Шекаралық тексеруден өткізіліп болып, орнынан қозғалған көлікті, әсіресе теміржол көлігін, біраз жерге ұзап кеткенше қалыптасқан тәртіп бойынша шекарашылар сырттай бақылап, «көзбен шығарып салады».
Бұл қозғалыстағы көлікке жылдамдығын арттырып алғанға дейін әлдебіреулердің жол-жөнекей секіріп мініп алмауын қадағалау үшін жасалатын шара. Жолаушылар пойыздарына ғана емес, тіпті жандарын шүберекке түйіп, жүріп бара жатқан жүк пойыздарына секіріп мінетіндер де бар.
Оңтүстіктегі Сарыағаш шекара отрядының «Сарыағаш» шекара заставасынан өтіп, теміржолдың Өзбекстанға кіретін тұсында «ақ көпір» аталып кеткен жер бөлігінің шекарашыларға ауық-ауық «тосын сый» ұсынып тұратыны бар. Соңғы рет осыдан 20 шақты күн бұрын жүйткіп бара жатқан жүк вагондарының арасына жасырынып тұрған шекара бұзушыны қазақстандық шекарашы байқап қалып, өзбекстандық әріптестеріне хабар беру арқылы бірлесіп қолға түсіргені жайлы ақпарат құралдары арқылы жариялаған едік. Тура сондай жағдай кеше тағы қайталанды. Бірақ осы жолы «трюкті» қайталаушы әйел адам болып шықты. «Әйелдер ай, әйелдер ай, қандайсың?» деген Мұқағалидың сөзі жаңа қырынан ашылғандай.
Шекарашылардың өзара хабар алмасуы арқылы бұл шекара бұзушы әйел Өзбекстан аумағында ұсталды. Кім екендігін, неліктен бұндай қадамға барғандығын өзбек әріптестер анықтайтын болады.
Жолдасбек Дуанабай
http://aikyn.kz/