АЛТЫНОРДА
Новости Казахстана

ОҚО-ДА 58 ОТБАСЫҒА ПӘТЕР КІЛТІ ТАБЫСТАЛДЫ

img_9677Бүгін, еліміздің Тәуелсіздік күні мерекесіне тарту ретінде халық игілігіне жаңадан 9 қабатты, 144 пәтерден тұратын тұрғын үй кешені тапсырылды. Көп қабатты тұрғын үйдегі 58 пәтердің кілті «Қол жетімді баспана — 2020» бағдарламасы бойынша шымкенттік 58 отбасыға берілді. Жаңа қоныс «Нұрсәт» шағын ауданының маңынан бой көтерген. Пәтер кілттерін облыс әкімінің бірінші орынбасары Дархан Сатыбалды мен Шымкент қаласының әкімі Ғабидолла Әбдірахымов жас отбасылар мен жергілікті атқарушы органдарда кезекте тұрған мемлекеттік қызметкерлерге салтанатты түрде табыс етті. Айта кетейік, халықты тұрғын үймен қамтамасыз ету мақсатында өңірлерді дамытудың 2020 жылға дейінгі бағдарламасы шеңберінде үш бағыт бойынша — жергілікті атқарушы органдарда кезекте тұрғандар мен Қазақстан тұрғын үй құрылыс жинақ банкі бойынша кезекте тұрғандарға және «ҚИК» ИҰ» АҚ-ның тұрғын үйлерінде кезекте тұрғандар үшін баспаналар беріледі. Бағдарламаның бірінші бағыты бойынша коммуналдық тұрғын үй қорынан тұрғын үй алу тізімінде 19 722 азамат тіркелген. Оның ішінде 3 ҰОС ардагері мен 1431 ата-анасының қамқорлығынсыз қалған азаматтар, 7,6 мың адам аз қамтылған отбасылар мен апатты үйлерде тұрып жатқан 21 отбасы үй кезегін күтуде. Жыл соңына дейін 1624 кезекте тұрған азамат баспанамен қамтылады деп жоспарлануда. Екінші бағыт негізінде сегіз көп қабатты тұрғын үй пайдалануға беріліп, нәтижесінде 450 азамат пәтер кілтіне ие болды. Ал «ҚИК» ИҰ» АҚ бойынша осы жылы 2,7 мыңнан астам азамат баспаналы болған. Жыл соңына дейін тағы 1080 оңтүстікқазақстандық үйлі болмақ. Айта кетейік, облыста көп қабатты 78 тұрғын үйдің (3841 пәтер) құрылыс жұмыстары жүргізіліп жатыр. Жыл басынан бері көпқабатты 43 тұрғын үйін (2969 пәтер) кезегі келген азаматтарға тапсыру жоспарланса, бүгінгі таңға 35 үйдің кілті қоныс иелеріне тапсырылған.

ОҚО әкімінің баспасөз қызметі