ҚР Президентінің баспасөз хатшысы Дәурен Абаев Facebook-тегі жеке парақшасында хабарлайды. «Жақында ғана Нұрсұлтан Назарбаев қатысқан Вашингтондағы Ядролық қауіпсіздік жөніндегі саммит аяқталды. Оның аясында Президент 15-ке жуық шет мемлекеттері мен үкімет басшыларымен кездесу өткізіп, жалпыға ортақ ядролық сынақтарға тыйым салу тақырыбында бірқатар бірлескен мәлімдемелерді қабылдады. Сонымен қатар Мемлекет басшысы АҚШ-тың қоғамдық және саяси қайраткерлерімен де кездесіп үлгерді. Бұл іс-шаралар ондаған сағат бойы пікірталас, пікір алмасу, шешу жолдары мен позицияны қорғау және ізгі шақыртуларды қамтыды. Сондай-ақ кейбір қызықты оқиғалар кадрдан тыс қалды. Саммит шеңберінде Нұрсұлтан Назарбаев АҚШ Президенті Барақ Обамаға сыйлық табыстады. Егер естеріңізде болса, 2012 жылы Сеулдегі Ядролық қаруға қарсы саммитте Б.Обама президент сайлауы қарсаңында Мемлекет басшысынан қазақ тұмарын қабыл алған болатын. Бұл жолы Қазақстан Президенті белгілі қазақстандық суретші, халықаралық ядролық қаруға қарсы қозғалыс белсендісі, АТОМ жобасының (The Atom Project (ENG) құрметті елшісі Кәріпбек Күйіковтің «Жарылыс» деп аталатын картинасын сыйға тартты», — деп жазды Дәурен Абаев.
Источник: http://24.kz/kz/