешектің, машина-станок, техниканың – 100 пайызын шетелден аламыз. Яғни, оның бәрін доллармен сатып аламыз. Демек бағаның өсуі – әлі алда. Қазір доллардың теңгеге шаққандағы құны, шамамен – 270-275 болып тұр.
– Доллар бағамы осымен тұрақтай ма?
– Жоқ, бұнымен тұрақтамайды. Өйткені билік теңгені еркін айналымға жібергенде, валюталық таргетирование жасайтындығын айтқан. Яғни, бұдан былай доллар бағамының теңгеге шаққандағы құнын билік емес, нарықтың өзі реттейтін болады. Рас, дамыған мемлекеттерде доллардың құнын нарық өзі реттейді, оған дау жоқ. Бірақ, ол мемлекеттерде әлеуметтік қамсыздандыру, экономикалық тұрақтылық мәселесі үнемі ескеріледі. Қазақстан теңгесі айналымға енген 22 жылда 70 есеге дейін құнсызданды. Теңге жаңадан айналымға енгендегі доллардың бағамы 1 теңгеге шаққанда 4,5 теңге болған, бүгін ол – 270-275 теңгеге жетті. Алайда теңгені еркін айналымға жібереміз деген мәлімдемелеріне қарамастан, қазір ұлттық валютаға интервенция жасалып отыр. Доллардың құнын осы деңгейде ұстап отыру үшін 1,5 миллиард доллар кетті. Егер олай етпегенде, теңгенің долларға шаққандағы бағамы – 300 теңгеден асып кетер еді. Яғни, Ұлттық банк өз мәлімдемесіне өзі қайшы әрекетке баруда. Бұның өзі Ұлттық банктің іс-әрекетін түсінбейтіндей деңгейге жеткізіп отыр. Теңгенің сатып алу қабілеті, басқа валюталарға қарағандағы құнын ескере келіп, экономистер мен сарапшылар оның құны 350-370 теңге болуы керек деп есептейді. Өйткені әлемдік экономикалық дағдарыс басталғанға дейін, рубльдің теңгеге шаққандағы құны – 4,5-5 теңге болса, қазір 270-275 болып тұрған күннің өзінде, 3,5-4 теңгенің көлемінде болып тұр. Сондықтан, доллар бағамы бұнымен тұрақтамайды. Қазір елдің қазынасынан долларды жұмсау арқылы, оны күшпен ұстап тұр. Алайда бұл өзгенің емес біздің қалтамыздан шығып жатқанын ұмытпау керек. Демек, экономикалық заңдылықтар өз дегенін жасамай қоймайды, доллар бағамы жақын күндерде – 340-350-ге жетуі тиіс.
«ТЕҢГЕ ДЕВАЛЬВАЦИЯСЫН РЕСЕЙМЕН БІРГЕ ЖҮРГІЗУ КЕРЕК ЕДІ»
– Доллар бағамының аяқасты көтерілуі жұртты біраз есеңгіретіп кетті. Сіздің ойыңызша, қазіргі дағдарыс кезеңінде мәселені қалай реттеген жөн еді?
– Әрине, Ұлттық банкінің бұл қадамы құптарлық іс емес. Керісінше, Ресейде доллар құлдырай бастаған кезде, теңгені де біртіндеп девальвация жасаған жөн болатын. Тіпті, бүгінгідей шешім қабылдаған күннің өзінде әуелі халықтың әлеуметтік деңгейі төмен қабатына көмек қолын созуы керек еді. Долларды ұстап тұру үшін 28 миллиард доллар жұмсады дедік қой. Сол қаржыны керісінше, әлеуметтік түйткілдерді шешуге жұмсағанда, ол өзін өзі әлдеқайда ақтаған болар еді. Яғни, қоғамның кедей топтарының – мұғалімдердің, дәрігерлердің, инженерлердің, тағы да басқа бюджеттік қызметтегілердің жалақысын 100-150 пайызға көтеру керек болатын. Өйткені Конституция бойынша біздің мемлекет – әлеуметтік мемлекет. Біздің негізгі міндетіміз әлеуметтің аз қамтылған топтарына көмек қолын созу. Ал мына солақай девальвацияның салдарынан, байлар байыған үстіне байи түсті, кедейлер кедейленген үстіне кедейлене түсті.
– Айлықты алдағы жылдан бастап көтереміз деген мәлімдеме айтылып жатыр ғой…
– Алайда бұл пайызды девальвация қазірдің өзінде жеп қойды. Бұған дейін, айталық, 500 доллар алып келген адамның жалақысы қазір 300 долларға дейін құлдырады. Енді оған жиырма пайыз қосқан күннің өзінде 320-340 доллардың көлемінде ғана болмақ. Демек, одан ешқандай келіп-кетер қайран жоқ.
– Өткенде Шанхай ынтымақтастығына мүше 6 мемлекет бірлесіп доллардан бас тарту туралы мәлімдеме жасады. Сіздіңше, бұл қаншалықты мүмкін?
– Бұл жақын арада жүзеге асады деп ойламаймын. Бүгінгі әлемдік қаржының басым көпшілігі долларға тәуелді. Одан кейін басқа да резервтік валюталар – еуро мен юаньға тәуелді болуы мүмкін. Бірақ қазіргі экономиканың негізгі жүйесі доллар арқылы айналады. Бұл екінші дүниежүзілік соғыстан кейін қалыптасқан жағдай. Алайда бұл жақсы жағдай емес. Бірақ оның орнына балама валюта енгізу, әзірше, ешкімнің қолынан келмей отыр. Доллардың тұрақты валюта болуына тек АҚШ қана емес, алтын-валюта қорының басым бөлігін доллармен сақтап отырған Қазақстан, Қытай секілді мемлекеттердің барлығы мүдделі. АҚШ долларының ең ірі қарызын ұстаушы – Қытай. Ресейдің де долларға тәуелділігі – Қазақстандағыдай болмаса да, біршама. Және әлемдегі мемлекеттердің өзара саудасы экономикасы қуатты, тұрақтылығы біршама жоғары АҚШ долларымен жасалады. Тиісінше, барлық транзакция Америка банкі арқылы жүргізіледі. Америка осы доллар айналымынан-ақ қыруар қаржы тауып отыр. Демек, жоғарыдағы алты мемлекеттің мәлімдемесі тек мәлімдеме ретінде ғана қалады. Неге? Өйткені оған балама экономика әлі жоқ. Қытай валютасы біршама тұрақты валютаның біріне айнала бастаған еді. Соңғы кезде онда да экономикалық қиындықтар басталды. Соңғы бір-екі айда юань екі рет құнсызданды. Демек онда да рецессия басталды. Осындай жағдайда оп-оңай доллардан бас тарту мүмкін емес. Өйткені ол әлемдік валютаға айналды. Бұл Американың таңдауы емес. Нарық заңдылықтарының шешімі.
«Ресей ортақ дегенді өзімдікі деп түсінеді»
– Доллардан бас тарту туралы әңгімемен бірге Еуразиялық экономикалық одақтың ортақ валютасы туралы әңгіме шыға бастады. Әсіресе, Еуразиялық экономикалық одақты қолдаушы сарапшылардың басым көпшілігі – енді бізге ортақ валютаға көшуден өзге амал қалмады дегенді қайта-қайта айта бастады. Бұл мүмкін бе?
– Біріншіден, кез келген мемлекеттің тәуелсіз, дербес екендігін танытатын бірнеше белгісі бар. Соның басты және негізгі белгісі – ұлттық валютасы. Өзінің ұлттық валютасы жоқ мемлекет толыққанды тәуелсіз мемлекет бола алмайды. Теңгеден айрылу – Қазақстанды экономикалық қаржылық дербестігінен айыруға әкеп соғады. Экономикасы мен қаржы секторына қожалық ете алмай отырған мемлекеттің қандай саяси егемендігі болады? Демек, бұның соңы мемлекеттік егемендіктен айрылуға әкеп соғады. Осыны біз жан-тәнімізбен сезінуіміз керек. Екіншіден, ортақ валюта Ресейдің баяғыдан бергі арманы. Кезінде, 1993 жылы Кеңес Одағы ыдырағаннан кейін Қазақстан рубль зонасынан ең соңғы болып шықты. Ол кезде Ресей Қазақстанды алдап, өзінің құнсызданған рублін беріп, сансыз тауарды алды. Бұл Қазақстанның саяси ерік-жігерінің әлсіздігін танытса керек. Тәуелсіздікті де одақтастардың соңғысы болып жарияладық. Енді біз сол кездегі қиын жағдайымызды ұмытып кеттік те, қайтадан сол қораға кіруге дайындала бастадық.
Әрине, Ресей бұның бәрін қос қолдап қолдайды. Әсіресе, Путин басқарып отырған қазіргі империялық пиғылдағы Ресейге бұл тиімді. Олар үшін Кедендік одақ, Еуразиялық экономикалық одақ, экономикалық интеграция дегендердің бәрі тек қана желеу. Олардың діттеген мақсаты біреу. Бұрынғы Кеңестер Одағын қалпына келтіру. Ол үшін осы интеграция түрлерін ұсына бастады. Олар тек қаржылық интеграцияны алға тартып отырған жоқ, сонымен бірге, ортақ Парламент жасақтау, ортақ ақпараттық кеңістік жасақтау, ортақ мәдени кеңістік қалыптастыру, т.т. Қазірдің өзінде Ресей Қазақстанның ақпарат кеңістігінің 80 пайызын бақылайды. Егер, ортақ ақпарат кеңістігін жасасақ, онда мүлдем өзіміздің ақпаратымыз болмауы мүмкін. Өйткені Ресей ортақ дегенді өзімдікі деп түсінеді. Мемлекеттік Думаның вице-спикері Матвиенко «Ортақ ақпараттық кеңістік дегеніміз, қазақ мектептеріне тарих оқулығын біздің мамандардың жазып беруімен жүзеге асады» деді. Ортақ валюта туралы да соны айтуымыз керек. Қазір оған әртүрлі атаулар ұсынып жүр ғой, «Алтын», «еураз» деген сияқты. Аты қалай аталса да, ол рубль болып қала бермек. Неге? Өйткені ақшаны басып шығаратын эмиссиялық орталық бәрібір Мәскеуде болады. Яғни, біз ішкі, сыртқы экономикалық саясаттан айрыламыз деген сөз. Тіпті, қазіргі теңгенің құнсыздануы, оған деген халық сенімінің төмендеуі де – қолдан жасалған арандату секілді көрінеді де тұрады. Бұл теңгеге деген халық сенімін азайту, бізге оның қажеті шамалы деген қоғамдық пікірді туындату үшін жасалып отырған сияқты. Осыдан бір жыл бұрын Еуразиялық экономикалық одақ құрылғанда, Путин ортақ валюта мәселесін де құптап жіберуді алға тартты. Сонда Назарбаев та, Лукашенко да бұған наразы болды. Арада бір ай өткеннен кейін, Путин бұл әңгімені қайта бастады. Кейін экономикалық дағдарыс жаппай белең алғанда да, Путин бұл әңгімеге айналып соқты. Біздің кейбір сарапшыларымыз да осындай әңгімелерді өрбітіп жүр. Бірақ, қайталап айтамын, ортақ валюта – егемендігімізден айырады.
– Бұл қаншалықты мүмкін?
– Мен толықтай жоққа шығара алмаймын. Өйткені осы тектес мәлімдеменің айтылғанына біраз уақыт болды. Алайда біздің билік тарапынан үзілді-кесілді «Ортақ валюта болмайды, қандай жағдай болса да өз теңгемізді сақтап қалатын боламыз» деген қарсылықты әлі естіген жоқпыз. Керісінше, жылдан жылға Ресейдің ығына жығылып барамыз. Әуелі Кедендік одаққа ендік, одан кейін Еуразиялық экономикалық одаққа ендік, енді сол Ресей рубліне тәуелділік артты. Долларды рубльмен тең дәрежеде ұстамаса экономикамыз құлдырайтын дәрежеге жеттік. Демек, алаңдауға негіз бар.
– Жұрт ортақ валюта туралы айтқанда, Еуроодақты және еуроны көлденең тартады. «28 ел өзара ортақ валютаны ұстап отыр ғой» дегендей…
– Енді ондағы жағдай мүлдем бөлек. Онда Еуроодаққа мүше барлық 28 ел емес еуро аймаққа 22 мемлекет енеді. Олар бұл қадамға ұзақ ойланып барып келді. 40 жыл бойы келісімшарттар жүзеге асты. Ең әуелі резервтік валюта жасады. Одан кейін экю деген валютасы болды. Ондағы жиырма мемлекеттің әр қайсысы бір-бір дауысқа ие. Ал бізде Еуразиялық одақта Ресей басым дауысқа ие де, басқасының үні құмығыңқы.
– Әңгімеңізге рахмет!
Әңгімелескен Есенгүл Кәпқызы