[:kz]
Жүз жылдың жартысын еңсергендер арықтар алдында кейбір кеңестерді жадында ұстағандары жөн. Өйткені артта қалған әр жыл соңында тек өмірлік тәжірибе ғана қалдырмайды. Сондай-ақ денсаулыққа да таңбасын қойып, ағзаға мөрін басатынын баршамыз білеміз. Жанды жейтін түрлі созылмалы аурулар былай тұрсын, жыл өткен сайын терінің де жас күндегідей күйде болмайтыны тағы анық.
Тері серпімділігін жоғалтатындықтан, салмақ тастағанда терінің қайта тартылмай, салбырап қалуы – табиғи жағдай. Ал оның алдын алу үшін дұрыс арықтау жолдарымен таныс болыңыз. Оны білсеңіз, денсаулығыңызға да, әдемілігіңізге де нұқсан келмейді.
Қатаң диеталарға жол жоқ!
Мұндай диеталар аз уақытта көп салмақ тастауға арналғандықтан, 50-ден асқан жандардың ұстауына мүлде болмайды. Өйткені тері дене пішінінің жаңа өзгерістеріне, жылдам арықтауына ілесе алмай, салбырап қалады. Сондықтан бұл жаста дұрыс арықтау жолдары ретінде қатаң диетаны емес, дұрыс тамақтануды таңдау керек.
Тәтті мен майлыны ауызға алмаңыз
Конфеттер, тәтті нандар, тағы басқа тәттілер мен май қышқылына бай өнімдерді ас мәзірінен шығарып тастаңыз. Олардың ағзаңызға тигізер пайдасы жоқ, есесіне, зияны көп – атеросклероз, диабет сынды аурулардың пайда болу қаупін жоғарылатады. Сондай-ақ артық салмақ қосатын калориясы да көп.
Пайдалы ас қана…
Теңіз өнімдері, көкөністер, жеміс-жидектерді мейлінше көбірек тұтыныңыз. Олар – дәрумендер. Сондай-ақ дәнді дақылдардан дайындалған ботқалар ағзаңызға қуат береді. Сүт тағамдарының да пайдасы мол.
Жануарлар мен құс, балық еттерін жиі қолданған дұрыс емес. Мысалы, аптасына 70 грамнан астам ет жесеңіз, денеңізде артық майдың түзілуіне өзіңіз себепші болады екенсіз.
Зат алмасуды реттеңіз
Жас ұлғайған сайын ағзада зат алмасу процессі де баяулайды. Сондықтан да бұрын күнделікті тұтынып жүрген тағамыңызды уақыт өте қорыту да қиындай түседі. Зат алмасу процессін реттеу үшін шағын мөлшермен, күніне 6-7 рет тамақтанған жөн. сонымен қатар таңғы гимнастика да зат алмасуға көп көмек болады. Ол үшін таңертең, бар болғаны, 10-15 минутыңызды дене жаттығуларына арнаңыз.
Дене жаттығуларының көмегі мол
Дене жаттығуларынсыз дұрыс арықтау да мүмкін емес. Дегенмен, барлық жаттығудың артық салмақтан арылуға көмек болмайтынын да ескеру керек. Мысалы, тез жүрудің (жүгіру емес), жүзудің арықтауға пайдасы мол. Сондай-ақ жаттығуларды таза ауада жасау да өте пайдалы.
Жоғарыда көрсетілген кеңестерді жадыңызда ұстап, дұрыс арықтаңыз!
Дайындаған: Құралай Мұратқызы
http://anabol.kz/
[:]