Ресей Президенті Владимир Путин украин тауарын Қазақстанға тасымалдауды реттейтін Жарлыққа қол қойды, — деп хабарлайды «Қамшы» порталы РИА Новости-ге сілтеме жасап.
Жарлықта Украинада өндірілген тауарларды Еуразиялық Экономикалық одақ мүшесі Қазақстанға тасымалдаудың тәртібі бекітілген. Атап айтқанда, қазақ еліне жол тартқан тауарлар Ресей аумағына тек Беларусия шекарасы арқылы ғана өтуі тиіс. Сонымен қатар, жүктер кедергісіз Қазақстанға өтуі үшін түгел пломбаланған, ГЛОНАСС ғаламдық навигациялық бақылау жүйесіне қосылған көліктер арқылы ғана тасымалдануы керек екен. Сондай-ақ, Ресей тарабы жүк тасушы көлік жүргізушілерінің тіркеу талондарының болуын да міндеттеп отыр.
Қазір Ресей үкіметі аталған пломбалардың нұсқасын бекіту мен оларды қолдану тәртібін қарастырып жатыр. Бұл өзгерістер Украина мен Ресей арасындағы кикілжің салдарынан Ресейдің Украинаға қатысты еркін сауда аймағы туралы келісімді тоқтатуына байланысты жасалып отыр. Кремль аталған шектеулер ресми жарияланған күннен бастап 1 шілдеге дейін созылатынын хабарлады.
Осылайша, сауда-экономикалық қарым-қатынасқа негізделген Еуразиялық экономикалық одақтың 2016 жылғы жұмысы Ресейдің одақтастарына экономикалық шектеу қоюымен басталып отыр.