АЛТЫНОРДА
Новости Казахстана

Қызылордалық оқушы қалдық заттардан хош иістендіргіш жасап шығарды

f_montale-aoud-co_20151210212707Сырбойылық өнертапқыш парфюмерия индустриясына инновациялық жаңалық енгізуі мүмкін. Назарбаев зияткерлік мектебінің 12 сынып оқушысы хош иісті алудың жаңа әдісін ойлап тапты. Отандық тағам өнеркәсібінде қарапайым кәмпит, печенье, түрлі сусындарға қажетті дәмдеуіштердің барлығы шетелден сатып алынады. Ал парфюмерия өндірісі елімізде атымен жоқ. 17 жасар Ақмарал Бисенованың тың технологиясы соның негізін қалауға мүмкіндік беретін сияқты. Жаңа өнімнің негізгі шикізаты – гексен-1 яғни, мұнай қалдығы. Оған сірке суы мен катализатор қосылады. Қолқаны қабатын өте өткір, жағымсыз элементтерден хош иіс алуға болатындығын Ақмарал дәлелдеді. Ақмарал Бисенова, жас өнертапқыш: — Біздің жаңалығымыз өндірістегі 2,48 сағат бойы жүретін реакцияны 30 есеге қысқартып, 2-5 минут аралығында алған болатынбыз. Жағымсыз заттың арасынан біз жағымды хош иістендіргіш алып отырмыз. Біз жалпы 17 тәжірибе жасадық. 17-сінің барлығында шықпағанымен, 14-тәжірибеде ең көп жақсы жағымды иісті шығаруға мүмкіндік болды. Нұрбол Аппазов, ғылыми жетекші: — Бұрынғы әдістерде қосымша өнімдер түзіліп, оларды қосымша тазартуға уақыт жіберетін болсақ, біздің Ақмарал екеуміз жасаған жұмыс нәтижесі қосымша тазартуды қажет етпейді. Күрделі эфирлерді синтездеуді Ақмаралдың ғылыми жетекшісі Нұрбол Аппазов осыдан 10 жыл бұрын қолға алған. Хош иістендіргішті қысқатолқынды пеште дайындау – сол тәжірибенің ең жетілген сатысы. Бұл жобаның ең басты артықшылығы – экологиялық тазалығы және энергоұтымдылығы. Нұрбол Аппазов, ғылыми жетекші: — Біздің зерттеулеріміз қоршаған ортаға мейлінше зиян тигізбейтін және энергияны өте аз пайдаланатын зерттеулер. Қоршаған ортаға зиян келтіретін бірнеше сатыдан тұратын үрдістерді біз 1 немесе 2 сатыда ғана жүргізетіндей қылып қысқартып жұмыс жүргіземіз. Бұл жаңалық дарынды жас өреннің алғашқы жемісі емес. 2 жыл бұрын сортаң аумақты жасыл желекке айналдыру бағытындағы ізденісі арқасында Павлодарда өткен ғылыми жобалар байқауында топ жарған болатын. Қазіргі таңда Ақмарал ғылыми жетекшісімен тың технологиясын патенттеп алуды жоспарлап отыр. Алдағы уақытта жаппай өндірісте қолданылатынына сенеді. Авторлары: Қамбар Бекенов, Әлхайдар Тұрлыханов

Источник: http://24.kz/kz/