АЛТЫНОРДА
Новости Казахстана

АЗАМАТТАРДЫ ЖЕКЕ СҰРАҚТАРЫ БОЙЫНША ҚАБЫЛДАУ ӨТТІ

cоғыс ардагерОҚО әкімі Бейбіт Атамқұлов бірқатар азаматтарды жеке мәселелерімен қабылдады. Қабылдауға келген «Отырар» шағын ауданының тұрғыны, І топ мүгедегі Беркінбаева Құрманкүл жалдамалы пәтерде тұратынын, өзінің тұрғын үй кезегінде 3888-ші болып тіркелгенін айтып, ІІ топтағы ұлының жұмысқа тұруына көмек көрсетуін сұрады. Б.Атамқұлов бұл мәселені назарға алып, үй кезегі келгенше қызметтік үймен қамтамасыз етуді, ұлы Ескендір Олжасты жұмысқа орналастыру жайын шешуді жауапты сала мамандарына  жүктеді. Ал, жеке кәсіпкер Толянов Анармет өңірден электро-изоляторлық зауытын ашуға қайта қаржыландыруды сұрады. Кәсіпкер бұған дейін «Максимум» аймақтық инвестициялық орталығының қаржыландыру бағдарламасы аясында 16 млн. теңге алғанын, оның 2 млн. теңгесін қайтарғанын айтты. Облыс әкімі бұл жайтты кеңінен зерттеп қайта қарайтынын мәлімдеді.

Сонымен қатар, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президент күні қарсаңында облыс әкімі Бейбіт Атамқұлов соғыс және еңбек ардагері Қаратай Төлебековтың отбасына барып, Мемлекет басшысы атынан мерекемен құттықтады. Жылы жүздесу кезінде ардагерге Елбасының атынан сыйлық сертификатын табыстады. Қадірменді қария өзін мерекемен құттықтаған ҚР Президенті мен өңір басшысына алғыс білдіріп, егемен елімізді өсіп-өркендету жолында атқарылып жатқан игі тірліктерді қолдайтынын жеткізді. Ел құрметіне бөленген Қаратай Төлебеков 1924 жылы Бәйдібек ауданы Жүзімдік ауылында туылған. Майдангер 1942-1950 жылдары Кеңес Армиясының қатарында қызмет етті. Екінші Прибалтика майданында 240-ші полктің 482 жеке батальоны құрамында ұрыстарға қатысты. Көрсеткен ерліктері үшін ІІ-ші дәрежелі Отан соғысы орденімен, мерекелік медальдармен марапатталған. От пен жалында шыңдалған жауынгер 1950-1958 жылдары саяси партия органдарында қызмет етті. Кейін 1962-1986 жылдары Шымкент кооператив техникумында, Оңтүстік Қазақстан облысындағы орта арнаулы оқу орындары директорлар кеңесінің төрағасы жұмыстарында істеді. 1998-2004 жылдары Шымкент политехникумында менеджмент кафедрасында меңгеруші болды. Ал, 1998-2004 жылдар аралығында «Мирас» университетінде дәріс беріп, құрметті профессор атанды. Ардагер жары Қымбат Бердалиева екеуі төрт перзент тәрбиелеп өсіріп, олардан 8 немере сүйген бақытты ата-ана.

 

ОҚО әкімінің баспасөз қызметі