Бүгін Шымкентте «ОҚО-дағы әйел және бизнес» атты І өңіралық форум өтті. Форумға қатысушылар әйелдер арасындағы кәсiпкерлiктi дамыту жолдары мен мемлекеттік және қаржы институттары тарапынан көрсетіліп жатқан қолдауларды талқылады. Және де қаржылай сауаттылық пен кәсіпкерлікті дамыту бағытындағы мәселелерді қарады. Жиынға қатысқан облыс әкімінің орынбасары Е.Айтаханов стратегиялық мемлекеттік бағдарламаларды іске асыруда елдің экономикалық өміріне әйелдердің етене араласуының маңыздылығын атап өтті.
Форум — әйел кәсіпкерлігін мемлекеттік қолдау мәселелерін талқылайтын интерактивті алаң болып табылады. Шараға Оңтүстік Қазақстан облысының Кәсіпкерлер Палатасы мен Кәсіпкерлер палатасының аймақтық өкілдері, іскер әйелдер кеңесі қатысты. Іс-шара қорытындысы бойынша ОҚО әкімдігі мен ОҚО КП Іскер әйелдер кеңесінің арасында ынтымақтастық туралы келісімге қол қойылды, деп хабарлайды ОҚО әкімінің баспасөз қызметі.
Форумға қатысушылар 3 желтоқсан күні Шымкент қаласының Индустриялық аймағында болып, бизнес-идеялар мен Оңтүстік Қазақстан облысының инвестициялық мүмкіндіктерімен таныспақ. Бүгінде аймақта мыңдаған жұмыс орны ашылған 10-нан астам инвест жобалар жүзеге асырылып жатыр. Өндірістегі инфрақұрылым «Бизнестің жол картасы -2020» мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде салынып, ондағы бірқатар жобалар Индустрияландыру картасына енген. Қазіргі таңда, орташа есеппен алғанда елдегі шағын және орта бизнес субъектілерінің 41%-ын нәзік жандылар құрайды. Іскер әйелдер 2014 жылы 794,5 мың азаматты жұмыспен қамтыған. Қазақстанда әйел кәсіпкерлердің жұмысын дамыту мақсатында арнайы мемлекеттік бағдарламалар жұмыс істейді. Мәселен, осы жұмыстарды жүзеге асыруда 2015 жылы «Атамекен» ҰКП жанынан іскер әйелдер Кеңесі құрылған.
http://www.inform.kz/