АЛТЫНОРДА
Новости Казахстана

Қайыржан ТӨРЕЖАН.ХХІ ҒАСЫРДЫҢ ПИРАТТАРЫ

69bb33e042d5c8064c03f094ede33db0[6]Ұзын жолдың бойын торып, керуендерге шабуыл жасайтын қарақшылық атам заманнан келе жатқан ежелгі кәсіптердің бірі. Қазіргі кезде де қарақшылықты кәсіпке айналдырған қарулы топтар әлемнің әр жерінде жосып жүр. Бір кездерде түйеге тауар артып, кіре тартатын керуеншілермен бірге оларға шабыл жасайтын қаныпезер қарақшылар да құрыған. ХХ ғасырдың басында жүк тасымалдайтын пойыздарды тонауға маманданған  бандалар, банктерді тонайтын гангстрлер пайда болды, одан кейін 90-шы жылдарда автокеруендерді елсіз жерде тоқтатып, қорқытып ақша талап ететін рэкеттер шықты. Олар туралы талай кітаптар жазылып, кинолар түсіріліп жатыр. Қарақшылық ешқашан тоқтаған емес. Құрлықтағы қарақшылар заман ағымына қарай тонау тәсілдерін осылайша сан құбылтты, ал үлкен сулардағы теңіз пираттары сауда кемелерін тонағанда бүгінгі күнге дейін сонау капитан Флинт, капитан Блад кезінен келе жатқан ежелгі тәсілдерді қолданады. Бала кезімізде қызығып оқитын Стивенсон, Сабатинидің романтикалық кітаптарының желісі теңіз қарақшыларының бастан кешкен шытырман оқиғалардан құралған. Сол кітаптардағы кейіпкерлердің образдары – асқан қатыгездігімен ерекшеленетін пираттар ешқайда жоғалып кеткен жоқ, әлі де теңіз толқынында кеме торып жүр. Олар дәл осы заматта кемені абордажға алып, тонап жатуы да мүмкін. Теңіз қарақшыларын – пираттар, корсарлар, флибустьерлер деп әр жерде әртүрлі атайды. Ерте кездерде теңіз қарақшыларының өз еліне пайдасы да болған, мысалы финикиялық пираттар көптеген георграфиялық жаңалықтарды ашқан. Баскесер, қарақшы саналғанмен пираттарды кейбір елдердің үкіметі өз мүддесіне пайдаланған. Белгілі бір елдің ресми патентін алған пираттарды «каперлер» деп атаған. Мысалы, британдық патенті бар каперлер француздың немесе испандық кемелерді тонаған немесе керісінше француз каперлері ағылшындарға шабуыл жасаған. Өткен ғасырдағы дүниежүзілік соғыстар кезінде немістердің рейдерлік кемелері басқа елдердің сауда кемелеріне шабуыл жасады. Бүгінде экватордың ар жақ, бер жағындағы жылы суларда теңіз қарақшылары қаптап жүр.

         69bb33e042d5c8064c03f094ede33db0[6]Бүгінде теңіз қарақшылары туралы сөз бола қалса Африкадағы Сомалидің пираттары деп түсінеміз. Бұл елдің пираттары соңғы жылдары маңайынан өткен кемелерге ұдайы шабуыл жасап атын әлемге әйгілі етті. Сомалиде ұзақ жылдарға созылған азаматтық соғыстың салдарынан мұнда жаппай заңсыздық пен анархия етек алған. Сомалий пираттары өте қатыгездігімен аты шыққан, мықты қаруланған және жақсы ұйымдасқан. Бұлар қарақшылық жасайтын жағалауларды өзара бөлісіп алған. Олар 5-8 адамнан тұратын шағын топпен жылдам жүзетін қайықтарға мінеді де, жағадан алысқа ұзап шыға береді. Сондықтан Аден шығанағындағы коммерциялық кемелерге жағалау жиегіне 100 теңіз миліне дейін жақындамауға кеңес береді. Бұл жерлерде америкалық, француз, неміс, орыс әскери кемелері қатаң бақылауға алғанмен пираттардың шабуылдары азайған жоқ. Бүгінгі күні Сомали пираттары әлемде бірінші орында тұр.

         Африка Мүйізінде кепілдікке алған кемелер үшін Сомали пираттары 2005–2012 аралығында $339–413 млн алыпты. Олардың жыл сайын табатын табысы – $2,7 млнды құрайды екен. Егер операция сәтті өтсе қатардағы әрбір қарақшы қолына $30–75 мың алады, ал абордаж кезінде кім бірінші болып бортқа шықса, сондай-ақ кімде кім өз қаруын немесе бортқа шығатын жеңіл сатысын ала келсе оған қосымша тағы 10 мың доллар беріледі. Олардың өз заңы бар. Мысалы пираттың жалақысынан ішкен тамағының ақысын ұстап қалады, сондай-ақ ерте заманда қалыптасқан «пират кодексін» бұзғандар болса (мысалы, қолға түскен кеменің команда мүшелеріне қатал қарау) ондайларға 5 мың доллар айыппұл салынады. Іштерінен қызбаланып, өзін өзі ұстай алмай кодексті бұзған қарақшылар шығып жатса, ондайлар рейдтен бір тиынсыз қайтады, тіпті қарызға кіріп кетуі мүмкін. Пираттардың табысының бір бөлігі аспаздарға, делдалдарға, валютаның жалған емес екенін анықтайтын детекторларға және адвокаттарға жұмсалады екен. Сондай-ақ, бұлар өздеріне тиіспеу үшін құқық қорғау қызметтеріне және бұларды қадағалап отыратын террористерге (мысалы, «Аш-Шабааб» тобы салық ретінде пираттар табысының 20 пайызын қағып алатын көрінеді) төлейді. Жасы келген тәжірибелі пираттар құрлықта жұмыс істейді, олар бұрынғы әріптестеріне кеңесші немесе келіссөздер кезінде араағайын болады.

      
76e1592af1b2(2)[12]   Кемеге қарақшылық шабуыл жасау белгілі бір жүйемен жүргізіледі. Барлау қызметінің мәліметтері бойынша, орташа түсім келеді-ау деген операцияға 4-5 инвестор ақша құяды. Жиған-тергенін былығып жатқан елде кім сақтасын, олар ақшасын басқа елдегі банктерге жинайды, сондықтан олар қаржыны тазарту үшін әртүрлі қитұрқы амалдардың схемасын жасайды. Осылайша пиртаттық жолмен келетін қаржы Сомалиден Джибути Республикасы, Кения және БАӘ арқылы сыртқа ағып жатыр. Қаржыгерлердің үштен бірі қаржысын өзінің саяси ықпалын жүргізуге және «халықтық еріктілер» жасақтарын құруға жұмсайды.

         Африка құрлығының айналасы атадан балаға өтіп келе жатқан пираттар мекені. Теңіз қарақшылығының тағы бір өркендеген жері – Оңтүстік Америка сулары. Ұйымдасқан теңіз қарақшылары Бразилияда күтпеген жерден шабуылдарға шығып тұрады. Бұл елдің пираттары да Сомалидегі сияқты кішігірім яхталардан бастап, үлкен сауда кемелеріне дейін қорықпай барады. Өткен күзде пираттар ағылшын Питер Блэйктің, экипажы арнайы оқытылған мықты теңізшілерден тұратын «Seamaster» яхтасына шабуыл жасады. Ал оның алдында немістің және француздың ірі екі яхтасын пираттар басып алды. Экипаж мүшелері барынша қарсылық көрсетіп-ақ баққан, соған қарамастан үш яхтаны да теңіз қарақшылары тонап әкеткен. Бразилияның жағалау шекарасы жүздеген шақырымға созылады және бұл жерлерде бірнеше өзендер теңізге құятын көптеген шығанақтар бар, шабуыл жасағаннан кейін пираттар солардың кез келгеніне кіріп зым-зия жоқ болады. Ең қауіпті жер болып Сантос аумағындағы Амазонка өзенінің сағасы. Теңіз қарақшылығының бүгінгі замандағы ең дамыған жері осы болып саналады.

         Пираттар көп жүретін Венесуэла да жоғарыда аталған елдерден қалыспайды. Бұл елдің аумағына кіретін суларда жүрген көптеген теңізшілер қорқынышпен еске алады. Қазір біршама тынышталғанмен бұдан біраз жыл бұрын бұл суларда теңіз қарақшылары өткінші кемелердің экипажына үлкен үрей ұялатқан болатын. Әсіресе, Венесуэланың шығыс жағымен өту өте қиын болды. Пираттар кез келген жерден тосып алып, тонап кететін болған. Бұл елде теңіздегі қарақшылықпен айналысатындардың дені қарапайым балықшылар болды, өйткені кедейлік титықтатқан оларға басқадай күнкөріс жолын табу қиынға түсті. Бұдан екі-үш ай бұрын осы жерде венесуэлдік жағалау күзетінің қызметкерлері неміс яхтасына шабуыл жасалғаны туралы хабар бүкіл әлемге тарады. Алайда, Венесуэла үкіметі мұны жергілікті наркодиллерлердің арасындағы қақтығыс дегенді алға тартып, қарақшылықты ресми түрде жоққа шығарды. Бұл өңірде пираттардың жиі шабуыл жасайтын жерлері – Пуэрто-Ла-Крус пен Маргарита аралдарының маңы болып табылады. Сондай-ақ, жағалау күзеті Амакуро және Педерналес өзендері құятын Пария мен Арайя түбектерінің жанынан өткенде теңізшілерге аса мұқият болу керектігін ескертіп отырады.

      111102_115451_Map of pirace 2011[2]   Әлемдік экономикалық дағдарыс пираттар санының өсуіне ықпал етіп отыр. Бұған дейін қауіпсіз болып саналатын суларда қазір теңіз қарақшылары пайда бола бастапты. Қауіпсіз жерлердің бірі Тринидад былтырдан бері пираттар мекеніне айналды. Әсіресе Чагуарамас аумағында қозғалтқыш ілінген жеңіл қайықтарға мінген пираттардың шабуылдары биыл өте жиілепті. Тринидад аралының тұрғындары тұтастай қарақшылыққа үйрене бастағандай, сол маңға зәкір тастаған кемелердің экипажына жағаға шығуға тыйым салынады. Өйткені жағаға шыққан адам тоналады, тіпті қарақшылар өлтіріп тастауы мүмкін.

         Бір заманда Колумбия корсарлардың отаны болғаны рас, дегенмен қазіргі кезде қарақшылық тыйылған сияқты. Наркотиктік заттарды контрабандалық жолмен шығаратын кемелерді қарулы жасақтар ашық теңізге дейін шығарып салатыны белгілі. Бірақ пираттардың ауыз толтырып айтарлықтай ірі кемелерге жасалған шабуылдарының болмағанына көп уақыт өтіпті. Теңіз қарақшыларының ең соңғы ірі шабуылы 2002 жылы 29 қыркүйекте тіркеліпті. Ол кезде Венесуэла шекарасынан 50 шақырым солтүстік-шығысқа қарай Пуэрто-Эрмос маңында америкалық үш яхтаға шабуыл жасалған. Колумбия мен Венесуэла үкіметтері бір біріне сілтеп, бұл аумаққа өздерінің қатысы жоқ екендігін айтып ақталған болды. Бұл кездерде Колумбия корсарлары өз аумағынан шығып кетіп басқа сулардағы кемелерді де тонап жүрген. Корсарлардың көп жүретін жері наркотикті контрабандалық жолмен шығаратын Гольфо-де-Ураба шығанағының оңтүстік жағы болып есептеледі. Никарагуа мен Гондураста да жер сілкінісінен кейінгі экономикалық құлдыраудың салдарынан теңіз қарақшылары жорыққа жиі шыға бастаған. Әлемдік дағдарыстың беті қайтқанша теңіз қарақшыларының саны күрт көбейетін сияқты.