Нұқ пайғамбардың заманынан бастап бүгінгі күнге дейін адамзат теңіздің дүлей күшін, түпсіз тұңғиықтарды бағындыру үшін кеменің неше түрін жасады. Алайда, адамдар алдымен соғыс кемелерінің ірі, жүрдек, қуатты және шыдамды болуына қатты көңіл бөлді. Нейтралды суларды кімнің кемесіндегі қару күшті сол билігін жүргізеді. Сондықтан әлемдік мұхиттарды ерсілі-қарсылы кезіп жүрген мыңдаған кемелердің ішіндегі ең ірісі, ең айбаттысы әскери авиатасығыштар болуы заңды. Бұлар ұшы-қиыры жоқ әлемдік суларда әсірін жүргізетін нағыз теңіз тәңірі. Ұзындығы 300 метрден асатын заманауи авиатасығыштар жауынгерлік жорыққа шыққанда бортына 20-дан 70-ке дейін – жойғыш, шабуылдаушы, әуеде жанармай құятын, барлаушы, қашықтан радилокациялық бақылау жүргізетін, сүңгуір қайықтарға қарсы қолданылатын ұшақтарды және он шақты әртүрлі мақсатқа пайдаланатын тікұшақты алып жүруге мүмкіндігі бар. Алып кеменің теңізде атқаратын негізгі міндеттері – теңіз құрамаларын әуе шабуылдарынан қорғау, жағалау маңындағы құрлықтағы әскерлерге әуеден қодау көрсету, жаудың әуе қорғанысы күштерін жою, белгіленген ауданның аспан кеңістігінде үстемдік жасау, жаудың әскери кемелерін жою.
Бүгінгі күні әлемдің он елінде ғана авиатасығыштар бар. Өйткені, қандай бай мемлекет болмасын, оны жасау да, жүргізу де өте қымбатқа түседі. Қазіргі кезде ядролық қозғалтқышпен жүретін бір ғана авиатасығышты жасау үшін 4-6 миллиард АҚШ доллары жұмсалады. Алып кемеге ай сайын кететін шығын, ондағы шамамен 3-5 мың әскери қызметшіге төленетін жалақыдан тыс, 10 млн долларды құрайды. Авиатасығыштарды жасау бойынша АҚШ қашанда алдыда келеді. Қазіргі кезде «Джеральд Форд» жобасындағы үш авиатасығышты жасап жатыр. Ұлыбритания заманауи екі кеме жасауда, HMS Queen Elizabeth сериялы бас корабль жыл аяғына дейін суға түсірілмек. Үндістан мен Қытай да, жасап жатыр. Ресей де сыйымдылығы 50 мың тонналық атом авиатасығыштарын жасауды жоспарлап отыр.
Алайда, миллиардтаған қаржыға жасалатын авиатасығыштар өзін өзі көбінесе ақтамайды. Өзінің теңіздегі әскери қызметін немесе техникалық ресурсын аяқтаған соң олар металл сынығы ретінде арзан бағаға сатылады немесе басқа мақсатқа пайдаланылады. Мысалы, АҚШ-тың «Хорнет» авиатасығышы Аламида қаласында, 2004 жылы «Дала бораны» операциясына қатысқан «Мидуэй» кемесі Сан-Диего қаласында теңіз авиациясы музейі болып тұр. Сондықтан Ресей құны қымбат, шығыны көп авиатасығыштардан гөрі сүңгуір қайыққа көбірек көңіл бөліп отырған сияқты.
КСРО әскери теңізшілері арасында тозығы жетіп, әрең жүретін ескі кемелерге қатысты «инеге өткізу керек» дейтін әзіл сөз болатын. Бұл – ескі корабльді темір сынығына (металолом) айналдыру керек деген ұғымды білдіреді. Әзіл болғанмен оның астарында шындық жатыр. Камчатқадағы Петропавловск қаласы орналасқан Авача шығанағына кіреберісте Завойко деп аталатын кішігірім түбек бар. Соны айналып өткенде оң жақ қалтарыстағы бухтада сексенінші жылдарда істен шыққан ескі кемелер су бетінде шайқалып, қаңтарылып тұратын. Тот басқан ескі кемелерді ішінара буксирмен сүйреп бір жаққа әкетіп жатады. «Жапонияда қазба байлықтар жоқ, мына темірді бізден сатып алады да, ине жасап өзімізге қайта сатады» дейтін командиріміз. Әзілдеп тұрғанын түсінеміз, сыйымдылығы жүздеген тонна болатын корабльдің темірін инеге айналдырмайтыны белгілі. Дегенмен, дүние жүзіне таралып жатқан жапондық көліктер осы кемелердің темірінен жасалатыны рас. Сол тұста Кеңес Одағы ескі соғыс корабльдерін ғана емес, жоғарғы технологиялық қаруларды оңтүстік-азия елдеріне темір сынықтарының бағасымен арзанға жөнелтіп жатты.
Бүгінде Ресей Федерациясының әскери-теңіз флотында КСРО-дан қалған Тбилиси атты (қазір «Адмирал Кузнецов» деп аталады) ауыр авиатасығыш крейсер (ТАКР – тяжелый авианесущий крейсер) ғана жүр. Біз көрген үш палубалық «Минск», «Киев» авиатасығыштары «инеге» сатылды немесе музей болып кетті. КСРО ыдырағаннан кейінгі экономикалық ауыртпалық кезде ең бірінші болып 1992 жылы «Ульяновск» авиатасығышы стапельде бөлшектеніп, металолом ретінде тарап кетті. Қалғандарының тағдыры да солай болды. Өйткені мұндай үлкен кемелерді ұстауға КСРО-ның әскери-теңіз флоттарына ие болып қалған жалғыз Ресейдің қауқары жетпеді. Бір кездерде әлемдік мұхиттарда ең мықты, ең жаңа қаруларды артынып сес көрсетіп жүретін авиатасығыш ірі кемелердің барлығы дерлік шет елдерге арзан бағамен сатылып кетті.
Флагмандық «Киев» авиатасығышы 1996 жылы қытайларға сатылды. Оны ҚХР да өз мақсатына пайдаланып ұқсатпады. Сөйтіп, бес палубадан тұратын соғыс кемесі 2011 жылы Қытайдың Тяньцзинь қаласындағы экзотикалық қонақүйге айналды. Бір кездегі КСРО Әскери-теңіз флотының бетке ұстар қаһарлы соғыс кораблі бүгінде қонақжай мейманхана ретінде жұмыс істеп тұр. Қытайлар оның реконструкциясына 15 млн доллар қаржы бөліп, қалталы қонақтар жайғасатын президенттік кластағы 148 номер жасапты. Матростардың каюталары қарапайым қонақтарға арналған. Тура осы проектімен жасалған екінші авиатасығыш «Минск» ТАКР алғашында, 1995 жылы Оңтүстік Кореяға металл ретінде сатылған, қазір оны да қытайлар сатып алып, Шеньчжень қаласында «Минск әлемі» деген аттракцион жасап қойыпты. Кеңес Одағының тағы бір мақтанышы – «Новороссийск» авиатасығышы 1994 жылы Оңтүстік Кореяның «Янг Дистрибьюшн Компани» фирмасына 4,314 млн долларға сатылған. 1996 жылы Пусан портында бөлшектеніп, темірі «ине жасауға» жіберілген.
«Баку» авиатасығышы КСРО тарағаннан кейін «Адмирал Горшков» деп атын өзгерткен болатын. Одан кейін оны Ресей қайта жөндеуден өткізді де Үндістанға сатып жіберді. Қазір ол «Викрамадитья» деген атпен Үнді мұхитында жауынгерлік жорықта жүр. Орыс теңізшілерінің рухын көтеретін «Врагу не сдается наш гордый «Варяг» деп басталатын ән-ұранға арқау болған (І дүниежүзілік соғыс кезінде Цусима орыс-жапон шайқасында «Варяг» крейсерінің экипажы жау қолына түспес үшін өз эскадрасындағы кемені зеңбірекпен атып суға батырады, «Варягты» да жарады) «Варяг» авиатасығышын 1998 жылы қытайдың Chong Lot Travel Agency Ltd компаниясы бортында казиносы бар ойын-сауық орталығын жасаймыз деп 20 млн долларға сатып алған екен. Қазір ол ҚХР әскери-теңіз флотында «Ляонин» деген атпен қызмет етіп жүр.
Музейге айналған авиатасығыштар
Авиатасығыштың аты |
Ел |
Тұрған жері |
Маунт-Плезант (шт. Оң. Каролина, АҚШ) |
||
Аламеда (шт. Калифорния, АҚШ) |
||
Корпус-Кристи (шт. Техас, АҚШ) |
||
Сан-Диего (шт. Калифорния, АҚШ) |
||
«Киев» ТАКР |
||
«Минск» ТАКР |
||
АҚШ ІІ дүниежүзілік соғыстан бастап бүгінге дейін әртүрлі қарулы қақтығыстарда (Вьетнам, Ирак, Ауғанстан, Косово) авиатасығыштарды пайдаланды. Тіпті Украинадағы соңғы президент сайлауы қарсаңында авиатасығыш Босфор арқылы Қара теңізге келді. Ұлыбритания әскери-теңіз күштері Фолкленд аралдары үшін соғыста, НАТО-ның Югославияға қарсы жорығында авиатасығыштарын шығарды. АҚШ ең алғашқы ядролық авиатасығышын 1961 жылы суға түсірді. Ұзындығы 342.3 метр «Энтерпрайз» сол кезде әлемдегі ең үлкен әскери кеме болды.
КСРО авиатасығыштың алғашқы жобасын 1943 жылы жасаған екен. 1955 жылы Әскери-теңіз флотының бас қолбасшысы адмирал Н. Г. Кузнецов отставкаға кеткеннен кейін жаңа басшы С. Г. Горшков авиатасығыш жасау жобасын жауып тастаған. Брежневтің тұсындағы Қорғаныс министрі А. А. Гречко 1967 жылы авиатасығыш жасауды қайта қолға алады. Нәтижесінде «Минск», «Киев», «Новороссийск» сияқты ТАКР жасалды.
Қазіргі Ресей флотының флагманы «Адмирал флота Советского Союза Кузнецов» авиатасығышы 1985 жылы суға түсіріліп, 1991 флоттың қарамағына қабылданды. Алғашында Бас хатшы қайтыс болғаннан кейін «Леонид Брежнев» деп аталды. 1987 жылы оған «Тбилиси» деген ат берілді. Содан кейін «Адмирал Кузнецов» деген атқа ие болды. 1989 жылы 1 қарашада қазіргі космонавт, сол кездегі ұшқыш сынақшы Тоқтар Әубәкіров Миг-29К жойғыш ұшағымен осы авиатасығыштың палубасынан әуеге көтеріліп, ұшақты да, авиатасығышты да алғашқы сынақтан өткізді. Крейсер 1990 жылы мемлекеттік сынақтан өтті.
«Адмирал флота Советского Союза Кузнецов» авиатасығышы шын мәнінде өте алып кеме. Оның ұзындығы — 305,0 метр, ені — 72 метр, ватерлинияға дейінгі су астындағы бөлігі – 10 метр, толық сыйымдылығы 55-58,6 мың тонна, бу турбинасы – 50 мың аттың күші, қазандығы – 8, винт – 4, жүзу қашықтығы – 29 узел жылдамдықпен 3850 миль, ал 18 узел жылдамдықпен 8000 миль, автономды жүру – 45 күн. Дәл қазір оның бортында 20 ұшақ және 17 тікұшақ қонақтап отыр. Бұлардан басқа да бес қаруы бойында: 12 × ПКРК 4К80 «Гранит», 24 × ПУ ЗРК (зениттік-ракеталық кешен) «Кинжал» (192 ракета), 8 × ЗРАК 3М87 «Кортик» (256 ракета), 2 × РБУ-12000 «Удав» (60 тереңде жарылатын бомба) атыс қондырғыларымен жарақтанған. Экипаж — 1960 адам, авиаторлар — 626 адам, басшылық құрам — 55 адам. Ресей Федерациясының ең мықты кемесі Мурманск облысындағы Видяево портына тіркелген. 2000 жылы иамызда К-141 «Курск» атом сүңгуір қайығы апатқа ұшырағанда оның қасында «Адмирал Кузнецов» жүрді.