Фейсбук әлеуметтік желісінде Әли Ахмат деген атпен ашылған аккаунт иесі Георгий лентасын тағып түскен суретін жариялап, ол желі пайдаланушылардың наразылығын туғызды, — деп хабарлайды «Қамшы» порталы.
Ресейшіл сепаратистердің символы «Георгий лентасын» таққан азамат анау-мынау емес полковник шеніндегі әскери екен. Лентаны да жаздық үлгідегі әскери жейденің кеудесіне тағып алған.
Аккаунт иесі желі қолданушыларының ескертпелері мен жат пиғылды насихаттаушылардың символын алып тастау туралы өтініштеріне құлақ аспай, өздеріне тап берген. Осыған байланысты Сәкен Байкенов есімді Фейсбук қолданушысы бастаған бір топ белсенді дабыл қағып, еліміздегі қарулы құрылымдардың барлығына аталған әскери қызметшінің өреске әрекеті туралы хат жолдаған. Әзірге Сапарбектің сұрауынаҚорғаныс министрлігі ғана құлақ асып, ресми жауап қайтарған. Министрлік әлеуметтік желі арқылы аталған азаматтың толық аты-жөнін жариялап, оның Қорғаныс министрлігі бөліністерінің әскери қызметшісі еместігін, ҚР ҰҚК-ге қарасты Шекара қызметінің офицері екендігін айтқан. Желі қолданушыларының бұл шағымы да Георгий лентасын таққан офицердің шамына тиіп, желі арқылы біраз балағат сөздер айтқан.
Аталған кикілжіңнен соң полковник әскери шеніндегі Әлжан Ахматуллин есімді (ҚР ҚМ әскери қызметшінің аты-жөні осындай деп отыр – ред.) әскери қызметші Әли Ахмат деп аталатын аккаунтындағы мәліметтердің біразын, оның ішінде атышулы суретін де өшіріп тастаған. Соған қарағанда, Ресей тарихын «жақсы білетін» полковникпен ҰҚК Әскери қарсы барлау құрылымдарының қызметкерлері «әңгімелесу» жүргізген секілді.
Ал, желі қолданушылары символ сергелдеңіне себеп болған полковниктің ісін аяқсыз қалдырмайтынын, тиісті орындарға әлі де шағымданатындарын айтып отыр.