АЛТЫНОРДА
Новости Казахстана

Сәрінжіпов неден сүрінді?

722c16408381e65d7d6aadd443cdafe8Білім және ғылым министрі Аслан Сәрінжіпов аттан ауып түсті. Күтпеген оқиға. Осы күнге дейін Инвестиция және даму министрінің орынбасары қызметін атқарған Ерлан Сағадиев босаған орынға отырды.

Сәрінжіповтың аяқасты босауы және орнына Сағадиевтың отыруы неден? Жаңа министр білім мен ғылым саласындағы түйіні тарқамаған мәселелермен қалай күреседі? Сәрінжіповтың орнынан кетуіне не себеп болды? Бұған сайлаудың қандай қатысы бар?.. Осы және өзге де сұрақтарға жауап берсек.

Оқыс отставканың сыры

«Назарбаев Университетін» басқарып, шетелде білім алған Аслан Сәрінжіпов Бақытжан Жұмағұловты алмастырғанда, білім беру саласы мен ғылымды коммерциялауда ілгері өзгерістер болады деп дәмеленген едік.

Бірақ Бақытжан Тұрсынұлының саны көп, сапасы жоқ оқу орындарына қарсы күресін Аслан мырза жалғастыра алмады…  

Ғылым саласында да рең кірді деп айта алмаймыз. Соңғы жылдары жоғары оқу орындары мен ғылыми-зерттеу институттарында жұмыс істейтін ғылыми кадрлардың саны күрт төмендеп кетті.

Қазір PhD докторы атағын алуға ұмтылған ізденушілер шетелдің имфак-факторлық көрсеткіші нөлден жоғары ғылыми журналдарына мақала жариялап, ғылыми атаққа қол жеткізеді.

«Болон үрдісінің» осы бір талабы Қазақстанның жас ғылыми кадрларды дайындау ісіне айтарлықтай тұсау салғанын мойындауымыз керек.

Осылайша Сәрінжіпов қазақ ғылымының «қартаюына» тосқауыл қоя алған жоқ. Ғылымның «қартаюын» тежеу алдағы уақытта Ерлан Сағадиевке маңызды мәселе болмақ.

Сағадиев дәріс оқып тұр
33043c7abd39dacd142152bfda0Бұдан басқа ғылыми-зерттеу жұмыстары үшін бөлінетін мемлекеттік грантты бөлуге қатысты талаптар да Аслан мырзаның бас ауруына айналғанын жасыруға болмас.

Өткен жылы жазда Бердібек Сапарбаев Үкімет төрағасының орынбасары қызметін атқарған тұста мемлекеттің ғылыми жобаларды қаржыландыруға бөлген қаржысы экономиканы дамытуға иненің жасауындай үлес қоспағанын айтып, министрді сынға алғаны есімізде.

Сол кезде Аслан Сәрінжіпов орынтағымен қош айтысатын шығар деп ойлаған едік. Бірақ Сәрінжіпов біз ойлағаннан мықты болып шықты. Бейнелеп айтсақ, ол туралап келген қауіптен өзінен оңай құтылып кетті.

Есімізде, Аслан Сәрінжіпов министр болып тағайындалғанда еліміздегі жетекші оқу орындарын өз мәселесін өзі шешетін «автономды университетке» айналдыруды мақсат тұтты.

Иә, Батыста жетекші университеттердің бәрі ешқандай атқарушы билікке бағынбай әрекет ететінін білеміз.

Осылайша Аслан Сәрінжіпов министрлікке бағынбайтын, оқу бағдарламасын, сан түрлі стандарттарын өзі айқындайтын «супер университеттер» құруды армандады.  Ірі оқу орындарының ешкімге жалтақтамай әрекет етуі дұрыс-ақ.

Бірақ Аслан мырза Батыс елдерінің бізден көш ілгері дамып кеткенін есепке алмай, бұл жолы да оңбай қателесті.  

 

«Автономды университет» реформасы

Бүгінде Батыста білім алып келген жүздеген мамандар шенділердің қатарына қосылып,  Қазақстанда жұмақ орнату үшін жанын аямай жұмыс істеп жатқанын білеміз.

Өкінішке қарай, Қазақстанның дамыған елдерден 40-50 жылға қалып кеткенін есепке алмай, соңында опық жеп жүргенін көзіміз көріп жүр.

Сол сияқты Аслан Сәрінжіповтің «автономды университеттер» құру ісі де елімізде сәтсіздікке ұшыраған жобалардың бірі болды.

Дербестікке ие болады деген оқу орындардың бел ортасында болған Алматыдағы Ұлттық аграрлық университет Ауыл шаруашылығы министрлігінің құрамына еніп кетті.

Сол сияқты М. Тынышбаев атындағы Қазақ көлік және коммуникациялар академиясын «Қазақстан теміржолы» компаниясы жұтып қойғанын білеміз. Енді олар дербестікті түсінде ғана көруі мүмкін.

Бүгінде ғылыми-техникалық жұмыстардың коммерцияланып, өндіріске енбеуіне қатысты әңгіме көтерілсе, таяқтың бір ұшы Білім және ғылым министрлігіне тиеді.

Бірақ елімізде ғылымды коммерциялаумен айналысатын бірнеше орган бар. Солардың бірі –  «Бәйтерек» холдингінің құрамындағы Ұлттық технологиялық даму агенттігі.

Үкіметтің ғылымды коммерциялауға бөлетін қаржысының біразы осы агенттік арқылы өтеді.

Агенттік Білім және ғылым министрлігінің ғылымды коммерциялауға қатысты саясатына бөлек әрекет етті. Ғылымды коммерциялауда Аслан Сәрінжіпов аталған агенттікпен қоян-қолтық жұмыс істей алмағанын мойындауы тиіс.

Асекең министрлікті басқарғанда мектепке дейінгі білім және орта білім беру саласына қатысты тиісті деңгейде көңіл бөлген жоқ. Жергілікті билік орындарына қарайтын мектептер мен балабақшалар әкімдердің қас-қабағына қарап, әдепкі тіршілігін жасаумен болды.  

Шыны керек, Сәрінжіповтің кезінде орта білім саласы оқулық тапшылығынан құтыла алған жоқ. Бұл салаға мемлекет тарапынан қыруар қаржы бөлінсе де, оқулық тапшылығы қыр соңымыздан қалмады.

Бір қызығы, оқулық тапшылығы орын алып тұрған тұста бірінші сынып оқушыларының оқу құралдары сонау Ыстамбұлда басылғанын көргенде, оқулық басу саласы бизнес көзіне айналғанына көзіміз жете түсті.

 Оларға Аслан Сәрінжіповтің тісі батпайтынын түсінгендей болдық.

Әңгіменің ашығын айтсақ, министр ретінде Аслан Сәрінжіповтің саяси салмағы болмады. Сондықтан ол ірі компанияларды ғылымды коммерциялау ісіне тарта алған жоқ. Бұдан басқа оқулық басу ісімен айналысатын баспаларды жөнге сала алмауы да экс-министрдің ең әлсіз тұсы болды.

 

Білім мен тәжірибе ұштаса ма?

Министрліктің орынтағына жайғасқан кіші Сағадиевтің де саясаттағы салмағы асып-төгіліп тұрғаны шамалы.

 Бұл кісі де Батыстың аузымен құс тістеген әйдік оқу орындарын тауысқан. Бірақ Білім және ғылым министрлігін басқаруда білімнен гөрі білік пен табандылық қажет. Бұл ретте кіші Сағадиевке – үлкен Сағадиев біраз ақылын айтатыны анық.  

Батпаққа батқан ғылым саласын ұйықтан шығарудың жолын үлкен Сағадиев жақсы біледі. Өйткені, Кенжеғали ағамыз еліміздің білім, ғылым саласында ұзақ жыл тәжірибе жинаған білікті маман екені баршаға мәлім. Сол себепті, отандық ғылымды дамытуда Ерлан Сағадиевтің Батыстан жиған-терген білімінен гөрі әкесінің жылдар бойы жинаған тәжірибесі пайдалырақ болуы мүмкін.

Бұл ретте алдында ақылшысы бар Ерекең экс-министр Аслан Сәрінжіповке қарағанда бақыттырақ екенін мойындаймыз.  

Айтпақшы, дәл осы тағайындаудың алдында Кенжеғали Сағадиев Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың қабылдауында болды…

 

Сайлауға дайынсыз ба, мұғалім?

16027-6-obshestvennye_organiza_ruБілім және ғылым министрінің отставкасы көптен бергі әңгіме еді.

Алайда ешкім бұл мәселе Мәжіліс сайлауы қарсаңында шешіледі деп ойламаған.

Қазақстан заңы бойынша Парламент Мәжілісінің сайлауынан кейін Үкімет толықтай отставкаға кетіп, жаңа Үкімет жасақталады. Білім және ғылым министрін сол кезде ауыстырса да болар еді ғой. Бұл енді көпшіліктің көкейіндегі сауал. Асығыстықтың қажеті бар ма еді?

Анығында талай сын-қатерден аман қалған Аслан Сәрінжіповтің аттан ауып түсуін кезектен тыс Мәжіліс сайлауымен байланыстыруға болады.

Бізде саяси науқан кезінде жергілікті билік орындары мұғалімдердің «көмегіне» жүгінетінін бәріміз білеміз.

Сайлау кезінде білім ошақтары Орталық сайлау комиссиясының филиалына айналып, ұстаздар қауымы күн-түн демей дайындық жұмыстарымен айналысатынын білеміз.

Ел-елді аралаған үгіт-насихат топтары мектепке маңдайын тіреп, жұртпен жүздесетіні баршаға мәлім.

Мұндайда мұғалімдердің еркінен тыс қоғамдық жұмыспен айналысуы әдепкі тірлікке айналғаны жасырын емес.

Жоғарыдағылардың пайымдауынша, Аслан Сәрінжіпов мұғалімдерді «мобилизациялауға» дәрменсіз болып шыққан. Оны мұғалімдерге сөзін өткізе алатын «табанды басшымен» алмастыруға тура келген. Білетіндер бұл істе кіші Сағадиевті қамшы салдырмай айтып жүр.

Ендеше сайлау кезінде әкімдердің айғай-сүреңінен мезі болған ұстаздар қауымы жаңа министрден «жаңа тапсырма» алып, сайлау біткенше жарғақ құлақтары жастыққа тимей жұмыс істеуі мүмкін.  

Сайлау – кіші Сағадиев үшін үлкен сынақ болмақ. Министрдің бұл сынақтан сүрінбей өтуі үшін қорғансыз мұғалімдер күн-түн демей жұмыс істеуі тиіс.

Мұндай жағдайда өз құқын қорғап, сайлауға жегілуге қарсы шыққан батыр ұстаздар төбе көрсетіп қалуы мүмкін.

Ал сайлау кезінде Ерлан Сағадиевке мұндай шудың түкке де қажеті жоқ. Мәселе, ол орын алуы мүмкін «төтенше оқиғаларға» дайын ба?

Нұрлан ӘУБӘКІР

http://www.dalanews.kz/13647