Франция астанасы Парижде бірнеше жерден жасалған терактіден 132 адам опат болып, 352 адам жараланған. Бір еске сала кететін жайт, террорлық шабуылдар қарашаның 13-і күні мұқым әлем жұртшылығын тіксінтті.Жарақат алған адамдардың 100-ден астамы ауыр халде жатқаны хабарланған еді.
Олардың аман-сау қалуы қазірдің өзінде неғайбіл болуда. Жарылыстарды ДАИШ террористік ұйымы мойнына алғаны белгілі. «Аяқасты жағдай бұлай неге өрбіді?» дегенге келетін болсақ, «Франция АҚШ құрған әскери коалицияға еніп, Сирия және Ирак жерінде әрекет етіп жатқан террорлық топтарға соның ішінде атышулы ДАИШ деп аталатын содырларды бомбалауды қолға алған. Әсіресе, қарашаның 11 күні Франция әскери ұшақтары ДАИШ тобы басып алып, қажетіне жаратып жатқан Сирия жеріндегі мұнай кенішін бомбалады. Бір таңғаларлық жайт, бұған дейін коалиция құрамындағы АҚШ бастаған елдер, не болмаса Ресей ұшақтары ДАИШ-тің қол астындағы дәл осы мұнай көздеріне соққы бермеген еді. Неге? Бұған жауап беру қиын. Дегенмен, ақпарат құралдары беттерінде ДАИШ осындағы мұнайды арзан бағаға Түркияға сатып келді. Сондай-ақ мұны Сирия үкіметі де тікелей болмаса да ара- ағайындар арқылы сатып алып отырды. Өйткені мұнай кеніштерінен қара алтынды тиеген жүк көліктері тек Түркияға қарай ғана емес, Дамаск бағытына да жүздеп ағылып жатты. Өйткені Дамаск үшін мұнай өте қажет еді. Негізгі мұнай кеніштерін террорлық топтар басып алған соң, Сирия жанар-жағармай тапшылығын қатты сезіне бастаған. Амалсыз ортадағы делдал топтар арқылы лаңкестерден мұнай-бензин сатып алып келген. Өйткені аурухана, мекемелер тіпті танк, әскери ұшақ, бронды машиналар үшін де Сирия үкіметіне мұнай аса қажет еді. Дәл осы кезде Франция мұнай бұрғыларын бомбалады. Бұл осы мұнайға тәуелді болып отырған барлық топтарға жақпады. Әсіресе, қара алтыннан көл-көсір пайда көріп отырған ДАИШ үшін үлкен соққы еді. Осыған жауап ретінде содырлар Франциядан кек алу жоспарын жасап, оны жүзеге асырды» деседі сарапшылар. Мүмкін. «Батаклан» театрындағы қанды қырғында «Сирия үшін» деп айқайлаған көрінеді содырлар. Қазір террорлық шабуылдарды жасады деген күдіктілер мен олардың серіктері іздестіріліп, кейбірі ұсталды. Франция астанасындағы бейбіт адамдарға жасалған бұл жойқын шабуылдың ендігі салдары қандай болмақ? Таяу Шығыс, өзге де дамушы елдер азаматтарының Еуропаға кіруі, тұруы қиындауы мүмкін бе? Мүмкін. Тіпті алдағы жылы осы елде өтетін футболдан Еуропа чемпионаты өтпей қалуы да мүмкін деп болжам жасап жатқандар көп. Өйткені футбол бір қала емес, ондаған қалада өтетін болғандықтан Франция бәрінің бірдей қауіпсіздігін қамтамасыз ете алмауы мүмкін деседі айтқыштар. Мәселен, былтыр Ресейдің Сочи қаласында өткен қысқы олимпиаданы 100 мың полицей мен қауіпсіздік қызметкерлері күзеткен. Ал Франция осындай әлеуетке ие ме? Белгісіз. Лаңкестер шабуылынан қаза тапқандар арасында 12 мемлекет – Бельгия, Германия, Испания, Португалия, Румыния, Ұлыбритания, Тунис, Чили, Алжир, Марокко, Мексика, АҚШ және Италияның кемінде 20 азаматы бар. Әзірге дейін терактілер жасап, оққа ұшқан үш терроршының аты-жөні анықталды.
Темірлан БАЯЗИТ
http://aikyn.kz/