Келер жылдан бастап виза берудің жаңа ережелері енгізіледі. Бұл туралы еліміздің Сыртқы істер министрі Ерлан Ыдырысов мәлімдеді. Жаңа жылдан бастап біздің елге келетін шетелдіктерге қолайлы жағдай жасалмақ. Статистикаға сүйенсек, Қазақстан азаматтары 41 мемлекетке визасыз кіруге құқы бар. Ал 2015 жылдың 15 шілдесінен 2017 жылдың соңына дейін 20 елдің азаматына 15 күнге ел аумағына визасыз кіруге рұқсат берілген. Ерлан Ыдырысов, ҚР Сыртқы істер министрі: — Қазақстан азаматтары төлқұжаттың барлық түрімен визасыз сапарлауға қол жеткізу үшін келісім жасау жолындамыз. Қазір бізде дәл осындай 19 келісім бар. Яғни қазақстандықтар жалпыазаматтық төлқұжатпен визасыз 19 елге бара алады. Біз соңғы рет Кубамен осы келісімге қол қойдық. Естеріңізге сала кетсем, өткен жылы мұндай келісім Бразилия, Мексика және Латын Америкасының басқа да мемлекеттері арасында жасалды. Статистикаға сүйенсек, біздің елімізде 2013 жылы 320 мыңдай виза берілсе, өткен жылы 300 мыңнан астам азамат емін-еркін кіріп-шығуға мүмкіндік алған. Бұл көрсеткіш биылғы жылдың 11 айында 242 мың 645-ке жетті.
http://24.kz/kz/