Оңтүстік Қазақстан облысындағы Отырар ауданында жұмыссыздық деңгейі биылдың өзінде 5 пайызға төмендеді, деп мәлімдеді Отырар ауданының әкімі Салыхан Сабырұлы.
Бұл «Жұмыспен қамту-2020» бағдарламасы аясында қол жеткізген жетістік, деді аудан әкімі Салыхан Сабырұлы әлеуметтік саладағы атқарылған жұмыстарға есеп берген кезде. Есеп беру жиынында киелі мекендегі артығымен орындалып жатқан істер мен алға қойған мақсаттар туралы сөз қозғалды. Оңтүстік Қазақстан облысы Отырар ауданында жұмыс істеймін деген адамға ұсыныстар да, таңдау да бар.
Ауданда халықты жұмыспен қамтамассыз етудің кешенді жоспары соңғы бес жылда нәтижелі орындалуда. Осы уақыт аралығында 3809 адамды жұмыспен қамту жоспарланса, 5400 азамат жұмысқа орналасыпты. Бұл жоспардың 141 пайызға жоғары орындалғанын көрсетеді. Ағымдағы жылдың 10 айының өзінде 1708 адам жұмысқа орналасып, жоспар 138 пайызға артығымен орындалып жатыр. Алдағы уақытта жаңа кәсіпорындар іске қосылып, жаңа жұмыс орындары ашылады деп жоспарлануда.
Оңтүстік Қазақстан облысында халық тығыз қоныстанған. Отырар ауданы халқы көп аудандардың бірі болып саналады. Жалпы 54 мыңнан астам халқы бар Отырар ауданы негізінен ауыл шаруашылығымен айналысады. Аудан осымен көгеріп отыр. Бағдарламаның екінші кәсіпкерлік бағыты да осы салаға негізделген. Бұл ретте аудан әкімдігі үлкен жұмыстарды атқарып жатыр. 2011-2015 жылдар аралығында кәсіпкерлік негізінде 127 адамды оқыту міндеттелсе, тиісті кезеңде 208 адам оқытылып, жоспар 163,8 пайызға жеткен. Осы салаға бағытталған жұмыстарға 5 млрд 797 млн теңге көлемінде қаржы жұмсалған.
Ауданда жастар практикасы бойынша да жүйелі жұмыстар атқарылып жатыр. Аталған бағытта 32 жасты жұмысқа орналастыру міндеттелген болса, іс жүзінде 41 азамат 26 мекемеге қызметке тұрған екен. Сондай-ақ, индустриалдық аймақта іске қосылған жүгері зауыты да жұмысыз адамдардың санын біршама қысқартты. Осындай шағын кәсіпорындар жұмыссыздықтың санын қысқартуға септігін тигізуде. Аудан әкімі Салыхан Сабырұлы алдағы уақытта қамыстан тақтай шығаратын кәсіпорынды ашуды да жоспарлап қойғанын жеткізді. Демек, бұл тағы да жүздеген адам жұмысқа кіреді деген сөз.