Өткен аптада ұлттық қауіпсіздік қызметі саласының қызметкерлері «чекистер күнін» атап өтты. Ресей федерациясы Сыртқы барлау қызметінің өкілі қазақстандық сыртқы барлау қызметінің ардагерлерін ЧК 95 жылдығына арнай шығарылған мерейтойлық төс белгімен марапаттады.
ҚР ҰҚК Сыртқы барлау қызметінің ардагерлері қауіпсіздік қызметінің 95 жылдығын атап өтті. Жиынға РФ Сыртқы барлау қызметінің ресми өкілі арнайы келіп қатысып, Кеңес үкіметі кезінде осы салада қызмете етіп, сыртқы барлауға үлес қосқан ардагерлерді құттықтады. Қазақстандық барлаушы-генералдар – Жүкен Марденов, Болат Мешінбаев, сыртқы барлау полковниктері – Тұрлыбек Ниязқұлов, Виктор Прудников, Әбдіғапар Мирманов, Станислав Нестеренколар Ресей Сыртқы барлау қызметінің «ИНО (иностранный отдел) – ПГУ (первое главное управление) – СВР» (служба внешней разведки) деп жазылған төс белгілерімен марапатталды. Бұл азаматтар кезінде сыртта жүріп орталық жүктеген маңызды тапсырмаларды орындаған. Олардың елге сіңірген еңбектері жалпыға белгісіз болғанмен тиісті органдар оны ұмытпайды.
20 желтоқсан – өмірлерін қауіпсіздік органдарына арнаған барлық адамдардың бастарын қосатын атаулы күн. Бұдан 95 жыл бұрын Төтенше жағдайлар жөніндегі комиссариат құрылды. Арнайы қызметтің аты бүгінгі күнге дейін бірнеше рет өзгергенмен (ВЧК – бүкілресейлік төтенше комиссариат, НКВД – ішкі істер халық комиссариаты, ОГПУ- бірлескен мемлекеттік саяси басқарма, МГБ – мемлекеттік қауіпсіздік министрлігі, КГБ – мемлекеттік қауіпсіздік комитеті), соңғы 95 жылдың ішінде қауіпсіздік органдарының негізгі атқаратын міндеттері өзгерген жоқ, оның міндеті – елдің ұлттық қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Мемлекеттік қауіпсіздік органдары 1934 жылы КСРО Ішкі істер халық комиссариатының (НКВД) құрамына кірді. 1954 жылы КСРО Министрлер Кеңесі құрамында Мемлекеттік қауіпсіздік комитеті құрылды. Қазақстандық арнайы қызметтің тарихы осы кезден бастау алады.
КСРО ыдырағаннан кейін Қазақстан қауіпсіздік органдарының тарихы қайта басталды. 1992 жылдың 13 шілдесінде Қазақстанның Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың жарлығымен Ұлттық қауіпсіздік комитеті құрылды. Ал 1993 жылдың 15 қазанында «Қазақстан Республикасының Ұлттық қауіпсіздік комитетінде және Қорғаныс министрлігінде барлау бөлімдерін құру туралы» №1372сс жарлығына Президент қол қойды. Сол кездерде Ұлттық қауіпсіздік комитетіндегі негізгі құрылымдардың бірі болған, еліміздің тәуелсіздік алуына, аяғына нық тұруына орасан үлес қосқан қазіргі «Сыртқы Барлау» қызметінің (Сырбар) тарихы осы күннен басталғанмен, қазақстандық сыртқы барлау қызметінің тамыры тым тереңде жатыр.
Өткен ғасырдың басында Кеңес үкіметі енді құрылып жатқан кезде елдің саяси басшылығы жоғарғы деңгейдегі барлау қызметін құру туралы шешім қабылдады. «Тек салмақты, дұрыс жолға қойылған барлау қызметі ғана бізді су қараңғыда ағат басудан құтқарады» деген В.Лениннің кеңесімен, 1920 жылдың 20 желтоқсанында Ф.Дзержинский Бүкілресейлік Төтенше комиссияның (ВЧК) шетелдік бөлімін құру туралы №169 бұйрыққа қол қояды. Бұл қызметке шет мемлекеттердің арнайы қызметтерінің ел арасына іріткі салу, лаңкестік әрекеттеріне тойтарыс беру жүктелген. Қазақстандық барлау қызметі осы «шинельден» шыққан деп айтуға болады.
Жаңа тәуелсіздік алған Қазақстанның ұлттық қауіпсіздік органдары, соның ішінде сыртқы барлау, бұрыннан келе жатқан барлау әрекеттерінің тәжірибелерін өз қызметінде кеңінен пайдаланды. Шет елдердегі арнайы қызметтердің, ең алдымен КСРО МҚК (КГБ) мен Қазақ КСР МҚК барлау бөлімдерінің тәжірибелерін негізге алды. Кеңес үкіметі тұсында Қазақстанның сыртқы барлау қызметі, аз ғана уақытта Мемлекеттік қауіпсіздік комитетіндегі кішігірім бөлімнен осы жүйедегі аймақтық құрылымдардың ішіндегі ірі Басқарма деңгейіне дейін өсті. Сөйтіп, 1997 жылдың 5 қарашасында Президент Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан Республикасының «Барлау» қызметін құру туралы жарлыққа қол қойды. Өткен жылы барлау қызметі «Сырбар» болып қайта құрылды. Қазақстан Республикасының «Сырбар» сыртқы барлау қызметі– сыртқы барлау саласындағы уәкілетті орган функциялары жүктелген Қазақстан Республикасының Президентіне тікелей бағынатын және есеп беретін мемлекеттік орган.
«Сырбар» сыртқы барлау қызметіне – Қазақстан Республикасының Президентін, Үкіметін және мемлекеттік органдарын барлау ақпаратымен және саяси, қаржы-экономикалық, әскери-саяси, ғылыми-техникалық, гуманитарлық және экологиялық салалардағы талдау бағаларымен қамтамасыз ету, елдің экономикалық дамуы мен ғылыми-техникалық өркендеуіне және Қазақстан Республикасының қауіпсіздігін әскери-техникалық қамтамасыз етуге жәрдемдесу, ұлттық қауіпсіздік саласындағы мемлекеттік саясатты жүзеге асыруға мүмкіндік туғызатын жағдайларды әзірлеуге және жасауға қатысу, Қазақстанның ұлттық мүдделері мен қауіпсіздігіне, оның ұйымдарына, мекемелеріне және азаматтарына шет мемлекеттердің арнайы қызметтері мен ұйымдары, жекелеген тұлғалар, шетелдегі террористік және экстремистік ұйымдардың тарапынан нақты және ықтимал зиян келтіруді болдырмауға бағытталған шараларды жүзеге асыру, белгіленген құзыреті шегінде Қазақстан Республикасының шет елдердегі мекемелері мен олардың персоналының қауіпсіздігін қамтамасыз ету, басқа да сыртқы барлау органдарының қызметін үйлестіру сияқты міндеттер жүктелген. Осылайша Ұлттық қауіпсіздік комитетінен енші алып, бөлініп шыққан «Сырбар» қызметі әлемдік сыртқы барлау ведомстволардың ішінде өз орынын алған.
Осы бір ғасырға жуық ұзақ уақытта қазақстандық қауіпсіздік органдарындағы барлау үлкен де даңқты кезеңдерден өттіп, шыңдалды. Сыртқы барлау қызметінің тарихы енді қалыптасып келе жатыр дегенмен, бұл арнайы қызметтің жеке құрылымға жеткенге дейінгі өзіндік тарихы жетерлік. ВЧК-дағы кішігірім бөлімнен басталған барлау қызметі шет елдерде резидентуралары, аймақтық бөлімшелері бар, сыртқы саяси байланыстар саласында өте тиімді ірі құрылымға айналды. Қазақстанда барлау қызметі әр кезеңдерде – шетелдік бөлім, Мемлекеттік қауіпсіздік басқармасының 5 бөлімі, барлау бөлімі, бірінші бөлім, екінші бөлім (Ішкі істер министрлігімен біріккен жылдарда), бірінші басқарма, департамент, «Барлау қызметі» және «СырБар» қызметі деп аталды.
Қазақстандық барлаудың кеңестік кезеңдегі тарихы сонау 20-жылдарда Қытайдағы Шыңжаң өлкесіне жайғасқан ақ гвардияшылардың ұйымдарын құртудан басталады. Осы кезде Семей аймақтық ГУБЧК барлаушылары 1920 жылы Қытайға қашып өткен атаман Дутовты жою, атаман Анненков пен оның штаб бастығы Денисовты Қытайдан бері алып өту операцияларын жүзеге асырды. Бұл операциялар кейіннен киноматографияның классикасына айналған «Атаманның ақыры», «Трансібір экспресі» фильмдерінің сюжетіне арқау болды. Біздің барлау қызметкерлері жұмыстарын Шыңжаңдағы Үрімші, Құлжа, Шәуешек, Шара-Сүме қалаларындағы консулдық резидентураларда жүргізілді. Ұлы Отан соғысы тұсында, соғыстан кейінгі жылдарда да арғы жақтағы Алтай, Тарбағатай және Іле аймақтарында қазақ барлаушылары жұмыс істеген.
Кеңес әскері Ауғанстанға кірмей тұрып бірнеше мәрте Кабулға астыртын барып, Кремльдің жүргізіп отырған саясатына аса қажетті ақпараттар жинаған да, Ауғанстан астанасындағы Тәж Бек сарайына шабуыл жасаған Мемлекеттік қауіпсіздік комитетіндегі сыртқы барлау қызметкерлері болды. Осы күнге дейін өте құпия сақталып келген операциялардың ішінде көптеген қазақ офицерлері болды. Бүгінгі әңгіме Ауғанстанға барған алғашқы арнайы топтың құрамында Қазақстан Ұлттық қауіпсіздік комитетінің офицерлері Сабыр Имандосов пен Наград Сәйкеновтер болды. Өткен ғасырдың алпысынша жылдарында КСРО Мемлекеттік Қауіпсіздік Комитетінің (КГБ) «С» басқармасындағы сегізінші бөлім «айрықша кезеңдерде» КСРО аумағынан тыс жерлердегі диверсиялық операцияларды орындайтын, кез келген мемлекетте «дербес жұмыс» істей алатын арнайы резервистерді дайындады. Онда шет елдердегі жедел-жауынгерлік операцияларды орындау үшін жіберілетін өте құпия отрядтарды басқаратын, жан-жақты, кәсіби сауаттылығы жоғары офицерлер дайындалды. 1979 жылы 27 желтоқсанда Ауғанстан астанасы Кабулдағы Тәж Бек сарайына шабуыл жасаған «Зенит» арнайы тобы осы жерден жасақталып шықты. Диверсиялық топтың командирі Кеңес Одағының Батыры, полковник Григорий Бояриновтың орынбасары, жерлесіміз полковник Қабдолда Бекжанов болған. Олардың Ауғанстанда атқаратын міндеттері – елдегі шынайы жағдайларды анықтау, жергілікті тұрғындардың саяси, әлеуметтік ахуалдарын білу, жедел байланыстар орнату, біздің елден барғандардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету т.б. болды. Ұлттық қауіпсіздік комитетінің атқаратын қызметі негізінен құпия болғандықтан, жария бола бермейді. Сондықтан Кеңес үкіметі тұсындағы мемлекеттік деңгейдегі маңызы зор құпия операциялар туралы арада жиырма-отыз жыл өткеннен кейін ғана естіп-біліп жатырмыз. Бұл да қазақстандық барлау қызметі тарихының бір кезеңдері.
Қазақстан тәуелсіздік алғаннан кейін халықаралық аренада республиканың мүддесін өздеріне ғана тән тәсілдермен қорғауды, арнайы тапсырмаларды жүзеге асыратын толыққанды барлау қызметі пайда болды. Кеңес үкіметі тұсында қауіпсіздік саласында қызмет еткен тәжірибелі қазақстандық барлаушылар арнайы қызметтің қыр-сырына жас буынды оқытуға көп көңіл бөлді. Ұлттық қауіпсіздік комитеті мен «СырБар» қызметінің ардагер генералдары – А.Байғарин, Ғ.Байжанов, Ж.Марденов, Б.Меченбаев, Ж.Рыспаевтар бұл салаға үлкен үлес қосты. Осы уақыттың ішінде барлау органдарымен шетелдердегі резидентураларда легалды және легалды емес желілер құрылды. Олар жеткізген құпия ақпараттар ел басшылары тарапынан жоғары бағаланып, маңызды сыртқы саяси және экономикалық шешімдер қабылдауда пайдаланылды. Шекаралық мәселелер бойынша Ресей, Қытай, Түркіменстан, Өзбекстан және Қырғызстан елдерімен арада болған барлық келіссөздер, Қазақстанның мемлекеттік шекарасын делимитациялау және демаркациялау жұмыстары да осы Сыртқы барлау қызметінің тәжірибелі мамандарының қатысуымен жүргізілуі заңды.
Шет елдердің арнайы қызмет өкілдерімен ынтымақтастықта тиімді жұмыс істеу Ұлттық қауіпсіздік комитетінің ресми өкілдері арқылы іске асырылады. Шетелдік арнайы қызмет өкілдерімен «бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарып», бірлесіп жұмыс істеу халықаралық терроризм, діни экстремизм, трансұлттық ұйымдасқан қылмысқа, жаппай қырып-жою қаруының және екіжақты пайдаланылатын технологиялар мен өнімдердің шекаралардан өтуіне қарсы тосқауыл қоюға бағытталған, өте тиімді тәсіл болып саналады. Мемлекеттің қауіпсіздігін, тұтастығын бірлесіп қорғау да үлкен дипломатияны қажет етеді. Бұл да сыртқы барлау қызметкерлеріне тән мінез.
Қазіргі барлау қызметі мемлекеттің қауіпсіздігіне, тұтастығына негізделген. Бүгінгі «СырБар» бүкіл арнайы қызметтердің ішіндегі ең жоғары тұрған, өресі биік элиттік құрылым болып саналады. «Қанжар мен сулық рыцарьлары» деген шартты атақ алып, аңызға айналған Рихард Зорге, Штирлицтердің қазақстандық прототиптері дәл қазір халыққа қызмет етіп елден жырақта жүр. Халық олардың есімдерін білмеуі мүмкін, бірақ олардың істеген ерліктері ұмытылмауы тиіс. Сыртқы барлау қызметінің негізгі жұмысы тек мемлекеттік маңызы бар «құпия» және «өте құпия» құжаттардан тұрады. Қандай да болмасын барлау қызметі өздерінің адамдарын аша бермейді. Сондықтан олардың көпшілігі өзінің кәсіби мейрамын, тіпті туған күндерін маңайындағы адамдармен бөлісіп, бірге тойлай алмайтын жағдайда жат жұртта жүргенін кім біліп жатыр?! Әрбір басқан қадамы қауіп-қатерге толы барлау қызметінің «ұрыс даласындағы көрінбейтін жауынгерлерін» құрылымның тоқсан бес жылдық мерейтойларымен құттықтаймыз!