АЛТЫНОРДА
Новости Казахстана

Жемқорлар көшін бастап тұрмыз

Жемқорлық індет, жою міндет. Бұл мәселені айта-айта жақ талса  да, сыбайластықтың тамырына балта шабуға қауқарымыз жетер  емес. Ең сорақысы, «шортандарды» қармаққа түсіретін мекеменің қызметкерлері «балық басынан шіридінің» кебін киіп тұр.

Біле білсек, ұлысымызды43-006-325x243ң ұйытқысы деп әспеттелетін Оңтүстікте оңай олжаға құныққандардың қатары қалың. Рес-публика бойынша қара тізімнің алдын бермей тұр екенбіз. Таяуда журналистермен баспасөз мәслихатын өткізген облыстық қаржы полициясының бастығы Серікбай Ерімбетов осы жөнінде ашына айтты. Оның мәлімдеуінше, жегіқұрттай өршіп бара жатқан жемқорлық қылмысы бойынша республикада бірінші орындамыз.

Деректерді сөйлетсек, жыл басынан облыста 726 қылмыс анықталса, оның 187-сі сыбайласқандарға қатысты. Әрине, мұның елге тигізер зардабы да зор екені аян. Жалпы 4 миллиард теңгеден астам мемлекетке залал келген. Ал атаулы соманы қазынаға қайтаруда тағы дәрменсізбіз. Шығынның бар болғаны 155 миллион теңгесі, яғни 3,6%-ы өндірілген.

Өзекті өртейтіні, жемқорлықтың жолын кесуі тиіс «финполиция» қызметкерлерінің қылмыстық әрекеттері тыйылар емес. Жиында айтылғандай, қаржы полициясының екі қызметкерінің үстінен қылмыстық іс қозғалған.

Яғни, шіренген шенеуніктер заңсыз ойын бизнесімен айналысқан азаматтың тәркіленген аппараттарын көлеңкелі жолмен қайтарамын деп 5000 АҚШ долларын дәметкен. Онысымен қоймай, алдағы уақытта да заңсыз кәсіпкердің жұмысына «шапағатын» тигізуге ниеттеніпті. Бас қаржы полицейдің өзі мұндай қылмыстың орын алуы өте ұят жағдай екендігін жасырған жоқ. «Қоластымдағы қызметкерлердің заңсыз тірлікке араласуы сорақы жағдай. Біз мұндай қылмыстың көзін жоюға әрекет жасаймыз. Ешкімге аяушылық болмайды», – деген С.Ерімбетов қызметкерлеріне ескертіп қойды. Қызметкерлер арасындағы сыбайластықтың түп-тамырын жоюға уәде берген басшының пәрмені алдағы уақытта белгілі болмақ.

Рас, сыбайласқан шенеуніктер бәрібір Заңнан аттап кете алмасы анық. Бірақ мұндай қылмыстың құт қонған өлкеде етек жаюына не дерсіз?

OTYRAR Shymkenttiń aqparat portaly