Әр әкімнің қызмет істеу қабілеті мен белгілі бір істің ыңғайын дұрыс тауып кірісуі әртүрлі болады. Қала тұрғындарының пайымынша, Ғабидолла Әбдірахымов сөзіне ісі сай, барлық мәселені терең зерделеп барып шешім қабылдайтын, оқып-тоқығаны мол, халыққа жақын болуды қалайтын, жауапкершілікті жоғары бағалайтын, қарамағындағыларға талапшыл, білікті азамат. Шаруаға мығым, үнсіз, тым-тырыс отыру жоқ. Қаламыздағы іс-шаралардан қалмайтын және қарапайым халықтың арасынан жиі табылатын журналистеріміз жүргізген бейресми сауалнама барысында тұрғындар қала әкімінің қызметіне байланысты осындай пікірлер білдіріп отыр. Аз уақыт өткенін, әкімнің жұмысы жөнінде пікір білдіре алмайтындарын айтқандар да бар. Осы орайда, Ғабидолла Рахматоллаұлы Шымкент қаласының әкімі қызметіне кіріскеннен бергі жүз күнде қандай жұмыстар атқарылғанын қала тұрғындарына қысқаша баяндап өтуді жөн санадық.
Үш айдан астам уақыт үшінші мегаполистің тыныс-тіршілігімен толық танысып, әлеуметтік-экономикалық даму стратегиясын іске асырудың жолын анықтауға мүмкіндік жасады. Шымкентті еліміздегі ең бір әдемі, ең қолайлы, келген қонақ қимай қоштасатын қалаға айналдыру қажет екенін тағайындалуы кезінде мәлімдеген Ғ.Әбдірахымов алғашқы күні-ақ облыс орталығы аумағында салынып жатқан құрылыс нысандарымен танысты. Жылу маусымына дайындық пен баға тұрақтылығы назардан тыс қалмады. Инвестициялық ахуалды жақсарту, қаланың өзіндік брендін қалыптастыру бағытында жаңа бастамалар қолға алынып, батыл қадамдар жасалды. Нәтижесінде қала өміріне елеулі өзгеріс енгізетін, бүгінде қызу талқыланып қолдау көрсетіліп жатқан Тұжырымдама дайындалды. Бұл орайда, қала әкімі «дұрыс шешім қашанда – егесе жүрген елде емес, кеңесе білген жерде» деген нақылды ұстанған болар. Тұрғындардың пікірі мен толғандырған негізгі мәселелері ескерілген және барлық саланы қамтитын қаланың 2020 жылға дейінгі даму тұжырымдамасының мақсаты – Шымкентті тұрғындарға барынша қолайлы да жайлы, қонақтарға тартымды болатын еліміздегі заманауи мегаполиске айналдыру. Әлемдік деңгейдегі ойын-сауық орталығын салу бойынша инвесторлармен кездесу,
халықаралық конгресс-көрмеге қатысып «ақылды» қалалардың үздік үлгілерімен танысу жаңа жобаны жүзеге асыру мақсатында жасалған алғашқы қадамдардың бірі болса керек.
Біз қамтып отырған кезеңде әлемдік дағдарыстан туындаған экономикалық жағдай ескеріліп, қала бюджеті оңтайландырылды. Бюджеттің кірісі мен шығысына талдау жасалып, бірқатар ірі нысан құрылыстарының жобалық-сметалық құжаттамалары уақытша тоқтатылды. Дегенмен, бірінші кезектегі әлеуметтік шығындар толығымен жоспарға енгізілді. Өнеркәсіп, ауыл шаруашылық өнімдерінің, құрылыс, тұрғын үй көлемі, негізгі капиталға бағытталған инвестициялар өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда өсті. Жер телімдерін пайдалануға қатысты мәселелер қатаң бақылауға алынып, ауыл шаруашылығы жерлерін жалға беру мерзімдерін ұзарту бойынша жаңа талаптар әзірленді. Осы арада айта кетелік, таяуда Абай ауданы тұрғындарымен кездесуде қала әкімі бұрыннан заңсыз салынған үйлер бұзылмайтынын, халыққа қиянат жасалмайтынын айтты. Ондай үйлерді мүмкіндігінше заңдастыру жолдары қарастыруда екенін жеткізді. Осылайша, халыққа жақын екендігін тағы бір танытты. Сондай-ақ, қала әкімі бес ай бойы тоқтап тұрған жылу беру стансаларына байланысты мәселенің оң шешімін табуына ықпал етті. Сонымен бірге қуаты 160 Гкал болатын қазандықты іске қосу жұмыстары жедел жүргізіліп, пайдалануға берілді. Қалада бірнеше жылдан бері өзекті мәселеге айналған «Жаңаталап», «Тоғыс», «Базарқақпа», «Жұлдыз» тұрғын үй алаптарындағы кәріз жүйелерін іске қосу мәселесі жоспарға енгізілді. Жобалық-сметалық құжаттарды әзірлеуге қаржы бөлініп, тиісті жұмыстар басталды. Бірнеше елді мекендер ауыз сумен, электр қуатымен және табиғи газбен қамтылды. Қала аумағындағы жаяу жүргіншілер өткелдерінің құрылыс сапасы бақылауға алынды. Бұл орайда, қала әкімі Ғ.Әбдірахымов 18 шағынауданда пайдалануға берілген жерүсті өткелінде болып, тұрғындар тарапынан келіп түскен сын-ескертпелер бойынша тиісті мекемелерге тапсырма берді. «Өткелдердің бәрі де қала тұрғындарына, ең алдымен мүгедектерге, қарияларға және аналар мен жас балаларға қолайлы етіп жасалуы қажеттігін» ескертті. Қала басшысының тапсырмасынан кейін кемшіліктер түзетіліп, құрылыс жобаларына тиісті өзгерістер енгізілді. Сондай-ақ, көлік инфрақұрылымындағы бірқатар мәселе оң шешімін тапты. Бірнеше көшеде қайта құру жұмыстары басталып, 70 көше орташа жөндеуден өтті. Қоғамдық көліктердің қызмет сапасын арттыру мақсатында Ғ.Әбдірахымов қала әкімдігінің мәжілісінде автопарк басшыларына жаңа автобустарды бағытқа қоюды талап ететінін мәлімдеді. Жол ақысын қымбаттатуды сұранған қауымдастық басшыларының өтініш-тілектерін қабылдауға негіз жоқ екенін кесіп айтты. Сала басшыларына жыл соңына дейін кемшіліктерді түзеу тапсырылды.
Қаламыздың бүгінгі келбетін аша түсетін «Shymkent City» инвестициялық жобасын іске асыру мақсатында жоспарлау жобасына өзгерістер енгізіліп, инвесторлар тарту бағытында нақты ұсыныстар жасалды. Мемлекеттік бағдарламалар аясында 29 тұрғын үй пайдалануға беріліп, 34 көпқабатты үй күрделі жөндеуден өтті. Осы арада айта кетелік, қала әкімінің барлық құрылыс жұмыстарының сапалы жүргізілуін қатаң талап етуіне байланысты нысандарға бейнекамералар орнатылып, бақылау күшейтілді. 4 мектеп, 4 балабақша және басқа да әлеуметтік нысандар пайдалануға берілді. Қала әкімі қызметке кіріскен күннен бастап көріктендіру, көгалдандыру, тазалық жұмыстарына ерекше мән беріп келеді. Бұл орайда, сенбіліктер ұйымдастырылып, осы қысқа мерзімде 71 мың түп ағаш отырғызылды. Оның ішінде жергілікті климатқа сәйкес келетін көлеңкелі 31 мың түп сенбіліктер барысында отырғызылса, 40 мың түп ағаш қала шетіндегі жасыл аймаққа егілді. Тұрғындардың қала тазалығына жанашырлықпен қарап, келеңсіздіктерді анықтауда белсенділік танытуы үшін «WhatsApp» қызметі іске қосылды. Заңбұзушылықтардың алдын алуға оң әсері бар тағы бір бастаманың бірі — әр аптаның жұма, сенбі күндері өткізілетін «Қауіпсіз қала» рейдтік іс-шарасы, сондай-ақ, саябақтардағы қоғамдық тәртіпті бақылайтын патруль қызметкерлеріне арнайы велосипедтердің табысталуы. Осындай шаралардың нәтижесінде қоғамдық орындардағы қылмыс саны азайды.
Велосипед демекші қала әкімінің бастамасымен Олимпиада чемпионы А.Винокуровтың қатысуымен қайырымдылық велошеруі өтті. Бұл шараға даңқты боксшы, Олимпиада чемпионы С.Сәпиевтің де қатысуы және спортшылардың жастармен кездесуі бұқаралық спорттың маңызын арттыра түсті. Қошқар ата өзені бойындағы «Street Workout-пен» айналысатын арнайы алаңның ашылуы спортсүйер жастарға жасалған көп қамқорлықтың бірі ретінде бағалануда. Қала тұрғындары әкімнің халыққа жақын болуды қалайтынын аңғарғанын жоғары айтып өттік. Бұл орайда, тұрғындар қала әкімдігінде ашылған «Reception» қызметін де ескерсе керек. Қазақстан бойынша алғаш Шымкент қаласы әкімдігінде ашылған бұл арнайы қызмет түрлі мәселемен келуші азаматтарға қолайлы болып отыр. Қарапайым халықтың алғысына ие болған тағы бір игі іс — «Қызылжар» елді мекенінде тойхана ғимаратынан Халыққа қызмет көрсету орталығының ашылуы. Орталыққа бүгінде 36 маман тартылып, 118 мың тұрғынға қызметтің 212 түрі көрсетілуде.
Азаматын ісіне қарап танитын бабаларымыз «Адамның өскені әрбір өткен жылымен, шаһардың өскені халықтың сынымен бағаланады» деген екен. Қаласына қарап тұрғындарының тұрмысы мен әл-ауқатын анықтауға болатыны мәлім. Сондай-ақ, шаһар өмірі – ең алдымен тынымсыз тіршілік пен ауызбіршіліктің, береке мен баяндылықтың көрсеткіші. Біз жоғарыда қала тұрғындарын хабардар ету үшін соңғы жүз күнде атқарылған жұмыстарды баяндадық. Бұл да біздің осы қалаға деген азаматтық жанашырлығымыздан туындаған ниет.
Диас НҰРКЕНҰЛЫ
http://www.shymkala.kz/