АЛТЫНОРДА
Новости Казахстана

 ГОЛОВКИНГЕ ТАБАНЫНА ҚАЗАҚСТАН ТУЫ ТАҢБАЛАНҒАН АЯҚ КИІМ СЫЙҒА ТАРТЫЛДЫ

Бүгін қазақстандық кәсіпқой боксшы, WBA (Super), IBO, WBC (Interim) және IBF версияларының орташа салмақтағы чемпионы Геннадий Головкин Jordan Brand атрибутикасын шығарушылармен келісім-шартқа отырғанын ақпарат құралдары жазуда. Бұл туралы «Қамшы» порталы хабарлайды.

Jordan Brand – атақты Nike сауда белгісі мен баскетболшы Майкл Джорданның біріккен жобасы. Геннадий Головкин бұл брендпен келісімге отырған Андре Уорд пен кіші Рой Джонстан кейінгі үшінші боксшы. Осы уақытқа дейін бұл марканың өкілі болу бақыты барлығы 50 спортшыға ғана бұйырған көрінеді.

Компания президенті Ларри Миллер осы оқиғаға қатысты: «Біз Геннадийді өз отбасымызға қабылдағанымызға қуаныштымыз», — десе, боксшының өзі Туиттердегі парақшасына: «Jordan Brand-тің бір бөлшегі болғаныма қуаныштымын», — деп жазды.

Отандық боксшының әлемдік бренд иелерімен тең дәрежеде қарым-қатынас орнатып, өзін мойындатқаны қуанышты, әрине. Алайда, Jordan Brand иелерінің бір қылығы қынжылтып отыр.

Компания боксшымен жасалған келісімнің нышаны ретінде Г. Головкинге табанының ішкі жағына Қазақстан туындағы күн мен бүркіт бейнеленген аяқ киім сыйға тартты.

Біраз уақыт бұрын ұлттық нақыштағы делінген шапанының оюы қоғам талқысына түскен Геннадийді енді не күтіп тұр екен?

«Қамшы» сілтейді