Шымкент қаласының əкімі Ғабидолла Əбдірахымов Еңбекші, Әл-Фараби және Қаратау аудандарының тұрғындарымен кездесіп, бірқатар мәселелер бойынша пікір алмасты. Шаһар басшысы алдымен Еңбекші ауданына қарасты Қазығұрт, Қаратөбе, Жұлдыз аумақтарының тұрғындарымен кездесті. Онда аудан әкімі Ғалымжан Ильясов атқарылып жатқан жұмыстар бойынша баяндама жасады. №99 мектеп ғимаратында өткен кездесуде шаһар басшысы тұрғындардың сұрақтарына жауап беріп, коммуналдық сала бойынша салалық бөлім басшыларына нақты тапсырмалар жүктеді.
– Еңбекші ауданының елді мекендеріндегі басты мәселе — көлік тасымал қызметі. Қаламыздың 2020 жылдарға арналған даму тұжырымдамасында шаһарымызда коммуналдық автопарк салуды жоспарлап отырмыз. Алдағы жылы біз қаладан шалғай аудандарда тұратын елді мекен тұрғындарын тасымалдау мəселесін оңтайлы шешетін боламыз, – деді Ғабидолла Рахматоллаұлы.
Еңбекші ауданындағы түйіткілді мәселенің бірі – Халыққа қызмет көрсету орталығының жоқтығы. Осыған орай, қала әкімі осы жылдың соңына дейін 93 мың тұрғынның игілігі үшін орталық қызметі ашылатынын айтты. Сондай-ақ, қала басшысы елді мекендердің әлеуметтік картасы сараланып, өзекті мəселелер бірінші кезекке қойылатынын жеткізді.
Ал, қала əкімінің Əл-Фараби ауданының тұрғындарымен кездесуінде коммуналдық инфрақұрылым мәселелері көтерілді.
– Ең алдымен тұрғын үй салмас бұрын ол жер инфрақұрлыммен қамтамасыз етілуі керек. Қаламызға көптеген елді мекен Сайрам ауданынан қосылған. Сол ауданның заңсыз берілген жерлеріндегі коммуналдық мәселе бізге айтарлықтай жүк болып отыр. Тіпті ауылшаруашылық мақсатындағы жерлердің өзі 8 соттыққа бөлініп, халыққа жүйесіз, жобасыз таратылған. Қазір біздің ең бірінші мақсатымыз – әуелі, осы елді мекендердің жол, газ, су мәселесін шешу. Тұрғындардың қолайлы өмір сүруіне жағдай жасау. Қала əкімдігі қазір қызу жұмыс істеуде. Біз бюджеттің жағдайына қарап, сіздердің мəселелеріңізді жүйелеп шешеміз. «Сабыр түбі – сары алтын» дегендей бірер жылда жағдайымыз едəуір реттеледі, – деді Ғ. Әбдірахымов.
Әл-Фараби ауданы аумағына қосылған елді мекендерде 19 мыңға жуық xалық тұрады. Бүгінде қалаға қосылған елді мекендердің әлеуметтік картасы түзілген. Сондай-ақ Мәртөбе, Бозарық елді мекендеріне қоғамдық көлік тұрақты түрде жүруде. Қаланың әлеуметтік-экономикалық даму Тұжырымдамасы жобасына сəйкес, тұрғындарды толғандырған мәселелер толық оң шешімін таппақ. Кездесуде қала әкімі Қонаев даңғылын кеңейтіп, қала сәулетін арттыра түсу үшін «Қызыл сызыққа» түскен үйлердің мәселесін мүмкіндігінше тұрғындарға тиімді етіп шешуді назарға алуды ұсынды.
Қаратау ауданының тұрғындарымен кездесу барысында шаһар басшысы алдымен ауданда атқарылған жұмыстар бойынша Қаратау ауданның əкімі Ғалым Исмаиловтың баяндамасын тыңдады.
Аудан əкімінің айтуынша, аудан аумағында орналасқан тұрғын алаптар мен шағын аудандардың электр жарығымен қамтылуына зерттеу-зерделеу жұмыстары жүргізілген. Нәтижесінде аудан бойынша жалпы 40443 тұрғын үй бар болса, оның ішінде 39866 тұрғын үй, яғни, 99 пайызы электр жарығымен қамтылған. Айта кетейік, аталмыш аудан аумағына 17 шағын аудан мен 13 тұрғын алаптары енеді.
– «Тұран» шағынауданының болашағы кемел. Себебі, Шымкент қаласының 2020 жылдарға арналған даму тұжырымдамасында бұл аудан аумағынан «Shymkent City» кешені бой көтермекші. Тіпті, қала жастарының демалуына, серуендеуіне арналған ойын-сауық орталықтары салынбақ, – деп атап өтті өз кезегінде қала басшысы.
Коммуналдық мəселені бірінші кезекте шешу үшін жоба дайындалып жатқандығын жеткізген қала басшысы кәсіпкерлерді өз қаражатына халық игілігіне қажетті іс жасауға үндеді.