АЛТЫНОРДА
Новости Казахстана

Шымкентте студенттер үшін интернет тегін қолданыста

инт-640-x-480-325x243Енді шымкенттік жастар үшін кең жолақты интернет қолжетімді болды. Облыстық жастар орталығына келіп, дүние жүзілік толқынға енуіне мүмкіндігі мол. Бұл ғимаратта тегін онлайн желісінде кең жолақты интернетке қосылған 10 дана ноутбук кез келген студент үшін жұмыс жасайды. Сабағы мен ғылымына қажетті ақпараттар алу, оқу орындарындағы дәрістерінде тапсырған студенттердің өзіндік жұмыстары да осы орталықта жүзеге аспақ. Ал бұл бастама жастардың қалтасын жарылқайтын болды дейді жауапты мамандар.

Болат Жанәбіл, жастар саясаты мәселелері басқармасы бастығының орынбасары: «Бұл жоба тек бастамасы ғана. Алдағы уақытта бұдан да кең қамтылған жағдайлар жасалады деп жоспарлап отырған жайымыз бар. Мәселен, дәл осы «Жастар орталығы» ғимаратының айналасында 4 бірдей студенттер жатақханасы орналасқан. Сондықтан қажетіне жарап, студенттерге мейлінше көмектеседі деп ойлаймын. Қалтасындағы қаражаттың басым бөлігін осы дүние жүзілік интернетке жұмсап жүрген студенттерге бұл өте тиімді. Себебі, дәл қазіргі қоғамда бар дүние интернетте жарияланып, интернет арқылы жұмыс жасап отыр емес пе?! Ендеше, жастар қауымының да заман ағымымен бірге алға қадам басып, ғасыр көшіне ілесуі міндетті. СӨЖ, Реферат, Баяндама сынды еңбектерін де осы орталықта жазып, әлемдік ақпараттардан хабардар болып отыруы керек. Ал жаздыгүні тіпті аулаға ноутбуктер қойып, қасына принтер-керекті жабдықтармен қамтамасыз етеміз. Ешқандай мұқтаждықты сезінбейтін болады. Әрбір студентке кемінде 2 сағаттан отыруға мүмкіндік беріледі».

Бұл жастар арнайы студенттерге қаралған интернет желісінің алғашқы қолданушылары. Тегін интернет желісі күнделікті сағат 10.00-ден кешкі 19.00-ге дейін жастарға үздіксіз қызмет көрсетеді. «Шымкент медицина» колледжінің студенті Ерболат Тұрысбеков бастаманың өздеріне тиімді көмек екенін айтып отыр.

Ерболат Тұрысбеков, студент: «Мен фельдшер мамандығында оқимын. Сондықтан интернет маған өте қажет. Күн сайын жаңарулар орын алады. Жаңа ғылыми жобалар ұсынылады. Дамудан шеткері-тысқары қалмас үшін бізге бұл кең жолақты интернет өте қажет. Күн сайын жаңа дүниелер жарияланып жатқанда қазақстандық медицина саласы да қарап қалмауы тиіс қой. Бар нәрседен хабардар болып, бізде даму бағытқа бастаумыз қажет деп ойлаймын. Бүгінде үйге берілген тапсырмаларды жасап, өзіме қажетті мәліметтерді интернеттен таба алдым. Енді күн сайын уақытымды бөліп, өзіме қажетті дүниелерден хабардар болу үшін осы орталыққа міндетті түрде бас сұғатын боламын».

Айта өтейік, алдағы күндері замандастарымызға қажетті түрлі компьютерлік жабдықтар жеткізілетін болады. Интернетті қолдану барысында жастар тек ақпараттық-танымдық интернет ресурстарына кіру үшін басқа сайттарға әкімшілік тарапынан арнайы құлып қойылады. Сонымен, интернет желісіне қаражатымды үнемдеймін, ізденемін деген студент үшін «Жастар орталығы» ғимаратының есігі айқара ашық.