АЛТЫНОРДА
Новости Казахстана

Наурызға дайындығымыз қалай?

скачанные файлы (1)Ұлыстың ұлы күні Наурыз мерекесіне шамалы уақыт қалды. Халқымыз үшін бұл ең ұлы мерекелердің бірі. «Самарқанның көк тасы еріген күн» қазақ даласы үшін құт-берекенің басы, жыл басы, табиғаттың жаңаруы мен жандануы, татулық пен бірліктің мерекесі болып саналады. Тек қазақ халқы емес, күллі Шығыс әлемі үшін Жаңа жыл саналатын Наурыз – бірлік-берекенің, қуаныш пен шаттықтың мейрамы. Наурыздың 22-сінде күн мен түн теңеледі. Алайда Жаңа жылға дайындықты ерте бастап, бір ай бұрын шырша тігетін әкім-қаралар да, жұртшылық та тым-тырыс. Қала көшелерінен де, телеарналардан да Наурыз лебі сезілмейді.

Елімізде әлі күнге дейін Нау­рыз мерекесін тойлаудың нақты іс-шарасының жоқтығы қынжылтады. Наурызды тойлауды кей мекемелер айдың басында бастап жатса, енді біреулері сәуір айында да атап өтіп жатады. Кей жұрт оны кезекті науқан ретінде қабылдайды. Ал мерекенің мазмұны мен ұлттық реңі әрқилы шаралар өткізуге ғана негізделген. Мейрамды жоғарыдағылардың тапсырмасы ретінде қарап, науқанға айналдырып жібергендейміз. Мереке күні алаңдарда киіз үйлер тігіледі, наурыз көже пісіріліп, жайылған дастарқаннан үлкендер жағы ауыз тиеді де, содан жұрт концерт тамашалап үйді-үйіне тарасады. Осымен ұлттық мейрам – Наурызды тойлау мәреге жетеді. Наурыз ұлттық сипатынан біртіндеп айырылып бара ма деген қорқыныш та жоқ емес. Осылай жалғаса берсе қазақ халқының төл мейрамы қаптаған көп мейрамның біріне айналып кетуі де мүмкін. Ұлыстың ұлы күнінде берілетін демалыстарда Жаңа жылдағыдай мекеме қызметкерлерінің төрт көздері түгел тойлауы, мейрамханалар мен дәмханаларда жиналып басқосуы, Жаңа жылды қалай қарсы алсаң, жылды солай өткізесің деген сеніммен дастарқан жайып, онда отбасы мүшелерінің түгелдей болуын қадағалау секілді көріністер байқалмайды.
Бүгінгі жаһандану дәуірінде ұлттық құндылықтарымызды, өз ерек­шелігімізді сақтап қалу маңызды. Осыны ескерсек, мәселе Наурыз мерекесін тойлауда емес, оның мән-маңызын халыққа, әсіресе өскелең ұрпаққа жеткізе білуде. Мейрамды наурыздың 22-сі тақағанда сезінетін қалалықтар оны сәуір айының аяқ шеніне дейін созып жүріп алады. Осылайша мейрамның қадірін кетіреді. Осы ретте Наурыз мейрамын бір күнде, яғни 22 наурызда тойлап, кең көлемде атап өтсек құба-құп. Наурыздың 21-інен 22-сіне қараған түні күн мен түннің теңелетіні белгілі. Бұл кәдімгі табиғи заңдылық. Біз неге осы сәтті 31 желтоқсан күні сағат түнгі 12-ні күткендегідей отбасымызбен қуана қарсы алмасқа?! 21 наурыздағы түнгі 12-нің 31-желтоқсандағы түнгі 12-ден орны тіптен бөлек. Күн мен түннің теңесуі – ғажап құбылыс, бұл расында жаңа уақыттың, жаңа кезеңнің келгендігін білдіреді.
Ал Наурыздың мән-маңызын арттырып, келер ұрпаққа жеткізу үшін ұлттық бағдарлама қажет-ақ. Ақын-жазушыларымыз, дра­матург­теріміз, режиссерлеріміз Наурыз хақында шығармалар жазып, ол дүниелер халыққа тараса қандай ғанибет. Дәл Жаңа жылдағыдай Аяз ата мен Ақша қардың орнына ежелгі аңыз кейіпкерлері Ұмай ана мен Қыдыр атаны басты кейіпкерлер етіп неге алмасқа?! Соған орай сценарий дайындалып, оны ­барша жұрттың пайдалануына неге ұсынбасқа!
Өткен жылды қорытындылауды да Наурыздан бастаған ләзiм. Жылдың үздiк адамын таңдап, жылдың таңдаулы шығармаларын анықтауды да Наурыздан бастаса, кәнекей. Бiз мұның бәрiн 1 қаңтарда жасауды дәстүрге айналдырғанбыз. Есесiне осындай жаңалықтардың бәрi наурыз айында жүзеге асса, сонда бұл мерекенiң маңызы артар едi.

Ақбота ИСЛӘМБЕК

http://anatili.kazgazeta.kz/