АЛТЫНОРДА
Новости Казахстана

МӘСІМОВТІҢ ОРНЫНА ЖАҚСЫБЕКОВ ЖАЙҒАСА МА?

f61783c3d4030e825b289399af4c7239f24fb1d63c980422e9ff81d0168«Үкімет басшысы ауысады екен» деген әңгіме бір бүгін шығып отырған жоқ. Соңғы премьердің бұл лауазымға бірнеше жыл ішінде бірнеше рет тағайындалуын еске алсаңыз-ақ бұл әңгіменің төркіні тереңде екенін түсінесіз. Ал, осы күнгі отставка туралы әңгіменің әдеттегі ас үйде айтылатын ауыс-түйістен айырмашылығы көп. Жер мәселесіне орай туындаған наразылық ел ішінде өршіп тұр. Заңға енген өзгерістерге Елбасының өзі араласып, мораторий жариялады. Жер реформасымен айналысатын комиссия жұмыс бастады. Жерден басқа да үкіметтің атына жақсы атақ әкелмейтін күрделі мәселелер бар. Осы жәйттер түрткі болды ма, басқа себептері бар ма, әйтеуір әлеуметтік желі мен азаматтық белсенділер арасында «Мәсімов орнынан кетеді екен» деген әңгіме бүгінде желдей есуде.

Премьердің отставкаға кететіні туралы болжамдарға қатысты аптаның алғашқы күніндежазғанбыз. Онда бірқатар ақпарат құралдарында атқарушы билік тізгінін премьер министрдің қазіргі бірінші орынбасары Бақытжан Сағынтаев немесе қорғаныс министрі Иманғали Тасмағамбетов ұстауы мүмкін деген болжамдардың барлығы туралы айтқан едік. Кешелі бері өздерін тәуелсіз БАҚ санайтын кей ақпараттық ресурстар премьерлікке Ақордадан ұсынылуы мүмкін үміткер ретінде Астана әкімі Әділбек Жақсыбековтің есімін атауда. Ақпарат алаңы мен сарапшылардың айтысына қарасақ, елде премьер-министрдің ауысу керектігіне ешкімнің шүбаланбайтынын көреміз. Ал, мына Жақсыбеков бұл тақырыптағы әңгімелердің арасында қалай жылт ете қалды деген сұраққа аз-маз жауап іздеп көрсек. Ол үшін елдегі соңғы саяси оқиғалардың ішіндегі президент пен Ә. Жақсыбековтің есімдері қатар аталған бірнешеуіне тоқталайық.

Негізінен баспасөзде президент пен әкім төңірегінде тек елорданың тыныс-тіршілігі, шаруашылығына қатысты материалдар жарияланды. 23 сәуір күні Президент пен Астана әкімі бірге сенбілікке шыққанын білеміз. Одан кейін көп ұзамай Елбасы «ЭКСПО-2017» Халықаралық көрмесіне дайындық жұмысын пысықтаған жиында Астана әкіміне біраз сын айтты. Оған қала іргесіндегі Талдыкөл су жинағыш орны мен одан тарайтын жағымсыз иіс себеп болды. Президент Ә. Жақсыбековке жақын уақытта бұл мәселе шешілмесе, сол сасық судың басынан киіз үй тігіп беретінін де ескертті. Бұл оқиға туралы елдегі бірқатар ақпарат құралдары жазды. Тіпті, президенттің жиені Айсұлтан Назарбаев та әлеуметтік желіде Елбасының сын-ескертпесін негізге алып, Ә. Жақсыбеков жұмысына көңілі толмайтынынжазды. Ал, осындай дүйім жұрт алдында президенттің қатал сынына ұшыраған шенеунікті билік иерархиасындағы де-юре төртінші, де-факто екінші орынға ұсынудың қандай қисыны барын түсіну қиын, әрине. Бірақ, президенттен ұрыс естіген әкімнің бәрі іске алғысыз болып қалады деуге де болмайды.

Олай дейтініміз, 9 мамыр күні Президент Мәскеуге арнайы барып, онда өткен Жеңіс шеруін тамашалады. Жанында бірқатар лауазымды тұлғалармен бірге Астана әкімі де жүрді. Жақсыбеков президентпен шетел сапарына еріп жүретіндей мемлекеттік хатшы, яки сыртқы істер министрі емес. Президент әкімшілігіне де қатысы жоқ. Болмағанда Ресейдегі елші де емес. Елбасының Мәскеуге сапарында елордаға қатысты ешбір мәселе сөз болмағанын және білеміз. Әділбектің Мәскеуге әншейін еріп бармағаны анық. Оның себептеріне үңілмей-ақ, осы сапар арқылы Астана әкімінің әзірге Талдыкөлдің басына киіз үй тігу ойы жоғын білуге болады.

Ұзын-ырғағы бір айдай уақыт ішінде бірнеше рет кездесіп, бірге жүрген Елбасы мен Астана әкімі 16 мамыр күні тағы жүздесті. Ақорда сайты бұл кездесуде де бас қаланың әлеуметтік-экономикалық дамуы, инвестиция тарту, демография ммәселелерінің сөз болғандығы туралы ресми ақпарат қана таратты. Нұрсұлтан Назарбаев қаланы дамытуға капитал салу тиімді болып шыққанына, бүгінде оның орны толып жатқанына да назар аударғандығын жазды.

«Бұл – қуантарлық көрсеткіштер, ол мемлекеттің, бірінші кезекте қала әкімдігінің сындарлы жұмысының нәтижесі болып саналады. Осы жұмысты жалғастыру керек. Елорда барлық бағыт бойынша үлгі көрсетуге тиіс. «Ақылды қаланы», балама энергетиканы дамыту, жылумен жабдықтау, көшелерді абаттандыру, автотұрақтар салу бағытында көп нәрсе жасалуда. Қала жақсы дамып келеді және бұған қажетті өз қаражаты да бар», – деген Н. Назарбаев Астана әкімінің жұмысына жоғары баға беріп.

Осы орайда, оқырмандар үшін Әділбек Жақсыбековтың саяси, мемлекеттік қызмет жолы туралы да ақпарат бере кеткен артық болмас. Жақсыбековтың үлкен саясаттағы жолын оның 1995 жылы Сенат депутаты болып сайлануынан бастаған жөн болар. Бір жыл өте ол Ақмола облысы әкімінің орынбасарлығына тағайындалды. 1997-2003 жылдары Астананың алғашқы әкімі болды. 2003-2004 жылдары Индустрия және сауда министрі қызметін атқарса, 2004 жылдың желтоқсанынан 2008 жылдың қаңтарына дейін Президент әкімшілігін басқарды. Президент Н. Назарбаевтың партиядағы орынбасары, РФ-дағы төтенше және өкілетті елші, қорғаныс министрі, мелмекеттік хатшы лауазымдарынан да өтті. 2014 жылдың қазанында Астана әкімі болып қайта тағайындады. Құрылымдық өгерістерге сай 2015 жылы маусым мен тамыз аралығында «Астана ЭКСПО-2017» ұлттық компаниясының басшылығын әкімдікпен қатар алып жүргені және бар. Бір сөзбен айтқанда, Әділбек Жақсыбеков вице-премьер, парламент палаталарының төрағасы болмады демесеңіз, атқарушы биліктегі біршама лауазымдардың басын шалған шенеунік.

Демек, Талдыкөлдің сасық исі Әділбекке сор боп жабысты деуге негіз жоқ сияқты. Президент те кейінгі кездесулерде одан «Ана иісті қайтетін болдың?» деп сұрамаған секілді. Қалай болғанда да, бұл жазылғанның бәрі соңғы саяси оқиғаларға, желідегі желдей ескен кей әңгімелерді ескере отырып жасалған болжам ғана. Анығын Елбасының Жарлығы жеткізеді.

Жомарт Абдоллаұлы

«Қамшы» сілтейді