[:kz]
«Замананың» өткен нөмірлерінің бірінде «Шекара түбінде отырғандардың мәселесін кім шешіп береді?» деген тақырыпта мақала жарияланғаны белгілі.
Онда Сарыағаш ауданындағы Ұшқын ауылдық округіне қарасты Достық елді мекені тұрғындарының шешілмей жатқан мәселесі жөнінде айтылған болатын. Редакциямызға Сарыағаш ауданынан осы мақалаға қатысты жауап хат келді.
Ауылдық округ басшысы назарға алыпты
«Замана» республикалық қоғамдық-саяси газетінің 27.06.2016 жылғы нөмірінде «Шекарадағылардың мәселесін кім шешеді?» тақырыбында жарық көрген мақалаға сәйкес төмендегіні хабарлаймын.
2005-жылы Қазақстан Республикасы мен Өзбекстан Республикасы арасындағы шекара демаркацияланып, шекара сызығы анықталып, қазығы қағылған. 2005-жылы Үкіметтің арнайы қаулысы шығып, осы қаулыға сәйкес шекара сызығынан 30 метр қашықтықта орналасқан тұрғын үйлердің қаржысы төленіп, үкіметтік қажеттілікке алынып, бұзылған. Аталған 30 метр шекара сымынан емес, шекара сызығынан алынуына байланысты шекара сызығынан 30 метр қашықтықта орналасқан тұрғын үйлерден 1-2 метр қашықтықтан сым тартылған.
Достық елді мекенінің «Навои» мөлтекауданының Өзбекстан Республикасымен шекаралас жерінде оншақты тұрғын үй қалып отыр. Бұл мөлтекауданға мемлекет есебінен газ-су тарту қымбатқа түседі, әрі тиімсіз. Сондықтан осы ауылға баратын «Абай – Калхабад» автотрассасының екі жақ бетінен 80 гектар аумақты үйіргелік жерге беру үшін аудандық арнайы жер қорынан ауылдық округтің Достық елді мекенінің шегіне кіргізуге қатысты жұмыстар атқарылуда. Бүгінгі таңда Достық елді мекенінің оңтайлатылған жобасы дайын. Бұл жердің инфрақұрылымын жасап біткеннен кейін осы шекара маңына орналасқан үйдегі азаматтарға да учаскелік жер беріледі.
Достық елді мекеніне ағын су Өзбекстан Республикасынан келген. Бүгінгі таңда Өзбекстан тарапы ағын суды жауып тастауына байланысты Достық елді мекенінің «Навои» және анармай» мөлтекаудандарында ағын су жоқ. Бұл мөлтекаудандарға ауыз суды тасымалдап беру жолдары қарастырылуда.
Ауылдық округтің Достық елді мекенінен Абай ауылына қатынайтын «Газель» автокөлігі қойылып, тиімсіз болуына байланысты қайтып тоқтап қалған. Бүгінгі таңда жолаушыларды жекеменшік таксилер тасымалдауда. Бұл кәсіпкерлерге жол ақысын арзандату бойынша тиісті түсінік жұмыстары жүргізілуде.
Т. Полатов, Ұшқын ауылдық округінің әкімі».
Облыс әкімі тапсырмалар берген
Ал кешегі аптада облыс әкімінің баспасөз қызметінен редакцияға арнайы хат келді. Онда мынадай жайлар туралы айтылады:
«Оңтүстік Қазақстан облысының әкімдігінде өңір басшысы Б.Атамқұловтыңтөрағалығымен Сарыағаш ауданы, Достық елді мекеніндегі шекара бойында 100 метр қашықтықта орналасқан үйлер бойынша шұғыл жиналыс өтті. Мәжілісте 2005-жылы Қазақстан Республикасы мен Өзбекстан Республикасы арасындағы шекара демаркацияланып, шекара сызығы анықталғаннан кейін онда қалып қойған Достық елді мекеніндегі 10 үйдің мәселесі қаралды.
Сондай-ақ бас қосуда аталған 10 отбасыны көшіру мақсатында Достық ауылына баратын «Абай – Калхабад» тас жолының екі жақ бетінен 80 гектар жерді беру үшін Достық елді мекенінің оңтайландырылған жоспары жасалғаны айтылды. Жиында аймақ басшысының тапсырмасына сәйкес, аталған елді мекеннің тұрғындарымен кездесіп қайтқан облыс әкімінің орынбасары Ж.Бөкенбаев мән-жайды баяндады. Ол өз сөзінде тұрғындардың мүлкін заңдастыруға көмектесу және мемлекет тарапынан өтемақы алып, басқа жерге көшіру туралы өтініштерін жеткізді. Облыс әкімінің орынбасары бұл аумаққа мемлекет есебінен газ, су тарту экономикалық жағынан тиімсіз болғандықтан бүгінге дейін ауыл тұрғындары «көгілдір отынсыз» отырғанын және ауыз суды 3 шақырым қашықтықта орналасқан Ұшқын елді мекенінен тасымалдап ішіп келгенін айтты. Жиынды қорытындылаған облыс әкімі бұл мәселе бойынша арнайы жұмыс тобын құруды және ауыл тұрғындарын басқа жерге қоныстандырғанша ауыз сумен қоса сығымдалған газбен қамтамасыз етуді тапсырды. Сонымен қатар аудан әкімдігіне шұғыл түрде аталған үйлер бойынша түгендеу жұмыстарын жүргізуді және мүлікті заңдастыру бойынша құжаттарын рәсімдеуге көмектесуді тапсырды.
ОҚО әкімінің баспасөз қызметі».
…Қысқасы, «Замана» газеті қозғау салған шекара түбінде отырған тұрғындардың мәселесі облыс әкімінің де назарына алыныпты. Ендеше олардың қиындықтан құтылатын күндері де алыс емес сияқты.
Ұ. ТӘМЕНОВ
http://zamana.kz/
[:]