Бүгін, Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың қатысуымен жалпыұлттық телекөпір өткізілді. Аталған шара барысында Мемлекет басшысы бүкіл республика бойынша 18 жаңа өндірісті іске қосты. Телекөпірде Оңтүстік Қазақстан облысынан шұлық бұйымдарын шығаратын «Әлем БТ» ЖШС-нің фабрикасы іске қосылды. Елбасы іске қосуға рұқсат бергеннен соң, фабрика салтанатты түрде алғашқы өнімін шығарды. Индустрияландыру картасы шеңберінде «Оңтүстік» АЭА-да іске қосылған кәсіпорынның президенті Қ.Балабиевтің айтуынша мұндағы құрал-жабдықтар Оңтүстік Кореяның заманауи технологиясы негізінде жұмыс істейді. Жылына 16 млн. жұп шұлық бұйымдарын өндіруге қауқарлы фабриканы іске қосу үшін 2 млрд.тң. шамасында инвестиция тартылған. Кәсіпорын жобалық қуаттылыққа шыққан жағдайда фабрикада шамамен 400 адам жұмыс істейтін болады. Айта кетейік, аталған аймақта 23 жоба мақұлданып, 10 жоба іске асырылып отыр. Оның екі жобасы бүгінде іске қосылған, яғни, «Әлем БТ» ЖШС мен «Бал Текстиль» ЖШС-нің екінші кезеңі. Сонымен қатар, бүгінде онда 4 жобаның құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Аталған жобалар Индустрияландыру картасы аясында іске асырылуда. Салтанатты жиынға қатысқан өңір басшысы облыста индустрияландыру картасына құны 869 млрд.тң. құрайтын 115 жоба енгізіліп, 20 мың жаңа жұмыс орнын ашу жоспарланып жатқанын айтты. «Ағымдағы жылы бағдарлама аясында 42,4 млрд. теңге инвестиция игеріліп, 23 жобаның құрылысы аяқталды, бұл республика бойынша осы жылы іске қосылатын жобалардың 1/6 бөлігі. Бүгінгі күнде 10 жоба толық іске қосылды. Қалған 13 жоба жыл соңына дейін іске асырылып, нәтижесінде 2 358 жаңа жұмыс орны ашылатын болады. Бірінші бесжылдықта іске қосылған 137 жобаның 94 пайызы толық жоспарлық қуаттылығына шықты. Тұрақты жұмыс жасауда»,- деді облыс әкімі. Оңтүстік Қазақстанда 10 айдың қорытындысы бойынша, өнеркәсіп өнімдері өткен жылмен салыстырғанда 44 млрд. теңгеге артық өндірілді. Өсім 3,8 пайызды құрады. Өңдеу өнеркәсібіне 62 млрд. теңгенің жеке инвестициясы тартылды. Яғни, өткен жылмен салыстырғанда 2,2 есеге өсті.