ҰҚК-ның Ақтөбе облысы бойынша департаменті басшысы Нұрлан Қыдырбаев облыста салафизм ағымына ергендер саны 1565 адамды құрайтынын айтты. Оның ішінде 90 адам «жиһадқа жақын» радикалдар ретінде тіркелген көрінеді. Бұл туралы Qamshy.kz Aktobe News– ке сілтеме жасап хабарлайды.
ҰҚКД басшысы облысқа жұмыс сапарымен келген Премьер-министр Кәрім Мәсімовке лаңкестікке қарсы штабтағы жиын кезінде аймақтағы ахуалды баяндады.
«Өңірде теракт жасаушылардың сыбайластарын іздеу жұмыстары жүруде. Салафиттерді бағалау үшін көп күш керек. Былтыр біз 32 салафиттің бетін бері қаратып, теріс ағымнан қайтардық. Бірақ, мұндай жұмыстар үшін сауатты теологтар мен имамдар жетіспейді. Жергілікті кадрларды дайындау керек», — дейді Н. Қыдырбаев.
Департамент басшысы сондай-ақ, 2015 жылдан бері Ақтөбе облысында 14 радикалдық топтың қызметі тоқтатылғанын, Қазақстан аумағында және шет елдерде қарулы актілер өткізуді жоспарлаған 36 адам ұсталғанын жеткізді.