– Андрей Николаевич, қазіргі кезде әлем экономикалық дағдарысты бастан кешіріп жатыр. Әлбетте, Қазақстан да жаһандық дағдарысты айналып өте алмайды. Осыған байланысты жұмысшылардың жалақыларын тежеп, уақытында бермейтін өндіріс, кәсіпорындардың саны көбейетіні белгілі. Еңбек заңдарының сақталуы бағытында прокуратура органдары қандай жұмыстар атқарып жатыр, дағдарысқа қарсы қандай шаралар ұйымдастыруда?
– Азаматтардың еңбек құқығының негізге алынатын кепілдіктері, атап айтқанда, қызмет пен кәсіп түрін еркін таңдау, еңбегі үшін нендей де бір кемсітусіз сыйақы алу, еңбек қауіпсіздігі жағдайлары, демалу және жұмыссыздықтан әлеуметтік қорғалу құқықтары Қазақстан Республикасының Конституциясында бекітілген. Азаматтардың еңбек құқықтары сақталуын қамтамасыз ету прокурорлық қадағалаудың басым бағыттарының бірі болып табылады. Азаматтардың еңбекақысын төлеуге қатысты конституциялық құқықтарын қорғауға ерекше назар аударылады. Осы мақсатта «Уақытылы жалақы» республикалық бағдарламасы жүзеге асырылып, оның аясында азаматтардың еңбек құқықтары мен оларды қорғау тәсілдерін түсіндіру бойынша ауқымды жұмыстар ұйымдастырылды. Прокуратура органдарында тәулік бойы жұмыс атқаратын Call-орталықтарының арқасында жалақы берешегі бойынша туындайтын өзекті мәселелер туралы мәліметтерді уақытылы алу және әрбір дерек бойынша жедел әрекет жасаудағы өзекті мәселелер жойылды. Прокуратура органдары жалақы берешегі бойынша қарыздарды өндіру жұмыстарын толығырақ жүргізуді азаматтардың еңбек құқықтарының бұзылуына жол бермеуге бағытталған дағдарысқа қарсы шаралар аясында 2009 жылдың екінші жартысында бастады. Мысалы, сол жылдың қыркүйек айында кәсіпорындардың өз қызметкерлері алдындағы жалақы бойынша берешегі 4,9 млрд теңгені құраған еді. Прокуратура қабылдаған шаралардың нәтижесінде 2011 жылдың аяғына аталған соманы 1,8 млрд теңгеге дейін азайтылды. Бұдан кейін жұмысшыларға тиесілі берешектер біртіндеп азая бастады: 2012 жылдың басында берешек 1,6 млрд теңгені құраса, 2013 жылы – 1,4 млрд теңге, 2014 жылы – 859,7 млн теңге, 2015 жылы – 735,1 млн теңге болды.
– Соңғы жылдардағы жағдай қалай?
– Өткен жылдың басында экономикалық жағдайдың нашарлауы жалақы берешегінің күрт өсуіне әкеп соқтырды. 2015 жылдың ақпан айының 1-не берешек 1,2 млрд теңгеге дейін өссе, наурыздың 18-не ол 185 кәсіпорында 1,8 млрд теңгеге жетті. Аталған жалақы берешегінің күрт өсу беталысына байланысты оны нақты өндіру және одан әрі өсуіне жол бермеу прокуратура органдарының басым міндеттері болып белгіленді. Осы міндеттерді жүзеге асыру үшін қысқа мерзімде прокурорлардың ғана емес, барлық уәкілетті мемлекеттік органдардың іс-әрекеттері жандандырылды. Барлық проблемалық кәсіпорындарды зерттеу бойынша ауқымды жұмыстар жүргізіліп, нәтижесінде берешекті өтеуге нақты мүмкіндіктері бар кәсіпорындардың тізімі жасалды. Осы кәсіпорындардан жалақы бойынша қарыздарын өндіру мақсатында мемлекеттік органдармен тексеру шаралары, сотқа дейінгі тергеу-тексерулер жүргізіліп, жұмыс берушілер әкімшілік жауапқа тартылды және оларға ұйғарымдар енгізілді. Бұл ретте басты назар жұмыс істейтін кәсіпорындарға аударылды, өйткені адамдар жалақысыз жұмыс істеп жатқан осындай кәсіпорындарда әлеуметтік шиеленіс ошағының пайда болу ықтималдығы жоғары болып табылады.
– Өткен жылы прокуратура органдарының араласуымен жұмыс берушілерден өндірілген берешек қаржының көлемі қанша болды? Жұмысшыларына қарыз болған қандай кәсіпорындарды мысалға келтірер едіңіз?
– Бүгінгі күні берешегін өтеу мүмкіндігі болған көптеген кәсіпорындардың қарызы өндіріліп, қалғандары үнемі ерекше бақылауда ұсталуда. Мысалы, өткен жылдың желтоқсан айында Шығыс Қазақстан облысында прокуратура органдары қабылдаған шаралардың нәтижесінде «Земстрой» ЖШС-нің 144 қызметкеріне тиесілі 40 млн теңгенің қарызы өндірілді. Тағы бір мысал, Қарағанды облысында прокуратураның ұйғарымымен «TroyTech» ЖШС-нің 120 қызметкеріне 4 жыл бойы төленбей келген 37,4 млн теңге қарызы төленді. Мұндай мысалдарды тағы да келтіруге болады. Жалпы, тек 2015 жылдың өзінде прокурорлық қадағалау актілерінің арқасында 75 мыңнан астам қызметкерге қарыз 6,6 млрд теңгеден астам жалақы сомасы өндірілді. Бұл өткен жылдардың қарыздары және жыл бойына пайда болған ағымдағы қарыздар.
– Бұны мыңдаған адамның конституциялық құқығын қорғау ғана емес, оларға көрсетілген әлеуметтік көмек деп түсіну керек шығар?..
– Прокурорлық қадағалау актісінің арқасында өз жалақысын алған әрбір қызметкердің артында оның жанұясы тұрғанын атап өту қажет. Яғни, қабылданған шаралар қызметкерлердің кем дегенде тағы да 76 мың туыстары мен жақындарына әлеуметтік тұрғыда көмектесті. Осы бағыттағы жұмыстың өзектілігі ең алдымен азаматтардың құқықтары мен мүдделерін қорғауға бағытталудан туындаған. Осыған орай, прокуратура органдары бұл бағыттағы жұмыстарды жалғастырады. Жалақы төленбеген жағдайда қызметкер теріс пиғылды жұмыс беруші қарызды өздігінше төлейді деген көмескі үмітпен күтіп, шыдап отырмауы қеректігіне назар аударғым келеді. Сондықтан еңбек инспекциясына, прокуратура мен сот органдарына жүгіну сияқты белсенді іс-әрекеттердің арқасында ғана еңбек ақысының уақытылы және толық төленуіне байланысты бұзылған құқықтарды қалпына келтіруге болады.
– Жұмысшыларына тиесілі жалақыларын бере алмайтын мекемелер, кәсіпорындардың шама-шарқын анықтап, алдын алуға бағытталған шаралар жасау керек шығар? Бұл мәселеге прокуратура органдарынан басқа қандай ұйымдар араласа алады?
– Бұл мәселе бойынша біз, «Атамекен» кәсіпкерлердің ұлттық палатасы мен бизнес-қауымдастықтың қолдауын күтеміз, өйткені олар азаматтардың еңбек құқықтарының бұзылуының алдын алу тақырыбында жұмыс берушілермен түсіндіру жұмыстарын үнемі жүргізе алады. Жалақы бойынша берешегі бола тұра, кәсіпкер ақшалай қаражатты жеткізушілермен есеп айырысуға немесе басқа да өндірістік мақсаттарға жұмсайтыны туралы да мысалдар бар. Қазірге кезеңде бизнестің қиын заманды өткеріп жатқаны анық, алайда, кәсіпкер ертеңгі күні жалақыны қайдан төлейтінін алдын ала білуі қажет. Жалақыны уақытылы төлеуге әсер етуі мүмкін өндірісті қолдау мен дамытуға қаржыны бағыттау туралы шешімдер кәсіподақ ұйымдары мен еңбек ұжымдарымен келісе отырып қабылдануы тиіс. Нәтижесінде әрбір қызметкерге ертеңгі күні ол өзінің жалақысын ала алатыны түсіндіріліп, кепілдік берілуі тиіс.
– Андрей Николаевич, ішкі еңбек нарығын қорғауды қамтамасыз ету мәселелері де прокуратура органдарының назарынан тыс қалмаған болар?
– Өткен жылы «Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020» бағдарламасының іске асырылуына, сондай-ақ шетелдік жұмыс күшін тартуға рұқсат беру заңдылығына тексерулер жүргізілді. Тексерулер мамандарды дұрыс оқытпаудың 120-дан астам дерегін анықтады. Бұл олардың біліктілігінің төмен, еңбек нарығындағы бәсекеге қабілетсіз болуына себепкер болады. Әлеуметтік жұмыс орындарын құру мен жастар тәжірибесін өтуге қатысты тексерулер жұмыс берушілердің өздерінің жұмыс істеп жүрген қызметкерлерін мемлекеттен заңсыз субсидиялар ала отырып, әлеуметтік жұмыс орындарына ауыстырған деректерін анықтады. Бірқатар қомпанияларда шетел азаматтарын жалған құжаттармен жұмысқа тарту, Қазақстан азаматтары үшін жаңа жұмыс орындарын ашуға, оларды қайта даярлау мен оқытуға байланысты жұмыс берушілерге рұқсат беру шарттарының орындалмау деректері анықталды. Шетелдік кәсіпорындар, сондай-ақ шетел жұмыс күшін тартушы компаниялар қазақстандық қызметкерлердің құқықтарын бұзып қана қоймай, оларға тікелей кемсітушілік жасау деректеріне де жол беру жағдайлары орын алған. Мысалы, прокурорлар теңдей атқарылған жұмыс үшін шетелдік қызметкердің жалақысы қазақстандық қызметкердің жалақысынан асып түсу деректерін анықтаған. Кейбір кезде біздің отандастарымыз шетелдік әріптестеріне қарағанда қолайлылығы кемдеу жағдайларда жұмыс атқарған.
– Бұл фактілер бойынша қанша іс сотқа тапсырылды, оларға қандай жаза қолданылды?
– Барлық анықталған құқық бұзушылықтар бойынша кінәлі тұлғалар мен теріс пиғылды жұмыс берушілер заңмен белгіленген жауапкершілікке тартылды. Жалпы, прокурорлар жүргізген тексерулер нәтижесінде әртүрлі мемлекеттік органдарға 171 прокурорлық ықпал ету актісі енгізілді, 52 дерек бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізілуде, шетелдік жұмыс күшін тартуға берілген 2900-ден астам рұқсат кері қайтарылды. Бұдан басқа, Бас прокуратура анықталған құқық бұзушылықтардың алдын алу мақсатында Қазақстан Республкасы Үкіметіне ішкі еңбек нарығын қорғауға бағытталған бағдарламаларды жүзеге асыруда кейбір тәсілдерді қайта қарау туралы ұсыныс енгізді. Алдағы кезеңде прокуратура органдары азаматтардың еңбек құқықтарының сақталуын қамтамасыз етуге байланысты үдемелі және мақсатты жұмыстарды жалғастыратын болады.
- Әңгімеңізге рахмет!
Сұхбаттасқан Қайыржан ТӨРЕЖАН