АЛТЫНОРДА
Новости Казахстана

САХНА ӨНЕРІНІҢ БӘЙТЕРЕГІ

2318._.1._.215Асқар Тоқпановтың туғанына 100 жылАсқар Тоқпанов – театр өнері әлеміндегі құбылыс. Олай деуге ха­қы­мыз бар. Өйткені Асқар – режиссер­дің ешкімге ұқсамайтын қолтаңбасы, Асқар – педагогтың ешкімге ұқсамай­тын әдістемесі, Асқар – қазақтың еш­кімге ұқсамайтын мінез-құлқы болға­нынан көпшілік хабардар. Асқар Тоқпанов бақытты кісі болған. Жетім өсіп, жоқшы­лықты көп көргенімен, өмір жолында да, өнер жолында да жақсы жандарға жолық­қан. Мықты ортада білім алған. Шаласа­-уат­ты жігіттің на­мысқа тырысып, Мәскеу асып білім алуы тек намысты ердің қолынан ғана келеді. Өз естеліктерінде жазғандай, ештеңеден тайсалмай, мемлекет қай­раткері Темірбек Жүргеновтен бастап театрдың үл­кен тұлғасы Жұмат Ша­ниннің, профессор Құдайберген Жұ­бановтың, одан қалса, Луначарский атындағы ГИТИС директоры Анна Фур­мановалардың қамқорлығына се­німмен кіруі кез келген жігіттің қолы­нан келе бермейді. Ол дегеніміз – «білемін, білгім келеді, үйренемін, үй­ренгім келеді» деген үлкен мақсат­тан туған батылдық кө­рінісі. 
Асқар ағамыздың өмірлік кре­до­сында Абай тағылымы тұрғаны айқын. Алла сәтін салып алғашқы жұмысы Мұх­тар Әуезов пен Леонид Соболев жазған «Абай» траге­диясы болуы да кездейсоқ емес. Тоқпанов та жазыл­ғанды артистерге ойната салмай, Абай әлемін шолып, ізденіп, тіпті ауылына дейін барып, дана болмысымен де, ақын өскен дала тынысымен де танысып қайтуы – нағыз ізденіс. Абай бейнесін жасаған Қалибек Қуанышбаевтың көп­ке дейін өзі­нен шыға алмай қалғаны, сөзі де, қимылы да Абай болғанымен, бір кілтипанның бол­ғаны, соны әрлеу (грим) арқылы дана Абай деңгейіне жеткізе алғанын оқып отырып, әрі таң қаласың, әрі өнерге деген шынайы жа­на­шырлықты көресің. М.Әуезов сынды ғұлама адамның ойынан шығу әрі өз өмірін Абайды дәріптеуге арнаған адамның мақ­сатын жеткізу режиссер­-лік шешімді қажет еткені сөзсіз ғой. Алғашқы, тырнақалды жұмысы бола тұра Асқар Тоқпанов дәл осы «Абай» трагедиясын тамаша қойған деседі көр­гендер. Ол туралы өзі: «Абайды қою үшін көп ізденуге тура келді. Абайдың өзі­нің төл шығармаларын – өлеңдерін, қара сөздерін, дастандарын ұқыпты түрде оқып, талдап, түсіндіру керек болды. Демек, ұлы ақын, ойшыл дана­ның шығармашылық жол­дарына үңіл­мей, мол бұлағынан сусын­дамай, Абай­дың өзін түсіну мүмкін емес-ті. 
Театр сахнасы – өмірдің бір белесін бір-ақ мезетте танытатын, көрерменге көр­сететін алаң. Аядай сахнадан көне тарих­-тан бастап өткен заманның әрі бүгінгі дәуірдің әдет-ғұрып, сән-сал­та­натын түрлі әрекеттер арқылы 3 сағат ішінде қарап, зер­делейсің. Жақсылық пен жамандық, махаб­бат пен жиірке­ніш, асыл мен жасықтың те­кетіресін байқап, бағамдайсың. Театр шығарма­-сы – спектакль десек, ал оның өзегі – драматургия. Драматургтың шығар­масы жанрын (драма ма, трагедия ма, ко­ме­дия ма) анықтап, сырына бойлап, сол арада көрсетілген өмірді дәл тауып, адам­дардың (бейнелердің) қарым-қатынасын ажыратып көрсете білу – режиссер алдын­дағы міндет. Осы жұ­мыстың басы-қасында болып, ұйымдастырушы, жетекші рөлін атқаратын әрі спектакль жасауға қатыса­тын көп­теген мамандардың (актер, компо­зитор, дыбыс режиссері, гример, суфлер, жа­рық беруші және т.б.) басын қосып, бағыт беріп әрі басты ұйытқы болатын жан – режиссер. Асқар Тоқпанов қазақ театр сахнасында тұңғыш кәсіби ре­жиссер болды. Өзі режиссер ретінде 70-тен астам спектакль қойыпты. Олар­дың арасында көрермен көзайымына айналған М.Әуезов пен Л.Соболевтің «Абай» трагедиясынан басқа Ғ.Мүсі­реповтың – «Ақан Сері – Ақ­тоқты», Н.Гогольдің – «Ревизор», А.Че­ховтың – «Шағала», Г.Ибсеннің – «Нора», Ғ.Мүсіреповтың – «Қозы Көрпеш – Баян Сұлу», Шиллердің – «Зұлымдық пен ма­хаббат», Н.Островскийдың – «Жазықсыз жазықтылар», Ғ.Мүсіре­повтың – «Аман­гелді», М.Әуезовтың «Қаракөз» сынды спектакльдері бар. 
Негізінде, шығармашылық адамын­да талантына сай мінез болу керек. Бол­ғанда да, мықты, тайсалмайтын қайсар мінез болу қажет. Мінезді адам ретінде Асқар ағамыз спектакль жарыққа шық­қанша да, сахнада жүріп жатқан кездің өзінде де өзі режиссер ретінде тыным таппаса, актер­лерге де рөлін шыға­руында тыныштық бермейтіндігін көп кәнігі актерлардың ауыздарынан ес­ті­дік. Ол жай әңгіме емес, ол – өнерге жанашырлық, қала берсе, жан­кештілік. Жанын жеп жұмыс жасамаса өнер ту­майтынын паш ету. Әрі өзі тас жетім болып, жалшылық күй кешкенімен, ізде­ніп, талаптанып, қыруар әдебиет маржан­дарын сіміріп, үйреніп, жанын қинап жұмыс жасаған соң, өзгелердің жайбарақат күйіне кіжінген де болар? «Қайран менің қазағым…» деген Абай дананың пәлса­фа­сын есінен шығар­маған кісі емес пе?!
Режиссер болған кісі өзі де мықты актер бола білуі керек. Шынтуайтына келгенде, Асқар Тоқпанов В.Ленин, Әлішер Науаи, Ыбырай Алтынсарин сынды характерлі бей­нелерді сомдаған. «Өзі өмірде де әдемі киініп, сыланып, ерекше жүрген жан. Ол Сәкен Сей­фуллиннің сұлу келбетіне елік­теп, солай жүріп, сол кісі сынды тап-таза, жара­сымды киімдер киюге тырысатын» дей­ді көп замандастары. Сұлулықты ерек­ше қадірлейтін кісі болған. Ол жайында Қа­зақстанның халық артисі, профессор Маман Байсеркенов былай дейді: «Асе­кеңнің бір қыры – серілік. Сұлу сөйлеп, сұлу киінгенді ұнататын, әсемдік пен әде­мі­л­ікке жаны құштар адам еді. Жей­десінің жең ұшына гауһар тастан түйме қадап, білегіне жақұт шынжырлы жарқ-жұрқ ет­кен саф алтыннан сағат тағып, көшеге сыймай маң-маң басып жүретін кездері көз алдымызда. Саусақтарына Алтайдың ал­қызыл алтынынан қақтал­ған жүзіктерді самсата тағып, француз әтірінің хош иісіне бөленіп, күміспен бедерленген кавказ тая­ғын алшысынан тастап алшаңдап басып келе жататын. Біріне бірі ұқсамайтын екі-үш таяғы болушы еді. Киген киіміне қарай таяғын жиі ауыстыратын. Бір қызығы, Асе­кеңнің табиғаты ерекше жаратылған адам­дарға еліктейтін ерме мінезі бол­ғанын бі­леміз. Күміс таяғы күнге шағы­лысып, жар­қырата киім киіп Сәкен Сей­фуллин аға­мызға еліктесе, түсін суы­тып, мұртын едірейтіп, батыр аға­мыз Бауыржан Мо­мышұлына еліктеу­-
ге тырысатын».
Рөлдерді сомдағанда да әрқайсы­сына характер беріп, болмысын ашып, көрермен жетесіне жеткізе алатын. Сах­на педаго­ги­касының негізін салған­дар­дың алғы ше­бінде жүрген Асқар Тоқпа­нов актер өнері туралы шәкірттерінің бойына сіңетіндей етіп айта алатын. Театр өнері, жалпы сахна өнері педа­гогикасының негізін салушы­лардың ал­ғашқы толқынында болған кісі­ге шәкірт тәрбиелеу бір жағынан оңай болса да, екінші жағынан өте жауапты іс болатын. Сондай ауыр қызметті атқа­руға құлшына жүріп ұстаздық еткен кісі. Ол кісіден дәріс алып, өмір мен өнер мектебін қоса бітіргендер арасында мүйізі қарағай­дай қазақ ұлдары мен қыздары бар. Атап айтсақ, ол кісінің шәкірттері арасында 4 – КСРО халық артисі, 10 – Қазақ КСР халық артисі, 19 – Қазақ КСР-дың еңбек сіңірген артисі, бірнеше Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері бар. Респуб­ли­кадағы бірнеше театрдың бас режис­серлері де осы кісіден білімді де, тә­жі­рибені де игерген. Осының өзінен Асқар Тоқпа­нов­­тың қазақ сахна өнеріне қос­қан өлшеу­сіз еңбегінің көрінісін бай­қау­ға болады.
Жалпы, әр мамандықтың түп қазығы бар. Негізсіз дәрігер, мақсатсыз ин­же­нер, ізденіссіз тарихшы болмайды. Сон­дай-ақ актердің де өзіне тән мамандық негізі бар. Актер ойнайтын рөлін терең зерттемей, се­зінбей, түйсінбей шы­найы маман бола ал­майды. Сол сияқты ре­жиссер де тақырдан пайда болмайды. Асқар Тоқпановтың өзі де: «Режиссер әрқашанда актерлерден бі­лімі жағынан биік болуы шарт. Әйтпесе, актердің ауқымынан аса алмайды. Ол та­рих­ты, әдебиетті, философияны, театр та­­ри­хын жетік білетін, жан-жақты бі­лімдар, со­ны­мен қатар драматургияның теория­лық заңдарынан, театрға қатысты өнер­дің барлық салаларынан хабардар әрі эсте­ти­калық талап-талғамы жоғары, мәдениетті жан болуға тиіс», – деп жа­зады. Режиссер үшін ең басты міндет – актерлармен жұмыс жасай білу. Әр актердің жеке болмысын, ерек­шелігін, оның шығармашылық мүм­кіндігін кө­ріп, тану көрегендікті талап етеді. Ак­терлермен тіл табыса отырып үй­ре­тумен қоса, олардан да үйреніп, қоян-қол­тық жұмыс жүргізбесе нәти­желі іс ту­майды. Режиссердің мақсатын актер жете түсі­ніп, өз ақылымен ұғып, жан дүниесімен сезіне рөлді алып шық­са жақсы. 
Асқар Тоқпанов – сахна өнері әлеміне тың жаңалықтарды әкелген кісі. Бірақ ең­бегінің көбі көрініп, жұртқа елене бер­ме­генінің себебі мінезінің шайпаулығынан болса керек. Бет қа­ратпайтын бірбеткей, «бетің бар, жүзің бар» демейтін шыншыл болып өмір сүргісі келсе керек. Бірақ ол еркелігін кім көтереді? Кімге керек? Қа­зақта «Турасын айтқан – туғанына жақ­пай­ды» деген бар. Әрі әр шындықтың екі жағы болады емес пе? Белгілі режиссер Болат Атабаев былай баяндайды: «Мені қасына шақырып алды. Басында тү­сін­бей жүрдім. Кейін келе ұққаным – Ас­қар аға қалыпқа сыймаған, бір по-­шымда тұр­маған, қарама-қайшылықты кесек тұлға. Өмірінің соңғы 10-15 күнін­де ылғи кешірім сұрап жатты. Хади­ша­дан, Шолпаннан ке­шірім сұра деді, мен театрда жоспарлаудан соң апайлардан кешірім сұрап жүрдім. Маған қайта-қайта айта беретіні – «мен де сен сияқты шыдамсыз болдым, менің кем­ші­лігімді қайталама» дейтін. Жатып алып түрлі әңгімелерді естиді ғой, шамасы. Ол кісі мен үшін мәңгі тірі – өзі де, сөзі де, көз­қарасы да, пікірталасы да». 
Сахна өнерінің бәйтерегі Асқар Тоқ­панов – актер, режиссер һәм педагог. Оның осы қырлары көпшілікке ұғы­нықты әрі жақын болды. Ол қойған спек­такльдерге қызығушылық ерекше болды. Өйткені ол кісінің уақыты «жеті адам қарауға, жетпіс адам сынауға» келетін кез еді. Соған қа­ра­мастан, жас режиссерлерді шыңдап, қа­тарға қосуда аянбай, жанашырлықпен ерен ең­бек етті. Оларға заманына сай режиссура­ның қалыптасуы ғана емес, өсуінің бағы­тын көрсетіп, актерлік ойын ше­берлігінің қыр-сырын үйретуден жа­лыққан жоқ. Ке­рек кезінде қатты ұрысты да, зекіді де, тіп­ті таяғы тиген мезеттер де болыпты. Өйт­кені өз бала­ларының тәрбиесіне қара­ғанда, шә­кірттерінің болашақ өнерді дәріп­тей­тінін қатты сезініп, оларға еркше үміт артыпты. Шәкірттері де осы күнге дейін ұстаздарына деген шынайы алғысын айтып жүр. 
 Шындап қарасаңыз, адамды тү­сіну, әсіресе, өнер адамдарын қабылдау – өте қиын дүние. Оған, керек десеңіз, өре де керек. Қарапайым халық көбіне бі­реу­лер­ден естіген «әй, ол дойыр болыпты ғой не­месе «қатты кісі болыпты ғой» деп жа­тады. Ал өнер қайраткерімен бір сәт сұхбаттасып, оның жан дүниесінде не болып жатқанын ұғыну екінің бірінің қолынан келмейді. Бір сәт Асқар аға сөзіне құлақ салып көрейік-ші: «Адам ғұмырының ұзақтығы немесе қыс­­қалығы сананың салмағын, ол кешкен өмір­дің мағынасын таразыламайды. Ой тоқтатып, өткенге көз салып, әуел баста не іздеп еді, жол-жөнекей не жоғалтты, не тапты, табысы бар ма, әттеген-айы қайсы, қазір қай қылығын медет тұта-ды – осыған жауап ізде. «Осы жасқа келгенше жақсы өткіздік пе, жаман өткіздік пе, әйтеуір бір­талай өмірді өткіздік… әурешілікті көре – көре кел­дік… Ал енді қалған өмірімізді қай­тіп, не қылып өткіземіз?» деген Абай сөзіне тоқталатын белеңге келдік. Өмірде рухани азығымның бірі Абайдың сол күйін мен де басымнан кешіп отыр­-мын. Әйтеуір, бар байқағаным – әре­кетсіз, мақсатсыз, қимылсыз күн өт­кіз­беппін. Мүмкін, ол­жа­лы да шығармын, мүмкін, қателесуім де. Кей тұстарда асау­лығымды, албырт­ты­ғымды, аңғал­дығымды ойлап, неге сол ме­зеттерде пен­дешілікке жеңдірмедім деп те ой­лаймын. Бірақ мен өз-өзімді өмірбақи таба алмай, түсіне алмай кетем-ау деген күдік те жоқ емес», – деп толғаныпты абыз ағамыз. Әрине, ол кісіні жалпы қазақ өнері, театр өнерінің болашағы алаңдатпады дейсіз бе? Асқар аға өмірден өткен 90-жыл­дар қай жағынан болса да ауыр жылдар еді ғой. Қазір тірі болса, марқаяр еді. Еліміз өр­кендеп, мәдениетіміз жаңғырып, өнері­міз өріс­теп жатқан мамыражай кезеңге мәз болар еді. 

Асқар аға кезінде өзіне қамқорлық көрсеткен қазақтың ірі қайраткерлері­нің бірі – Темірбек Жүргенов есімін бүгінгі ұлттық өнер академиясы болып отырған Театр және көркемөнер инсти­тутына бер­гізуге мұрындық болған екен. «Мен өнерге өмірімді бергелі, мәдениет, өнер саласын басқарған талай адам­дарды көріп келем. Бірақ Темірбек Жүргеновтей халқымыздың өнері мен мәдениетіне шынайы жаны ашып, зор қамқорлық, батыл басшылық жасаған адам кемде-кем! Ақылды, пара­сатты басшыға кіргенде, онымен дидар­лас­қанда жан дүниең кеңейіп, жайнап шы­­ғасың. Өмірге, өнерге деген ынтық­ты­ғың арта түседі. Өрісі тар, білімі, білері таяз, өнерге жаны ашымасқа кезіксең, талабың тапталып, жігерің құм болып жи­реніп, сенімнен ада боласың. Темір­бек Жүргенов өнерді сүйетін, түсінетін ақ пейіл, абзал жан еді» деп еске алып­-ты Асқар аға. 
 Қазақ сахна өнерінің бәйтерегі әр­бір шығармашылық ұлы тұлғаның басынан өтетін ауыртпалықты да, қиын­дықты да, қақтығысты да, соқтығысты да, пікір ал­шақтығын да, масайраған қуаныш-шат­тықты да көрді. Көре жү­ріп, көкейіне түй­генін ұрпағына қал­дырды. Шәкірттеріне «өнерде жал­ғандық, жасандылық, әлім­жеттік бол­­-
май­тынын» жеткізді. Актер ойынында «фальш» жүрмейтінін, режиссер қойы­лымында «жай нәрсе» болмайтынын қатты ескерткен жан. Қазақ сөзіне мұ­қият болуды әрі сөз құдіретін сақтауды бәріне, қазақ театр көрерменіне аманат еткен жан. «Жүрдім-бардым», «өйте сал, бүйте сал» шалалыққа қарсы жүрген кісі. 
Қалай десек те, театр режиссері, мықты педагог, аудармашы Асқар Тоқпановтың қазақ мәдениеті мен сахна өнеріне сіңірген еңбегі зор әрі оның есімі сол өнердің мұра­ғатынан алатын орны айқын. Ол кісі – сахна өнерінің абызы, бұтағын кең жайған бәйтерегі. Өзі кетсе де, мұрасы қалған асыл қайраткер.

Ғайнижамал ӘБІЛДИНА,
кинодраматург-режиссер, КСРО Кинематографистер мен Журналистер одағының мүшесі Т.Жүргенов ат. ҚазҰӨА профессоры, ХААҚ академигі