АЛТЫНОРДА
Новости Казахстана

Қайыржан ТӨРЕЖАН.Ауғанстан елшілігінің референттері

news1454932862_1_ҚР ҰҚК Шекара қызметі офицерлерінің бірінші тобы Ауғанстандағы Қазақстан елшілігін қорғау жөніндегі міндеттерін абыроймен аяқтап, елге оралды. 

Кеше Ауғанстан астанасы Кабулдан Алматы қаласының әуежайына келіп қонған ұшақты қазақстандық шекарашылар әскери оркестрмен салтанатты түрде қарсы алды. Кабулдағы Қазақстан елшігінде бір жыл қызмет атқарған Шекара қызметінің офицерлері мұндағы әріптестерімен, отбасымен, туған-туыстарымен қуана қауышты.  

«Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасын қорғау туралы» заңға сәйкес, еліміздің шетелдегі мекемелерін қорғау міндеті ҚР ҰҚК Шекара қызметіне жүктелген. Соған байланысты шекарашылардың бірінші тобы өткен жылдың 26-мамырында жүк ұшағымен Қабыл қаласына жеткізілген болатын. Қазақстан Шекара қызметінің алты офицері Ауған жеріндегі біздің елшілікті және елшілік қызметкерлерін қорғау міндетін атқарды. Бұл шет елде қызмет етіп келген бірінші топ, оларды Ауғанстандағы міндеттерін атқаруға 6-маусымда аттанған шекарашылардың екінші тобы ауыстырды. Өз міндеттерін жауапкершілікпен атқарған топтың мүшелерін ҚР ҰҚК Төрағасының орынбасары – Шекара қызметінің директоры және Ауғанстандағы елшілік тарапынан марапатталды.

– Сыртқы істер министрлігінің ұсынысымен ҚР Үкіметі бекітетін еліміздің шетелдегі мекемелерін қорғайтын шекарашыларды дайындау жұмысы қазіргі уақытта жоспарлы түрде жүзеге асырылуда, — дейді Шекара қызметінің майоры Оксана Парпура, — Шекара қызметінде іріктеу жұмыстары өте қатаң түрде өткізіледі. Психофизиологиялық, полиграфологиялық тәсілдер арқылы офицерлердің деңгейі тексеріледі. Оған медициналық, әскери-жауынгерлік дайындық, арнайы курстарды қоссаңыз – қойылатын талаптың үлкен екендігіне көз жеткізесіз. Осындай дайындықтардан сынақ тапсырып, ойдағыдай өткен кандидаттар еліміздің шет елдегі мекемелерін қорғайтын резервке қабылданады. Ал, ары қарай бұйрық берілген мезетте шекарашы офицерлер қашанда өз міндеттерін атқаруға дайын тұрады.