Қазір қызмет бабымен көтеріліп, көпшіліктің көз алдында жүрген қыз-келіншек баршылық. Бірақ содан тапқан абырой мен бедел отбасындағы сүйіспеншілік пен бөбектің былдырына балама бола алмайды. Өнер көгінде – жұлдыз, билікте әкім болмай-ақ жамиғаттың назарында жүргені де жеткілікті. Соның бірі – жиырма тоғыз жасында жеті балаға жарық дүние сыйлап үлгерген Әсел.
Ерболат пен Әсел шаңырақ көтергенде «Көп баламыз болса!» деп армандапты. Оның бірден-бір себебі, отанасы Әсел – бір үйдің жалғызы. Өзімен сырлас бауыры болмай, жалғыздықты сезінген ол әу баста мансаптан бұрын қазан-ошақты тандаған. Ал отағасы Ерболат – көпшіл. Атадан – алты ағайынды.
Жас жұбайлардың тілегі періштенің құлағына шалынған сыңайлы. Әсел жиырма жасында әулетке ұл сыйлады. Бекболаттан кейін шекесі торсықтай Әділ, Бекарыс, Омар, Әли және Мұхаммед дүниеге келді. Кенжесі – Гүлзана. Ол 2014 жылғы 3 қыркүйекте, Әселдің туған күні өмірге келіп, отбасының шырайын кіргізді. Жалғыз қызды алты ағасы алақанында ұстайды. Балалар өте зерек, шетінен өнерлі. Ұлдың төртеуі мектепте оқиды.
Шаңырақтың шаттығы, отбасының ұйытқысы Әселдің уақыты бала күтімі мен ата-енесінің бабын табудан артылмайды. «Келісті келін – басқа қонған бақпен тең» деп бекер айтылмаған, алтын құрсақты жас ана ауыл-аймақ, ағайын-туыс арасында сыйлы. Ерболат – майталман маман. Қызылжар стансасында – вагон бақылаушы.
Алла тағалаға аян нәрсені адамнан жасырамыз ба, Әселдің аяғы тағы ауыр! Азаматты «Отызында орда бұзған» деп жатамыз ғой, келіншекке қандай теңеу тапсақ екен?! Сірә, ерліктің көкесі осы шығар! Ынтымағы ұйыған Ахметовтер отбасы оған әбден лайық.
Диана ОРАЗАЛИНА,
журналист,
Қарағанды облысы.
http://zhasalash.kz/makataev-22/16842.html