АЛТЫНОРДА
Новости Казахстана

Нақты міндеттер таразыланды

скачанные файлы (2)«Енді арқаны кеңге салып, жайбарақат жүруді заман көтермейді. Қай салада да табысқа жету жолдарын ойластырып, со­ған орай іс қылуымыз керек». Облыс әкімі Бейбіт Атамқұлов Елбасының халыққа арнаған «Қазақстан жаңа жаһандық нақты ахуалда: өсім, реформалар, даму» Жолдауындағы міндеттерді жүзеге асыру бағытында облыс активімен өткізген кездесуін осылай түйіндеді.

«Шикізат бағалары құдилап, төмен түсіп кетті, енді одан түсетін табысқа малданбай, стратегиялық бағдарламаларды кезең-кезеңімен жүзеге асыруға тиіспіз», – деген өңір басшысы облыс экономикасының тұрақты өсімде екендігін нақты мысалдармен дәйектеді. Айтқандай, экономикалық ішкі жалпы өнім өткен жылмен салыстырғанда 1,2 пайызға өсіпті. Дағдарыстың алғашқы толқындары ұрған кезеңде аз да болса алға жылжушылық келер күндерге сенімділікті нығайтады.

«Биылғы жылдың тоғыз айында 523,4 млрд. теңгенің өнеркәсіп өнімі өңдірілді. Ауыл шаруашылығы саласында да елеулі өсім байқалып, агрокәсіпорындар күшімен 300 млрд. теңгенің өніміне қол жеткіздік. Бұл өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 101,9 пайызға сәйкес келеді. Көлік және байланыс салаларындағы табыс көлемі тиісінше 105,1 және 102,5 пайыз болып отыр», – деді облыс басшысы.

Аймаққа инвестиция тарту мәселесінде жағымды жаңалықтар көп. Ұлттық компаниялармен 9,8 млрд. теңгені құрайтын 529 келісімшарт түзілген. Нәтижесінде өңірдің негізгі инвестициялық капиталының көлемі 323,3 млрд. теңгеге жетіп отыр. Шетелдік ка­питалдың қатысуымен құны 1,7 АҚШ долларын құрайтын 29 жоба іске асты. Шетелдік инвесторларды тарту мақсатында оңтүстікқазақстандық кәсіпкерлер Түркия, Оңтүстік Корея елдерінде іссапармен болды. Мұндай сапарлар алдағы уақытта Ресей, Малай­зия, Сингапур, Франция, Германия елдерінде жалғасын тап­пақ.

Оңтүстік – аграрлы облыс. Жылы­­жай салу, тамшылатып суару, суармалы жерлерді игеру және егін, мал шаруашылықтары жөнінен республикада кеуде қатарда келеді. Еліміз бойынша жылыжай салудан 87,7 пайызға дейін жеткен облыстың мемлекетімізді тұтастай көкөніс өнімдерімен қамтуға мүмкіндігі мол. Бірақ, сол мол өнімді ұқсатуды және жаңа технологиялар мен инновациялық игіліктерді пайдалануды жолға қою керек.

«Өзіміз өндіретін ауыл шаруа­шылығы өнімдерінің бәсекеге қабілеттілігін арттыру мақсатында бақша, көкөніс, жеміс-жидек сақ­тайтын заманауи қоймалар салуымыз қажет. Осы мақсатта Шым­кентте ірі сауда-логистикалық орта­­лығын тұрғызу жоспарлануда», – деді облыс әкімі.

Өңір басшысы атап өткендей, сауда-логистикалық орталығының жалпы көлемі 90 гектардан асады. Кешенде халықаралық стан­дарттарға сәйкес «А» және «Б» сыныпты ауыл шаруашылығы өнім­дерін сақтайтын заманауи қоймалар салынбақ. Мұндай қоймалар алдағы уақытта Сарыағаш және Мақтаарал аудандарында, Түркістан қаласында салынады деп жоспарлануда.

Облыс әкімі халқы тығыз орналасқан, адам ресурсына бай өңірде жұмыспен қамтудың өте өткір мәселе екеніне тоқталды. «Бұл бағыттағы жұмыстар өңірімізде өз деңгейінде атқарылып келеді. Атап айтқанда, тоғыз ай көлемінде 51 мыңға жуық адам жұмыс орындарымен қамтылып отыр. Оның ішінде 36,4 мың азамат тұрақты жұмыс орындарына орналасты. «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасына сәйкес жыл басынан бері 194 млн. теңгені құрайтын 228 жоба мақұлданды. Бұл өз кезегінде 1622 жаңа жұмыс орындарын ашуға септігін тигізді», – деді облыс басшысы.

Жолдауда көтерілген мәселелер еліміздің әлемдік дағдарыстан аз шығынмен шығып, алға қарай дамудың сатыларын міндеттейді. Нақты жолдары көрсетіледі. Елбасы қойған тапсырмалар кезең-кезеңімен орындалуы керек. Жиында сөз алған облыстық мәслихат хатшысы Қ.Ержан, «Қазақстан» РТРК облыстық филиалының директоры У.Қыдыр, облыстық славян этномәдени қоғамдық бірлестігінің мүшесі А.Шолгина, облыстық кәсіпкерлік мектебінің директоры Б.Дүйсебеков осы тұрғыда өз ойларын білдірді.

Бақтияр ТАЙЖАН,

«Егемен Қазақстан».

Оңтүстік Қазақстан облысы.