Кеше Жамбыл облысы Қордай аудандық соты Ермек Тайшыбековті 4 жылға бас бостандығынан айырды. Бір қарағанда, «ұлтаралық араздық тудырды» деп айыпталған азаматқа берілген жаза аз сияқты болып көрінуі мүмкін. Өйткені, ол ұлт араздығын қоздырып қана қоймай Қазақ елінің территориялық тұтастығына қауіп төндірді. Елімізді терртиориялық тұрғыда бөлшектеп, Ресей Федерациясының құрамына қосуға шақырды. Алайда, сепаратистің жасаған қылмысы үшін жазадан құтылып кетпей аз мерзімге болса да түрмеге жатқызылуының өзі қазіргі жағдайда ұлтшылдар үшін аз жетістік емес.
Азаттық радиосының жазуынша, сот Ермек Тайшыбековке соңғы сөз сөйлеуге рұқсат бергенде, бір жарым сағаттай сөйлеген. Айыпталушы өзіне қарсы қозғалған істің құрамында қылмыстан бұрын саяси астар басым екенін айтады. Сондай-ақ, ол өз сөзінде «Қазақстанды ұлы ел деп санамаймын, бірақ президент Нұрсұлтан Назарбаев – ұлы тұлға. Нұрсұлтан Назарбаев бірлескен Қазақстан-Ресей мемлекетінің басшысы, ал Владимир Путині арнайы қызмет басшысы болғаны жөн» деп мәлімдеді.
Шын мәнісінде, Ермек Тайшыбековтың ұсынысы ақылға сыймайтын ұсыныс. Сондықтан да, оның Н.Назарбаевты бірлескен Қазақстан-Ресей мемлекетінің басшысы болсын деуі – шектен шыққандық. Әсілі, бұл Президенттің мәртебесін арттыра сөйлеп, жазамды жеңілдетем деген дәмеден туған қылық болса керек. Әрі-беріден соң, Тайшыбеков логикасына сүйеніп, сондай жағдай бола қалды дегеннің өзінде «арнайы қызмет басшысы» орта азиялық ешбір саясаткердің өзіне басшы болуына еш мүмкіндік бермейді. Мұны айыпталушы бес саусақтай біледі. Біле тұра, ол құйтырқылыққа барып отыр.
Негізінде, Ермек Тайшыбековтың сөзін талқылап, одан белгілі бір қортынды шығарудың еш қажеті жоқ. Себебі, бұған дейін қазақ бұқаралық ақпарат құралдарында арандатушы туралы көп жазылды. Ал, оның соттағы соңғы сөзі Тайшыбековтың бұрынғы көзқарастарынан бас тартпағанын аңғартты. Сондықтан да, біз Ермек Тайшыбековтың соттағы сөзі – соңғы сөз болғанын қалаймыз. Алайда, айыпталушы мен оның адвокаты аппеляциялық шағым әзірлеп, Жамбыл облыстық сотына жолдайтынын айтады. Демек, алдағы уақытта айыпталушының арызы бойынша сот отырысы Жамбыл облысында жалғасуы мүмкін.
Бұған дейін ШҚО Риддер қалалық соты «сепаратизмге шақырды» деген айыппен Игорь Сычевті бес жылға соттағаны белгілі. Ол «ВКонтакте» әлеуметтік желісінде «Дауысқа салу Риддер қаласында өтіп жатыр деп елестетіп көрейікші» деп сауалнама жариялаған болатын. Аталған сауалнамада Сычев көпшілікке Шығыс Қазақстан облысын Ресей федерациясы құрамына қосуды «қолдаймын» немесе «қарсымын» деп жауап беруді ұсынған. Міне осы сауалнамаға байланысты ол 5 жылға бас бостандығынан айрылды.
Сондай-ақ, бүгінде «әлеуметтік желідегі жазбалары арқылы араздықты қоздырды» деп айыппен Ермек Нарымбаев пен Серікжан Мәмбеталин істі болуда. Алайда, олар Ермек Тайшыбеков пен Игорь Сычев сияқты ресейшіл көзқарастары үшін емес, бүгінгі билікке деген сыни ұстанымдары үшін қудаланып жатқаны мәлім. Сот оларды айыпты деп тауып, түрмеге жатқызуы әбден мүмкін. Дегенмен, қазақстандық құқыққорғаушылар ұлт жанашырларының соңына шам алып түсу орнына ел ішін ала тайдай бүлдіруді мақсат еткен, әлеуметтік желілерде Тайшыбековке ашық қолдау білдіріп, сепаратистік идеяларды насихаттап жүрген Қайрат Байгереев, Ерлан Есеналиев, Амир Касенов сынды желі қолданушыларын тексерсе, сол арқылы арам идеялар соңында жүрген жастардың бетін қайтарса нұр үстіне нұр болар еді. Өйткені, олар ұлт араздығын қоздырып қана қоймай Қазақ елінің Тәуелсіздігіне қатер төндіріп жүр.
Қандай жағдай болса да Тайшыбеков соты – Қазақстандық биліктің сепаратизмге берген ресми бағасын білдіретін сот болды. Ал, басты кінәлінің айыпталып, қамауға алынуы – ұлтшылдар қозғалысының үлкен жеңісі.
Серік ЖОЛДАСБАЙ