АЛТЫНОРДА
Новости Казахстана

 ҰЛТТЫҢ ЖАУЛАРЫ

Жақында Қазақстандағы орыс, казак және славян ұйымдарының съезі өткен болатын. Сол съездің жұмысы мен қатысқан адамдардың біразының сөйлеген сөздерін ratel.kz басылымы жариялады. Соларға тоқтала кетсек.

Үй ішінен үй тігуді көздейтін, ұстанымдары көбінесе Қазақстанның унитарлық мемлекет ретіндегі сипатына қайшы келетін ол ұйымдардың Алматыда өткен бұл съезінде де әдеттегідей орыс тілінің «қысым» көріп отырғандығы, қазақтан басқа этнос өкілдерінің мемлекеттік басқару органдарында қызметке орналасуы сияқты провокациялық мәселелер көтерілген. Тоқсаныншы жылдардың басында қазақ елінің тәуелсіздігі мен аумақтық тұтастығына ашық қарсылық білдірген ол ұйымдардың ұстанымдары қазір де өзгере қойды деп айту қиын. Сондықтан олардың көтеріп жүрген мұндай мәселелеріне, оның артындағы түпкі ойларына таң қалудың қажеті жоқ. Бірақ, осындай өркениет пен дамудан гөрі, арандату мен кері тартуға көп ұқсайтын жиындарда өздерін мемлекетшіл, яки демократ санайтын, халықтың сөзін сөйлеп жүрміз дейтін танымал тұлғалардың төбе көрсетіп жататыны қынжылтады.

Мәселен, әлгі жиынға біраз жұрт әлемдік деңгейдегі ақын, ойшыл-ғұлама деп әспеттеп жүрген Олжас Сүлейменов, оппозицияшыл-демократ саналатын саясаткер Петр Своик, елге ақыл айтатын жасқа жеткен, «Генералдар кеңесі» республикалық қоғамдық бірлестігі төрағасының орынбасары Махмұт Телеғұсов сынды біршама тұлғалар қатысып, ресейшілдердің әләулайына еріп сала беріпті.

Әу бастан Еуразиялық одақ жақтаушысы ретінде көрінген П. Своик жаңағы жиында:

«Тілге келгенде мемлекет азаматтардың қазақша да, орысша да сөйлеуін қамтамасыз етуге міндетті. Ал, азаматтарға бұл – міндет емес. Азаматтар қай тілде сөйлеуді өздері таңдайтын құқыққа ие болуы керек», — деп салған.

Генерал Телеғұсов болса: «Қиын кезеңдер келе жатыр. Бізге сол қиындықтарды жеңу үшін бірігу керек. Бірақ, тілдер туралы заң талаптарының бұзылуы, еліміздегі орыс тілінде сөйлейтін, жалпы халық санының 70 пайызынан асатын азаматтардың құқықтарын тапатау – біздің бірлігімізге кедергі, жаңа Қазақстан құруымызға бөгет болады. Осындайлар біреулердің тарапынан арамызға от салу үшін әдейі жасала ма деген ой келеді», — деп өзгеше қамқорлық көрсетіпті.

Кәртөшкінің көкесін ел алжасқан ақын атап кеткен Олжас Сүлейменов жарған сияқты. Ойлау жүйесі қарапайым пенделердің кәлласына симайтын данышпан ақын сонда не депті дейсіз ғой? Съез қатысушыларының ұсыныс тілектерін бірін қалдырмай Елбасыға жеткізетінін, орыс мәселесінің шешілуіне барын салатынын айтып, орыс тіліне қарсы шығушылар Тәуелсіздікке қарсы деген сияқты тағы бір «жаңа тұжырымының» тұсауын кесіпті.

«Жаңағы тілдер туралы заңды бұзып жүрген ұсақ шенеуніктер, шендері мен атақтарына қарамастан, ұсақ саясаткерлер Қазақстанға қарсы, біздің Тәуелсіздігімізге қарсы, болашағымызға қарсы шығып жүр. Яғни бұл, Қазақстанның астына үлкен мина қойылғанын және жақында жарылатынын білдіреді», — деген Олжас Сүлейменовтің минасы миы бардың бәрін қорқытқан сөз болды. Біртүрлі ақын осыдан біраз бұрын «Біз сияқты елдерге Тәуелсіз мемлекет болу – қауіпті» деп масқара қылғаны тағы бар.

 

Съезд ұйымдастырушыларының мақсаты да, не айтатыны да белгілі. Ал, мына ағайынға не жоқ дейсіз ғой? Осындай бөтен елдің мүддесін көздейтін мәлімдемелерімен саясаткер Своик «чужой среди своих» болып жүр, ақсақал генералымыздың айтып отырғаны анау. Орыс тілінде сөйлейтіндер 70 болмақ түгілі, 100 пайыз болса да ол орыс тілінің Қазақстанда қорғалуы қажет дегенді білдірмейді. Дұрысы, қазақ тілінде сөйлейтіндердің санымен өлшенуі тиіс. Мемлекет сол қазақ тілінде сөйлейтіндердің қатарын арттыруға жұмыс істеуі қажет. Ал, Телеғұсов айтқан 70 пайыздың тең жартысынан астамы – тағы қазақтар. Олардың ішінде қазақ тілінде еркін сөйлейтін қазақтар да бар, Телеғұсовтың өзі сияқты орыс тілінің мүддесін қорғап жүрген қазақтар да бар.

Міне, аға буын деп құрмет тұтатын тұлғаларымыз осылай айдың күннің аманында, аузынан қағылып, жат пиғылдылардың құрылтайында қазақтың сөзін сөйлеу орнына осылай елге жексұрын болуда. Тек солар, қанша жерден солтүстік көршіміздің сойылын соғып, солардың саясатын қорғаштаса да олар үшін әдеттегі «жабайы азиат», «мамбет һәм калбит» күйінде қалатынын ойлай ма екен? Ондай ой мазаласа ұлтқа жаулық жасамас еді ғой, бірақ.

Дархан Мұқан

 «Қамшы» сілтейді