– Бүгінде халық қызу қолдау білдіріп жатқан Елбасы Жолдауы бүгінгі шынайы жағдайды және болашақты қамтыған мазмұны бай, стратегиялық тұрғыдан терең, перспективалық жағынан алысты болжаған құнды құжат. Еліміздің әлемдік экономикалық дағдарыс жағдайындағы іс-қимылдарына арналуы да Жолдаудың бір ерекшелігі.
Жолдауда еліміздің әрі қарай экономикалық дамуына, әлеуметтік мәселелер, «Нұрлы Жол» бағдарламасы, межеленген инфрақұрылымдық жобаларды іске асыруға, жаңа жұмыс орындарын құру, халықты жұмыспен қамтамасыз етуге айрықша көңіл бөлінді. Елбасы ғаламдық сипаттағы экономикалық дағдарысты бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарғандай бірігіп жеңетінімізге рух беріп, бойымызға сенім ұялатты. Ел алдына қойылған қаржы жүйесін тұрақтандыру, бюджеттік шығыстарды жетілдіру, экономикалық өсімді қамтамасыз ету, инвестициялық климатты оңтайландыру, белсенді әлеуметтік саясатты жүргізу сынды міндеттер де дағдарысты еңсерудің нақты қадамы ретінде аталды. Әсіресе, әлеуметтік мәселелерге жете көңіл бөлінгендігі, зейнетақыны мүмкіндігінше көбейте түсу, инвестиция тарту, жекешелендіру сынды кезек күттірмес жайларды шешу қажеттілігі баса айтылды. Президент атап өткендей, бүгінде «мұнай бар – не қам бардың» заманы өткен, яғни, әлемдік нарықта мұнай, металл бағасы күрт төмендеп кеткен жағдайда үнемшілдік пен бюджетті оңтайландыруға басым көңіл бөлетін кез келді. Дегенмен, ел үшін маңызды жобалар қысқармайды. Елбасы бұл орайда, 2015-2017 жылдары жыл сайын Ұлттық қордан 3 миллиард АҚШ доллары көлемінде қаржы бөлінетіндігін айтты. Инфрақұрылымдар мен жол мәселесі де күн тәртібінен түспейді.
Елбасы Н.Назарбаев атап өткен тағы бір мәселе – бизнес пен мемлекеттің әріптестігі. Қарапайым тілмен айтсақ, белгілі бір жобаларды, немесе құрылыстарды жүзеге асыру үшін кәсіпкерлер мен мемлекет серіктес болуы қажет. Бұл көп мәселені оңтайлы шешуге мүмкіндік береді. Осы орайда, Шымкент қаласының дамуына арналған тұжырымдама дайындау барысында біз бизнес пен мемлекеттің әріптестігіне ерекше мән беріп отырмыз. Қазақстан халқына арнаған биылғы Жолдау да негізінен халықтың әл-ауқатын жақсарта түсуге, ол үшін бірінші кезекте қандай мәселелерді шешу керектігіне бағытталған. Яғни, Президент Жолдауы – мемлекеттің бағыт-бағдарын айқындайтын, халықтың алдына жаңа міндеттер қоятын,елдің күрделі әлемдік конъюнктура жағдайындағы дамуының жаңа траекториясын айқындайтын маңызды құжат.
Мемлекет басшысы Жолдауында алға қойылған міндеттерді қалай жүзеге асыру қажеттігі, қандай істерге жете мән беру керектігі нақты көрсетілді. Демек, жасампаз ел игілігін, Отанымыздың гүлденуін көздейтін заманауи өміршең құжат — жаңа Жолдау жүктеген міндеттерді бірлесе жүзеге асыру жолында аянбай еңбек ету баршамыздың болашаққа деген сенімімізді нығайта түсері анық.
http://shymkala.kz/