Қазақстан Республикасы ҰҚК Шекара қызметі академиясының далалық оқумен қамтамасыз ету басқармасында әскер қатарына жаңадан шақырылған сарбаздарға арналған кешенді көрсетілім сабақтары болып өтті. Оған Алматы гарнизонында орналасқан әскери бөлімдердегі Отан алдындағы азаматтық борыштарын өтеуге шақырылған жас сарбаздар қатысты.
Әскерге жаңа шақырылған сарбаздар шекара қызметіндегі барлық жағдаймен, жалпы шекара тынысымен танысты. Алматы қаласының түбіндегі оқу-жаттығу орталығындағы бірнеше оқу нүктелеріндегі көрсетілім сабақтарын ҰҚК ШҚ академиясының білікті ұстаздары жүргізіп, шекара күзетудегі тәжірибелерін сарбаздарға үйретті. Әскер қатарына жаңа шақырылған жауынгерлер біркүндік таныстыру сабағы барысында көп нәрседен хабардар болды. Мәселен, шекара шебіне қызмет атқаруға аттанбаған жас сарбаздар үшін шекара бұзушыны ұстау кезіндегі шекара нарядының іс-әрекеті сабағы тың дүние. Қару-жарақтарды шекара күзетінде қолданудың ерекшелігін білудің де сарбаздар үшін маңызы зор.
Мемлекеттік шекара күзетінде қолданылатын техникалық құралдар мен қару-жарақтардың тактика-техникалық және жауынгерлік мүмкіншіліктері. Ел шебін күзетудегі қызметтік жануарлардың орны мен шекара күзетін тылдық қамтамасыз ету» тақырыбында өткен көрсетілім сабақтарының басты мақсаты – жас сарбаздарға әскери өмірдің әліппесімен, қызмет атқаруға келген әскери құрылымның ерекшеліктерімен жете таныстыру, сондай-ақ жас жауынгерлерге әскердің осындай абыройлы, элита құрамына түстім деген мақтаныш сезімін ұялату болды. Мемлекеттік шекараны күзету деген – өте жауапты, абыройлы іс екенін, сондықтан бұларға үлкен сенім артылып отырғандығы түсіндірілді.
Ұзақ жылдар шекара шебінде қызмет атқарған, бүгіндері ҰҚК Шекара қызметінің академиясында дәріс оқитын полковник Е.Онбаев қызметтік жануарларды қызметке қалай тиімді пайдалануды, оның ішінде жылқының шекара күзету кезіндегі орны мен оның айрықша қасиеттерін жас шекарашыларға баяндап берді. Оларға тәулігіне қанша мезгіл жем-шөп беру керек, таулы аймақтарда жылқыны күтіп-баптаудың қандай ерекшеліктері бар, тіпті ер-тоқымның түрлеріне дейін егжей-тегжейлі жеткізді. Шекара заставаларында қызмет атқаратын сарбаздарға берілетін тамақтың мөлшері мен киім-кешектің түрлері, олардың қолданылу мерзімдері жайлы мағлұматтар да көрсетілім сабақтарына қатысқандар сарбаздар үшін қызықты болды.
Шекара қызметінің қолданысындағы қару-жарақтардың барлық түрінен оқ атып, оларды әртүрлі жағдайда, әртүрлі тәсілмен пайдалану мүмкіншіліктерімен танысқан жас сарбаздар үлкен әсер алды. Көрсетілім сабақтарына басшылық жасаған ҰҚК Шекара қызметі академиясының оқу-әдістемелік басқармасының бастығы полковник С.Несіпбаевтың айтуынша, мұндай көрсетілім сабақтары Мемлекеттік шекараны күзетудің қаншалықты жауапты екенін әскер қатарына жаңадан шақырылған сарбаздардың санасына сіңірумен қатар, қолданыстағы барлық техника мен қару-жарақтардың, қызметтік жануарлардың толық мүмкіншілігін көрсету болып табылады. Бұл сабақтардың жас сарбаздардың әскери өмірге толыққанды үйренісіп кетуі мен қызметке деген қызығушылығын арттыра түседі. Дайындықтан өткеннен кейін бұл сарбаздар мемлекеттік шекараны күзетуге аттанады. Нағыз жауынгерлік қызметке кіріскен кезде осы көрсетілім сабақтарының бұлар үшін пайдалы болары сөзсіз.
Сурет Асхат СӘБИЕВ