АЛТЫНОРДА
Новости Казахстана

Қайыржан ТӨРЕЖАН.ҰЛТ ТАРИХЫН ЗЕРДЕЛЕГЕН ҚАРА ШАҢЫРАҚ

ValihanovШ.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтын құрылғанына 70 жыл болыпты. Осы жылдардың ішінде аты аңызға айналған институт айтулы жетістіктер мен табыстарға қол жеткізді. Мұнда жоғары білікті ғалым-тарихшылардың бірнеше ұрпағы қалыптасты, бірегей ғылыми еңбектер жазылды, библиографиялық сирек қор болып табылатын құжаттық жинақтар жарыққа шықты, отандық тарихтың өзекті мәселелері бойынша қаншама кандидаттық, докторлық диссертациялар қорғалды.

Қазақстанның өткені туралы ғылымының негізі ретінде тарихи білімнің қалыптасуы мен дамуы ежелгі түркілер дәуірінен бастау алады. Тасқа қашалып жазылған тарихи ескерткіштерде небір тарихи оқиғалар, көсемдер, әскери қолбасшылар, халықаралық қатынастар туралы өте бай ақпараттар мен шолулар сақталған. Әл-Фарабиден Абай дәуіріне дейінгі қазақ жазба ескерткіштерінде Ұла Дала тарихи білімінің даму сатыларын айқын бейнелейді. Жоғары оқу орындары мен Қазақ КСР Ғылым академиясының құрылуы ұлттық тарих ғылымының қалыптасу үдерісін ұйымдастыру жағынан толықтай бекітті. Бұл тарихи үдерістің ортақ идеясы мен нәтижесі Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының құрылуы мен қызметіне тікелей байланысты.

– Бұл институт КСРО ҒА Қазақ филиалының құрамында 1945 жылы құрылған, — дейді институттың тарихы туралы Сыртқы байланыс, ақпарат және ғылыми кластер бөлімінің меңгерушісі, т.ғ.к., доцент Зирабүбі Төленова. — Археология және шығыстану бөлімдері негізінде қазіргі Ә.Х. Марғұлан атындағы Археология және Р.Сүлейменов атындағы Шығыстану институттары құрылды. Шындығына келгенде, академик Ә.Х. Марғұлан да, академик Р.Б. Сүлейменов те осы институт қабырғасында жұмыс жасады. Институтты әр жылдары көрнекті ғалымдар мен танымал ғылымды ұйымдастырушылар басқарды. Алғашқы директоры құқықтанушы, тарихшы С.В. Юшков. 40-50-ші жылдары ұжымды С.Н. Покровский, кейіннен ҚазКСР ҒА академигі болды, одан соң екі жылдар И.В. Горохводатский басқарды. Ал институттың негізін салушы – ширек ғасырға жуық Қазақстан тарих ғылымының көшбасшысы болған Ақай Нүсіпбеков болды. Институтқа ол 1945 жылы тәжірибелі партия қызметкері, педагог, соғысты көрген  салиқалы ұстаз ретінде келді. 1956 жылы талантты ғалым және ұтқыр ұйымдастырушы институт басшылығына тағайындалды. Осы қызметті өз мамандығына және тарих ғылымына деген асқан сүйіспеншілікпен өмірінің соңғы кезеңіне дейін адал атқарып кетті.

Ынтымақшыл да шығармашыл ұжым орындаған күрделі еңбек ежелгі және орта ғасырлар тарихы мен жаңа және қазіргі заман тарихы туралы тың ғылыми ашуларды қамти отырып, археологтар мен шығыстанушылардың, этнографтар мен мемлекеттанушылардың, мұрағаттанушылар мен деректенушылардың ұзақ жылдардағы талмай ізденістерінің іргелі нәтижелерінің жиынтығы. Өзінің белгілі идеялық-методологиялық мақсаттылығы мен өткенді танудағы материалистік түсінігіне қарамастан көптомдық әлі күнге дейін жасампаздық қуатын жоғалтқан жоқ. Академик А.Н. Нүсіпбеков 80-ші жылдардың басында: «Кеңестік тарих ғылымының және оның бөлімі – қазақстандық тарихнаманың – даму үдерісінде тарих, археология және этнография және басқа да тарихи пәндер саласында еңбектің ғылыми бөлініске түсуі қалыптасты Ол тарих ғылымының өте маңызды мәселелерін зерттеудің ұтымды мамандандыруға негізделумен қатар, оларды Ғылым академиясының ғылыми мекемелерімен және Орталық Азия республикаларының академияларымен үйлестіруге негізделеді. Ш. Уәлиханов атындағы Тарих, археология және этнография институтының тарихшылары, археологтары мен этнографтары өздерінің бар назарын адамзат қоғамы тарихының басты мәселелерін қазақ халқының, сондай-ақ Қазақ КСР аумағында өмір сүрген және жасайтын басқа да ұлттар мен ұлыстардың тарихына сәйкестікте зерттеуге аударады …»,- деп айтқан екен.

– Халық пен ғылымға қызмет етудің Нүсіпбеков салған дәстүрлі сара жолын академиктер Б.А. Төлепбаев, Р.Б. Сүлейменов, М.Қ. Қозыбаевтар қалтқысыз жалғастырды. 2002 жылы бүкілхалықтық танымал тарихшы, көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері М.Қ. Қозыбаев кенеттен қайтыс болғаннан кейін, институт басшылығына тәуелсіздік жағдайында маңызды еңбектерімен өз есімдерін қалыптастыра алған жаңа буын ғылым өкілдері келді. Келер жылы ҚР ҰҒА жаңа мәртебе – республикалық қоғамдық бірлестікке айналды да, институт ҚР Білім және ғылым министрлігінің басқаруына енді. Бұл саладағы реформалар  2011 ж. 18 ақпандағы ҚР «Ғылым туралы»  заңының қабылдануымен жалғасын тапты. Институт өз тарихында жұлдызды сәттермен қатар, жазықсыз қудалау кезеңдерін де бастан өткерді. Дамудың небір қиын баспалдақтары мен саяси-идеологиялық өктемдіктің қыспақтарына төтей отырып, ұжым ұлт тарихының өткенін тануға күн-күнге құлшына кірісіп, ғылым көкжиегін кеңейте түсті. Институттың аса маңызды қызметі көне заманнан бүгінге дейінгі Қазақстан тарихын кешенді зерделеу болып табылады. Ұлт тарихының өткенінің тұтас бейнесін жасаудың алғашқы қадамы Ұлы Отан соғысы жылдарында жасалды. Алғаш рет 1943 жылы Мәскеу және Алматы ғалымдарының бірлесуімен «Қазақ КСР тарихы» жарық көрсе, 1949 жылы 2 томдық жаңа басылым дайындалды да, 1957 және 1959 жылдары  2 томдық қайта басылды. Үздіксіз жүргізілген осындай ізденістердің нәтижесінде «Қазақ КСР тарихының» 5 томдығы дайындалып, 1982 жылы Қазақстанның Мемлекеттік сыйлығын иеленді, — дейді Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының Сыртқы байланыс, ақпарат және ғылыми кластер бөлімінің меңгерушісі Зирабүбі Төленова.

Институттың дамуы мен отандық тарих ғылымы беделінің артуына өлшеусіз үлес қосқан академиктер А.Х. Марғұлан, М.Х. Асылбеков, К.Н. Нұрпейіс, О. Смағұлов, Б.Е. Көмеков, ҚазКСР ҒА корреспондент мүшелері Г.Ф. Дахшлейгер, Б.С. Сүлейменов, профессорлар Х.А. Арғынбаев, Т.Б. Балақаев, А.С. Елагин, В.Я. Басин, Т.Е. Елеуов, М.С. Мұқанов, П.С. Белан, ғылым кандидаттары Б.Н. Әбішева, Е.А. Масанов, С.К. Ибрагимов, К.А. Пищулина, Ю.И. Романов, Н. Едыгенов, Е.Ж. Валиханов, Қ.С. Алдажұманов, З. Қинаятұлы және т.б. есімдерін бүгінгі ғалымдар мақтанышпен еске алады.

Институттың маңызды жетістіктерінің бірі — оның ғылыми интеллигенцияны, ең алдымен, ғалым-тарихшыларды дайындау мен қалыптастырудағы рөлі ерекше. Салыстырмалы түрде айтар болсақ, егер сонау 1945 жылғы үш секторда жұмыс істеген небәрі 5 ғылыми қызметкердің үшеуінің ғана тарих ғылымдарының кандидаты ғылыми дәрежесі болса, 1964 жылы тарихи мамандықтағы екі ҒЗИ-да, Қазақстанның жоғарғы оқу орындарының 16 тарих кафедрасында 7 ғылым докторы, профессорлар, 136 ғылым кандидаты болды. Ал 80-ші жылддардың ортасында Институт қызметкерлерінің саны 150 адамға дейін өсіп, оның ішінде 10 ғылым докторы және 36 ғылым кандидаты қызмет етті. 1992 жылдан 2010 жылдар аралығында қазақстандық 200-дей ізденуші — ғылым докторы, 800-дейі – ғылым кандидаты атанды. ХХІ ғасырдың басына дейін Тарих және этнология институты жанындағы мамандандырылған кеңес докторлық диссертацияларды қорғатудың нағыз ғылыми шеберханасы, орталығы болды. Ізденушілер мен қызметкерлер қатарынан Парламент және мәслихат депутаттары, генералдар мен дипломаттар, ЖОО мен ҒЗИ-ның, олардың құрылымдарының басшылары, танымал педагогтар мен тәлімгерлер шықты.

Зирабүбі Төленованың айтуынша, институт ғалымдары жыл сайын 30-ға жуық монография, жинақтар, 300-ге жуық ғылыми мақалалар жариялап, дәстүрлі «Нүсіпбеков оқуларын» өткізеді. 1998 жылдан Институт жанынан 4 тілде мақалалар жарияланатын «Отан тарихы» ғылыми журналы үзбей шығарылып келеді. Осындай келелі міндеттерді атқара отырып, Ресей, Белоруссия, Қытай, Моңғолия, Венгрия, Үндістан, Түркия, Украина ғалымдары және ғылыми мекемелерімен ынтымақтастық қарым-қатынас орнатқан. Мысалы, Қазан қаласында Қ.З. Өскенбайдың «XIII –XV ғ. басындағы Шығыс Дешті Қыпшақ. Жошы ұлысының этносаяси тарихының мәселелері» кітабы жарық көрді. Профессор С. Әжіғали Халықаралық Шығыс елдері сәулет академиясының (Баку) корреспондент мүшесі, профессор Х.М. Әбжанов – ҚР ҰҒА корреспондент мүшесі болып сайланды. Бір ғана 2015 жылдың көлемінде институт ғалымдары Мәскеу, Париж, Жинан (ҚХР), Тегеранда, Қзазақстанның барлық қалаларында Қазақ хандығының 550 жылдығына, Ұлы Жеңістің 70 жылдығына, ҚХА және ҚР Ата заңының 20 жылдығына орай ғылыми баяндамалармен халықаралық мінберлерде сөз алды.

«Халық тарих толқынында» тарихи зерттеулер бағдарламасы аясында 2013-2015 жж. аралығында Қазақстанның тарихи мен мәдениетіне қатысты жаңа архив құжаттарын іздестіру мақсатында 20-дан астам шетелдік қорларда: Ұлы Британия, Германия, Мысыр, Үндістан, Иран, Қытай, Моңғолия, Түркия, Өзбекстан, Ресей және т.б. елдерде жұмыс істеуге ғылыми іс-сапарлар ұйымдастырылды. Мысалға, Италияның Ватикан және Ла-Сапиенза университетінің кітапханаларында тарихи іздестіру жұмыстары нәтижесінде, ежелгі және ортағасырлардағы Қазақстан тарихы бойынша  бірнеше тың деректік материалдар табылды. Орта Азия тарихи карталарының көшірмесі жасалынып, түрік әлемі тарихы бойынша бірнеше батысеуропа тілдеріндегі еуропа ғалымдары зерттеулерінің түпнұсқасының библиографиясы жасалынды. Қытайда, ҚХР мемлекеттік архиві мен ШҰАР кітапханасынан Қазақстанның жаңа және қазіргі заман арихына қатысты материалдар табылып, олардың да көшірмесі алынды. Жеке тұлғалардан Шыңжандағы қазақ медресесі мен Алаш қайраткерлері мен қозғалысына қатысты материалдар жиналды.

Түптеп келгенде, қазақ халқының, Ұлы даланың тарихын зерделеуде – Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты Қазақстандағы бірден-бір танымал ғылыми-зерттеу ұжымы. Өзінің 70-жылдық мерейтойын салмақты нәтижелерімен қарсы алуда. Мерейтой қарсаңында академиктер М.Қ. Қозыбаевтың шығармалар жинағы (2 томдық), Р.Б. Сүлейменовтің (2 томдық), Б.А. Төлепбаевтың, К.Н. Нұрпейістің, Н.Е. Едыгеновтің, З. Қинаятұлының, С.Ж. Асфендиаровтың 4 томдық шығармалар жинағы жарық көрді. Профессор С.Е. Әжіғали бастаған этнологтардың бір тобы Әбіл Әбілқайыр ханның моласын іздеудегі көп жылғы ізденістері де нәтижиелі аяқталды. 

Бүгінгі таңда институтта 13 ғылым докторы, 20-ға жуық ғылым кандидаты, 1 PhD жұмыс жасайды. Кешегі аға және орта буын тарихшылардың жолын В.З. Галиев, С. Әжіғали, А. Тоқтабай, Ж. Әбілхожин, Д. Әлімғазы, С. Смағұлова, Н. Атығаев, Г. Өскембаева, А. Құдайбергенова, С. Рүстемов, С. Асанова, К. Нұрымбетова, Р. Оразов, Н. Жетпісбай, Д. Рахымқұлов сынды ғалымдар жалғастыруда. Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ базасында құрылған магистратура мен докторантурада 30-ға жуық адам дәріс алуда. Докторант А. Жүнісбаев гуманитарлық ғылымдар саласындағы ең үздік жұмыстар үшін жас ғалымдарға тағайындалатын М. Әуезов атындағы сыйлықты иеленді. Институт қызметкерлерінің орта жасы – 45 жас. Олар қашанда Отандық тарихтың күрделі мәселелерін шешуге дайын.