АЛТЫНОРДА
Новости Казахстана

[:kz]МЕШІТТЕ ТАЛТАЙЫП НАМАЗ ОҚЫҒАНЫНА КӨНДІК. КӨШЕДЕ АВТОМАТ ҰСТАП ТАЛТАҢДАУЫНА ДА КӨЗ ЖҰМАМЫЗ БА?[:]

[:kz]

ecc72ce5f400d39fc7323302d999bd0cКешегі Алматыда болған лаңкестік әрекет (лаңкестік әрекет – Президенттің берген бағасы) туралы ел іші тұрыпты, алыс, жақын шетелдіктер де құлағдар болды. ҰҚК басшысы В. Жұмақанов Алматы полицейлері мен бейбіт тұрғындарға оқ жаудырған Руслан Күлікбаевтің бұған дейін де бірнеше бап бойынша қылмыстық жауапкершілікке тартылғанын, салафиттік ағымға ерушілерге түзеу мекемесінде жүріп қосылғанын жеткізді. Бұл да ресми мәлімет. «Ресми мәлімет» деп ерекше басымдық беруіміздің де себебі бар. Осындай теракт оқиғалары кезінде теріс ағымдарға бүйрегі бұратындықтарын байқатып қойған кей журналист, блогерлеріміз «Оқиғаның мән-жайын күтейік. Ресми мәліметтерге құлақ асайық. Қылмыс жасаған адамның діни топтарға қатысы дәлелденбеді» деп сол ресми органдардың алдын орап, елді шатастыруға әрекеттенетіні бар.

Сонымен, Алматыда атыс жасаған кім? Ол бұл әрекетке неге барды? Неге полиция мен ҰҚК қызметкерлері нысанаға алынды? Лаңкестің (бірнеше адамды өлтіргені, қару асынып көшеде жүргені видео, фото материалдармен расталған адамды «лаңкес» деп атау асығыстық болмас – Д. М.) бұл әрекетке барудағы түпкі ойы қандай? Әзірге Алматы оқиғасына қатысты қоғамдық пікірдің нүктесін қоятын ресми органдардың қорытынды мәлімдемесі жарияланбады. Ол түсінікті де. Тергеу аяқталған жоқ. Тергеу тәмамдалса, сот процесі бар. Сол себепті де оған дейін қоғамда түрлі болжамдар мен сан алуан пікірлердің айтылуы – заңды құбылыс.

Алдымен, ІІМ Қ. Қасымовтың Елбасыға жасаған баянатына бір тоқталайық.

«Түнгі сағат 3.52-де ол әйелді өлтірді. Бізде куәгерлер бар, ол жеңіл жүрісті қыздармен жанжалдасқан, олардың бірі Өзбекстан азаматшасы. Ол қыз отырған көлікке келіп, такси жүргізушісінен жарықты қосуын сұрап, тапаншамен оқ атқан, кейін көлікті айдап әкеткен. Бұл көлікті қаза болған қызбен бірге таптық», — дейді министр.

Қ. Қасымов оқиға тізбегін баяндай отырып, бүгін сағат 10.54-те белгісіз біреудің Алмалы аудандық ІІБ-ге келгенін хабарлады. Посттағы полицей құжатын сұраған кезде ол тапаншасын алып шығып, екі мәрте оқ атқан, сөйтіп оны жарақаттайды. Кейін ол полицейдің автомат қаруын алып, кезекші бөлім жаққа бірнеше рет оқ атқан, аудандық ІІБ ауласында тұрғандарға да бірнеше рет оқ атқан. Осы кезде төрт полицей жарақат алған, бір азамат (оны министр «қазір зейнетке шыққан біздің бұрынғы қызметкер» деп атады – ред.) қаза тапты.  

«Осыдан кейін қылмыскер көшеге жүгіріп шығып, көлікке отырған. Біз екінші деп есептеген адамды күдікті қорқытып, Байзақов көшесіне жеткізуін талап еткен. Жол бойында ол патрульдік полиция қызметкерлеріне оқ атқан. ҰҚК департаментінің ғимаратының алдына келген ол көліктен шығып, тағы да оқ атқан, екі қызметкерді жарақаттаған. Осы уақытта жүргізуші қашып кеткен. Біз оны таптық». Алматыдағы атысты министр Қ. Қасымов Елбасыға осылай суреттеп берді.

Президентке баянат жасаған ҰҚК басшысы В. Жұмақанов лаңкестік жасаған адам туралы мәліметтерді айта келе, оның түзеу мекемесінде жүріп салафизм идеясымен уланғанын, тұрақты жұмыс орны жоқтығын, Алматыда ұялы телефондар сатумен (!) айналысқанын жеткізді.

Сонымен, министр сөзіне сенсек, күдікті полицияға шабуылдамас бұрын түнде «жеңіл жүрісті» делінген келіншекті өлтіреді. Ертесіне полиция басқармасына келіп, қырғын салады. Такси ұстап, қаланың жоғарғы бөлігіндегі ҰҚК департаментіне барады. Күлікбаев қолынан қаза тапқандар саны, түнде өлтірілген келіншекпен қоса, жеті адамға жетті (жарақат алған тағы бір полицейдің бүгін ауруханада қайтыс болғаны белгілі болды – ред.). Енді жоғарыдағы сұрақтарға келсек. Р. Күлікбаев «жеңіл жүрісті» қызды не себепті өлтіргенін ресми органдар «өзара келіспеушілік» деп атады. Жезөкше тұрыпты, мешіттегі кей мүмінді жау санайтын радикалға жеңіл жүрісті қызды өлтіру «сауапты іс» саналатынын дәлелдеп жату артық болар. Сөйтіп, жаһилдерге жария соғысын бір келіншектің қазасымен тоқтатқысы келмеген  лаңкес «сауабына» сауап қосуды, араб түбегіндегі пірлері «шайтанның ісі» деп пәтуа шығарған демократия, зайырлы қоғам, құқықтық мемлекет, полиция мен қауіпсіздік органдары жүйесіне қарсы тұруды, сөйтіп, «жиһад» жасауды ұйғарса керек. Әдетте теріс ағымдағыларды «сауатсыздықтан адасып жүр» деп жатамыз. Р. Күлікбаевтың мына жоспарына қарап, оны сондай «сауатсыз» дей алмайсыз. «Жеке келіспеушілік» (ол нақты қандай келіспеушілік, «жеңіл жүрісті» келіншекке не себепті кез боп жүр, ол жағы бөлек әңгіме) салдарынан бір адамды өлтіреді. Ол қылмысын мемлекеттік жүйеге қарсы әрекетпен толықтырып, өзі іспеттес адасқандардың  оң бағасын алуды, полицейлермен (полицияны «кәпірлік жүйенің қорғаушылары» деп бағалайтындар бар – ред.) атыс кезінде қаза тауып, «шаһид» атануды ойласа, қалайша «сауатсыз» болады? Бір автоматпен бірнеше «қоянды» атып тұрған жоқ па?

Полицейлердің әрекеті, жауынгерлік дайындығы мен ату шеберлігіне, арнайы органдардың агентуралық қызметіне сарапшылар мен құзыретті органдар бағаларын бере жатар. Бұл оқиғаға қатысты ол органдарда ішкі тексерулер, қызметтік тергеулер басталып кеткен де болуы мүмкін. Өйткені, сол оқиға кезінде ұсталған екеудің қайсысы «терроршы», қайсысы «таксиші» екенін анықтай алмай дал боп жатқандар бар. Ал, мұндай лаңкестікке қатысты қоғамның әрекеті қандай болмақ? Қарапайым телефон сатушының бір күнде қолына қару алып, республиканы дүрліктіргені оның «қарапайым телефон сатушы» еместігін меңземей ме? Мешітте талтайып намаз оқитындардың көшеде автоматпен талтаңдап жүруі үйреншікті жағдайға айналмасы үшін қайтпек керек? Міне, ең алдымен осы сұрақтар жауабын табуы тиіс сияқты.

Дархан Мұқантегі  

«Қамшы» сілтейді

[:]