АЛТЫНОРДА
Новости Казахстана

[:ru]АРМАН ҚУАНЫШБАЕВ: САЛАФИЗМНІҢ АҚПАРАТ КӨЗДЕРІН БІТЕП ТАСТАУ ҚАЖЕТ[:kz]АРМАН ҚУАНЫШБАЕВ: САЛАФИЗМНІҢ АҚПАРАТ КӨЗДЕРІН БІТЕП ТАСТАУ ҚАЖЕТ[:]

[:kz]

794-960x540Бірер жыл бұрын Бас Мүфти Ержан қажы Малғажыұлының  бастамасымен Діни Басқарма жанынан насихат тобы құрылған еді. Оның құрамында 32 уағызшы-ұстаздар бар. Олар ай сайын кестеге сай облыстарды аралап, жергілікті жамағатпен жүздесіп, салихалы насихат айтып, сұрақтарға жауап беріп жүр. Рухани шөліркеген халыққа уағыздың майын тамызып, жүрекке жеткізіп айтатын адамдар өте-мөте керек. Тіпті, келешекте, арнайы уағызшылар мектебін ашу қажет те шығар Алматыдағы Білім жетілдіру институтында имамдарды шешендік өнерге үйрететін дәрістер өткізіле бастады. Діни Басқармаға қарасты 22 сайт, арнайы студиялар жұмыс істеп жатыр. Мешіттерде де намаздардың соңынан уағыз айтылады. Бұл өте құптарлық, ел үшін де, дін үшін де игі бастама болды. «Мұсылман болмақ әсте-әсте…» дегендей, сөз түзелсе, тыңдаушы да түзелер. Елге танымал уағызшы-ұстаз Арман Қуанышбаевпен сұхбаттасудың сәті түскен еді. Сол сұхбатты Qamshy.kzоқырмандарының назарына ұсынамыз.  

—  Ұлтсыздандыру саясатының салқыны тиіп, діннен жұрдай бола жаздаған қазақтың имани иммунитетін көтеру қанша уақыт керек деп ойлайсыз?

—  Біз екі жүз жыл ақ патшаның да қолында болдық. Сол кезден діни «цензура» жүрді. Тек кеңес өкіметі емес, ақ патшаның өзі де Ислам дініміз бен қазақи болмысымызға қарсы күрескен. «Елу жылда ел жаңа» дейді, ал қазақты діннен бездіру саясаты екі ғасыр уақытқа созылды. Бір емес, бірнеше буын ұрпақ уланды.  Ақ патшаның кезінен тәуелсіздік алғанға дейін діннен алшақтап кете барғанбыз. Оны оңалту үшін, бір Құдай біледі қанша уақыт кетерін. Мысалы Пайғамбарымыз (с.а.у) Ислам дінін жаю үшін «бір ұрпақ» уақыт , яғни 23 жыл жұмсаған. Құран да осы уақыт аралығында түсті. Бірақ, біздің шариғатымызда бір қызық жәйт бар, дінді пәлен уақытта аяғына тұрады деп болжап айтпайды. Тиым салынған. Мәселен, «Хизбут тахрир» деген топ болды. Олар «Пайғамбарымыз с.а.у сияқты 23 жылда аяққа тұрамыз» деді. Кейінірек, «Жоқ, қате. Жаңылыппыз, 60-70 жылда» деді. Ақырында жылмен есептеуге болмайтынын түсінді. Яғни, бұл мәселе шектеулі уақытта шешілмейді. Дінге тұрақты түрде көңіл бөліп, түпкілікті айналысқан жағдайда ғана оңалатын болады. Жалпы діндар болу тек адамның қолында емес, Пайғамбарымыздың с.а.у жақсы көрген ағаларының бірі Әбу Тәліптің өзі имансыз боп өмірден өтті. Ол үшін қанша қынжылды. Сонда Алла Тағаламыз айтты: «Имандылықты сен бермейсің. Имандылықты Мен Өзім қалаған адамға берем» деп. Сондықтан діни имандылықты Алланың сыйы деп білу керек.

—  Бүгінде дінге бет бұрумен қатар, діни адасушылық мәселесі де күн санап өзектілігін аңғартып отыр. қаншама адам, әсіресе жастар, теріс ағымдардың жетегінде кетуде. Елді адастырған салафиттер, уахабилер, тәкпіршілер, құранидтер адамдарды аз уақыттың ішінде жетегіне ілестіріп кететіндей соншалық білімді ме? Оларға ергендерді жай уағызбен қайтару мүмкін бе?

—  Расында да, біздің елімізде діннің атын жамылған неше түрлі ағымдар, топтар, партиялар көбейіп кетті. Оларға тіпті тиым салынса да, бәрібір өз білгендерімен жүр. Оларды уағызбен қайтару мүмкін бе дейсіздер. Салафизм бағытын ұстанатындар «зомбирование» алған. Біздің уағыздарымызды тыңдамау керектігін саналарына сіңіріп алған. Салафизм бағытындағы азаматтармен кездескенде, олар менің айтқанымды барынша бұрмалап, құлағын бітеп, тыңдамайды да. Өйткені олардың бізді тыңдаса, «уланасың» деп құлақтарына құйып қойған. Сондықтан олардың  уағызға көнулері өте қиын. Десе де екі арада екіленіп тұрған азаматтар, осы бағытқа кіріп алып, ішінде бір қарама-қайшылықтарды байқаған азаматтар кері қайтып жатыр. Менің телефоныма сондай сүйінші хабарламалар келіп тұрады. Ал, әбден сіңіп кеткен азаматтар құр уағызбен қайтады деп ойламаймын. Ең алдымен заң қабылдануы керек.

—  Салафизм идеясы мен оны ұстанушыларға мемлекеттік деңгейде тосқауыл қою үшін өз тарапыңыздан қандай ұсыныс айтар едіңіз?

— Біріншіден, үкімет тарапынан оларға тиым салынса, екіншіден, олардың ақпарат алатын тетіктерін жауып тастаса, қол-аяғы кесілген болар еді. Мәселен, олардың уағызшыларына тиым салып, кітаптарына тиым салып, оларға басқа тыңдайтын орын қалдырмау керек. Сонда ғана бізді тыңдай бастайды. Мен осы нәрсені кішігірім қалаларда, ауыл, елді-мекендерде осы нәрсені байқап жүрмін. Әсіресе салафизм бағытындағыларға тиым салу керек деген ұсынысты Мүфтият та, имамдар да, уағызшылар да, жалпы қарапайым халық құптаса да, үкімет тарапынан нақты шаралар қабылданбай келеді. Елбасымыз да жақында Ақтөбеде болған жағдайды салафизм бағытындағылар істегенін айтты. Сондықтан, бұл мәселеге үкімет тарапынан қолдау табылмаса, салафизм бағыты заңмен жабылмаса, қандай да бір уағызбенен, жәй әдемі сөзбенен орнына келеді деп ойламау керек. Содан кейін олардың теріс әрекеттерін әшкерелеп газет-жорнал, телеарналар, әлеуметтік желі арқылы жариялап, осы бағытта жұмыс жасау қажет.

— Сіз сияқты уағызшыларды қарапайым халық ұстаз деп сыйлап, айтқандарыңызды ұйып тыңдайды. Демек, сөзінің салымы бар мамандарға сұраныс бар. Жат ағымдағылар да, білім таяз болса да, майда тілдерімен тартып жатыр ғой, адамдарды. Имам болғыңыз келмей ме?

— Мен имам бола алмайтын сияқтымын. Әркім өз мүмкіндігін біледі ғой. Имам болу оңай емес, әрі жауапты жұмыс. Таңнан қара кешке дейін жүгіріп жүреді. Қазір имамдар «офисный» адам боп кеткен. Не өзінің оқуға, не бала оқытуға, не кітап жазуға уақыттары жоқ. Оны кез-келген имамнан сұрасаңыз айтып береді. Менің ең сүйікті ісім – кітап оқу. Егер кітап оқуға уақыт жетпесе, басқа жұмыстың бәрін шетке ысырып тастаймын. Сондықтан мен имам бола алмаймын. Кітап оқып, оқыған-тоқығанымды басқаларға үйреткенді ұнатамын. Мақсатым балаларға білім беру.

Сенімі сезік туғызатындарды Қазақстанның ірі де, шағын да елді мекендерінен көп байқаймыз. Еліміздің оңтүстігіндегі Кентау кішігірім қала. Десе де ол жақта да сақалы ұзын, балағы қысқа адамдар бар. Түкпірде тыныш жатқан қалаларда жат ағымның жетегінде кеткендер көптеп кездеседі. «Жұмысы жоқтықтың» кесірі емес пе?

—  Ия, Кентауда да салафизм бағытын ұстанатын азаматтар бар. Бірақ, олар ашық уағыз жүргізе алмайды. Өте жасырын әрекет жасап жатса керек. Біз сырттан адам келмеуіне барынша жол бермей келеміз. Ақпарат көздері өте аз болғандықтан, бұл жердегілер өздері ғана ұстанады. Салфиттердің ілімі өте таяз, мұндағы. Ол алдымен Алланың арқасы, сосын осындағы мықты уағызшылардың, имамдардың уағыз сахнасын өзгеге бермей келе жатқанының нәтижесі. Барлық жерде де жат ағымдарға уағыз сахнасы берілмей, жүйелі жұмыс атқарып, басқаларды тыңдауға мүмкіндіктері де болмай қалады. Әлбетте халықтың әлеуметтік жағдайына да байланысты. Салафиттердің білімі таяз болса да, қалтасы қалың. Ақшаға сатып та алады.

—  Кентау қаласында медресе бой көтергеніне, бәріміз қуандық. Ол жерде балалар қай бағытта білім алатын болады?

—  Кентаудағы медресе медресе ретінде ашылмайды. Колледж қылуға да ұсыныс жасағандар болды. Бірақ біз қарилар дайындайтын орталық болады деген тоқтамға келдік. Мәселен, Түркияда екі жарым миллиондай Құранды жатқа білетін қарилар бар екен. Ал, біздің еліміздің мыңға жетер-жетпес шығар деп ойлаймын. Қазекем де «Менің атам Құранды үйтіп оқитын, бүйтіп оқитын молда болған» деп мақтанады ғой. Қазір Құранды әсем қырағатпен, сауатты оқитын қариларымыз өте аз. Он жеті миллион халықтың арасында бар-жоғы да білінбейді, еміс-еміс естігеніміз болмаса. Осы мәселені жаңғыртқым келеді. Алла қаласа, биыл қыркүйектен Құран жаттау курсын ашып, жұмысты бастаймыз деген ниетіміз бар.

— Игі бастамаларыңыздың бәріне Рахман иеміз сәттілігін берсін! Сұхбатыңызға рахмет!

«Дін — апиын» десе, кезінде өкпелеуші едік. Қазір жат ағымдар нағыз апиын боп тұр. Расында да, оларда ақша көп. Ал біздің халық анау айтқандай иманы мықты мұсылман бола алмай келеді. Сондықтан шығар, тек сәләфилердің емес, басқа да неше түрлі келімсектердің арамы ниеттеріне дінін сатып жіберіп жатқаны. Неге? «Қиялды қарыз бұзады» деген Пайғамбарымыз с.а.у. Біздің халық та, ел де белшеден қарыз. Жұрттың бәрінің шекесі шылқып өмір сүріп жатқан жоқ. Құлқынға тамақ керек. Тамаққа ақша керек. Тегін ақшаның тетігі жат ағымдар болып тұр. Жемқорларға жем қылмай, мемлекет дәстүрлі дінімізге дем берсе де игі еді.

Сұхбаттасқан: Мөлдір Нұрман

«Қамшы» сілтейді

[:]