Түркі тілдес халықтардың басын біріктірудегі Елбасы Н. Назарбаевтың еңбегі ерен. Бүгін Астанада Түркі тілдес мемелкеттер Парламенттік Ассамблеясының Vl пленарлық отырысында сөз сөйлеген Парламент Мәжілісінің төрағасы Қабиболла Жақыпов осылай мәлім етті.
Өз сөзінде Мәжіліс спикері Астанадағы ТүркПА отырысының Қазақстандағы аса маңызды мереке қарсаңында өтіп жатқанына тоқтала келе, ҚР Президентінің әлемдік бастамаларын да тілге тиек етті.
«Нұрсұлтан Назарбаев халықаралық қауымдастық мойындап, қолдау білдірген бірқатар жаһандық бастамалардың авторы. Соның ішінде Түркі тілдес халықтарының Парламенттік Ассамблеясын құру идеясы да Қазақстан Президентінің бастамасы екенін атап өткім келеді», — дей келе спикер бүгінгі күні ТүркПа халықаралық ұйым ретінде белсенді әрі табысты дамып отырғанын атап өтті.
«Жалпы, Кеңес одағы құлдырап, көптеген мемлекеттер өз тәуелсіздігін жариялап, «балапан басымен, тұрымтай тұсымен» кеткен кезеңдерде бір-бірімен туыс болып келетін түркі тілдес xалықтардың басын біріктіруде Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың еңбегі ерен. Елбасының бастамасымен Түркі xалықтарының Кеңесі құрылды. Бүгінгідей Парламенттік Ассамблеяның қызметіне қосқан үлесі де ұшан-теңіз. Ал өз кезегінде біздің ТүркПА жұмысын бастаған аз ғана жылдар ішінде мол тәжірибе жинақтады. Сонымен қатар, Ассамблеяның xалықаралық деңгейдегі имиджі мен абырой-беделі артты», — деді Мәжіліс Төрағасы.
Еске салайық, Түркі тілдес елдердің Парламенттік Ассамблеясы 1992 жылы Түркітілдес мемлекеттер басшыларының тұңғыш саммитінен бастау алған түркітілдес елдер арасындағы ұзақ мерзімді ынтымақтастық нәтижесінде құрылған болатын. 2008 жылғы 21 қарашада Әзірбайжан, Қазақстан, Түркия және Қырғыз Республикасы Парламенті басшыларының Ыстамбұл қаласындағы «Долмабаxча Сарайында» Түркітілдес елдердің Парламенттік Ассамблеясын құру туралы Ыстамбұл келісіміне қол қойды.
Автор: Қанат Мәметқазыұлы
http://www.inform.kz/