АЛТЫНОРДА
Новости Казахстана

[:kz]ЭКСПО-2017: дайындық қызу жүруде[:]

[:kz]

скачанные файлы (3)«Тойдың болғанынан боладысы қызық» демекші, ЭКСПО-2017 мамандандырылған халықаралық көрмесіне де аз уақыт қалды. Қазірдің өзінде шараны өткізудің дайындық барысының соңғы кезеңі пысықталып жатыр. Бүкіл әлем көз тігетін ауқымды көрмені абыройлы атқаруға қаншалықты дайынбыз? Әлемнің және еліміздің түкпір-түкпірінен ағылатын миллиондаған туристерге нені паш етеміз?

Көрме қонақтарының тізімі түзілуде

 Әзірге 2017 жылдың 10 маусымы мен 10 қыркүйек аралығында өтетін көрмеге 94 мемлекет қатысатынын ресми түрде растаса, 56 мемлекет қатысу туралы шартқа қол қойды. Бұл көрмеге Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың өзі ерекше мән беріп отыр. Әрине, он сегіз жылда Сарыарқаның төрінен бой көтерген қалада миллиондаған адамды қарсы алатын көрме ұйымдастыру оңай шаруа емес. Ал оны абырой-беделмен өткізу басты мақсат. Елбасы кез келген шетелдік жоғары мәртебелі меймандармен кездесу сәтінде Астанада өтетін көрменің маңызын түсіндіріп, қонақ ретінде шақыруды ұмытқан емес. Оларды күтіп алатын орындарды дайындау да жан-жақты қарастырылуда. Соның бірі – Бурабай демалыс аймағы. Жақында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Бурабай демалыс аймағында берген сұхбатында атап өткендей, еліміздің танымал туристік бренді боп саналатын Бурабай курорттық аймағы қазақстандықтар мен шетелдік қонақтардың сүйікті демалыс орнына айналды.

«Бурабай қазірдің өзінде Қазақстанның рәмізіне айналды. Елорданың қасында орналасқандықтан, жақсы автомагистраль бар болғандықтан, соңғы уақытта туристер саны артуда. Жыл бойғы демалыс үшін барлық мүмкіндік жасалуда. Велосипедпен және жаяу серуен жолдары ашылды, қыста шанамен сырғанап, атқа мінуге, шаңғы тебуге болады. Мұнда ірі халықаралық іс-шаралар өткізуге мүмкіндіктер бар. Мысалға, Шетелдік инвесторлар кеңесі болғанда Бурабайда барша әлемнің жетекші бизнесмендері бас қосты. Әрине, ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесіне келген қонақтар үшін де Бурабайға дейін бағыт ұйымдастырылатын болады. Курорттық аймақ көптеген туристерді тартады, бастысы – олар үшін барлық қажетті жағдайларды жасау керек», – дейді Президент.

Шын мәнінде, инфрақұрылым дамыған сайын Бурабайдың атағы әлемге таныла беретін болады. Ол үшін кәсіпкерлер де демалыс орындарын жандандырып, жарақтандыруға, заманауи кешендер салуға инвестиция құйса, құба-құп.

Бүгінде «Астана ЭКСПО-2017» ұлттық компаниясы отандық туроператорлармен бірлесе отырып, мазмұны жағынан маңызды әрі мейлінше қызықты түрлі экскурсия маршрутын әзірледі. Демек, көрмеге келген әрбір турист астанамыздың көрікті жерлерімен танысып қана қоймай, Қазақстанның тарихи және мәдени нысандарын көру мүмкіндігіне ие болады.

Туристік тізімге еліміздің ұлттық парктері (Шарын шатқалы, Бурабай және т.б.) бойынша экологиялық турлар, БҰҰБҒМҰ (ЮНЕСКО-ның) бүкіләлемдік мұралар тізіміне кіретін тарихи-мәдени нысандарды (Қожа Ахмет Яссауи, Тамғалы және т.б.) аралау маршруттары, сондай-ақ, «Байқоңыр» ғарыш айлағында ракетаның аспанға ұшырылуын бақылау және т.б. арнайы турлар ұйымдастырылды. Өңірлердегі туристік қызмет көрсету спекторын кеңейту Астана қаласында өткізілетін Халықаралық мамандандырылған «ЭКСПО-2017» көрмесінің аясында жүргізіліп жатыр. Бұл қазақстандық трэвел-индустрияның дамуына ықпал етері анық.

 Үш тілдегі мобильдік гидтің сапалы қызметі

 

ЭКСПО-2017 ашылуына қарай Астанада қауіпсіздік бойынша үш тілдегі мобильдік гид жұмыс істейді. ҚР Премьер-министрінің бірінші орынбасары Бақытжан Сағынтаевтың қатысуымен өткен ЭКСПО-2017 көрмесін өткізу кезеңінде қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселелері бойынша Үйлестіру кеңесінің отырысы барысында мәлім болғандай, мемлекеттік, орыс және ағылшын тілдерінде қызмет көрсететін «ЭКСПО-2017. Қауіпсіздік жөніндегі сіздің гид» мобильдік қосымшасы қауіпсіздік құралдарына жатады. «Кез келген шетелдік Астанаға ұшып келгеннен кейін өз смартфонынан қосымшаны ашады. Сол кезде ЭКСПО-ға қалай жету керектігі алақанындағыдай көрінетін болады. Нысан картасы, жұмыс уақыттары, сенім телефоны, полиция бекеті және онымен байланыс, қазақстандық полицейдің суреті, такси, жедел жәрдем және тағы басқа да ең қажетті деген дүниелер сол қосымшадан табылады. Осындай жол көрсеткіші бар әр адам өз қауіпсіздігін қамтамасыз ететін болады. Оған қоса өте ыңғайлы», – деді ҚР Бас прокуроры Жақып Асанов. Оның пікірінше, ЭКСПО жай ғана көрме емес. Оның әрбір қазақстандыққа, қоғамға, жалпы бүкіл мемлекетімізге берері көп, пайдасы зор. «ЭКСПО экономиканың көптеген салаларына қан жүгіртпек. Атап айтқанда, қонақ үй мен туристiк бизнес, бөлшек сауда, қоғамдық тамақтану, электронды коммерция, қызмет көрсету сапасы жақсара түседі. Бұл мыңдаған жұмыс орындары. ЭКСПО біткеннен кейін де жаңа ғимараттар қаламыздың сәулеті мен дәулетін арттырады. Астана үлкен қаржы орталығына айналмақ. Тұрғын және қонақүйлер, сауда орталықтары, бәрі де өзімізге қалатын дүние», – деді Бас прокурор.

Осы мақсатта Бас прокурор смарт-технологиялар мен IT-шешімдерді кеңінен қолдануды ұсынды. Смарт-технологияларды пайдалану – мемлекет басшысының тапсырмасы. Бұған сәйкес, Елорда әкімдігі «ақылды қала» жүйесін құруда. Қауіпсіздік бойынша да жаңа IT-шешімдер қажеттігі айтпаса да түсінікті. Ал мұндай деңгейдегі іс-шаралар қисынды шектеулерсіз мүмкін емес. «Сочиде митингілер мен демонстрацияларға шектеу қойылған. Қару саудасына тыйым салынған. Басқа қалалардан келетін көліктердің кіруіне жол жабылған. Бізге де осыны ойластыру қажет. Бұл әлемдік тәжірибе және барлық жерде мұны адамдар түсінеді», – деді Ж.Асанов.

ҚР Премьер-министрінің бірінші орынбасары Бақытжан Сағынтаев лаңкестік топтағы азаматтарды көрмеге кіргізбей, қауіпсіздікті тиісті дәрежеде қамтамасыз ету үшін барлық құзырлы органдардағы деректер базасын біріктіру қажеттігін ерекше атап өтті. Ол сондай-ақ, қоғамдық-саяси жағдайды тұрақсыздандыру әрекеттерін ескерту және алдын алу бойынша іс-шараларды бақылауға алуды, осыған байланысты әлеуметтік қауырттылықтың әлеуетті ошақтарына жедел мониторинг жүргізуді тапсырды.

Жаңа технологиямен таңғалдыратын елдер

 Жақында Италия мен Оңтүстік Корея өкілдері арнайы мамандандырылған халықаралық «ЭКСПО-2017» көрмесіне қатысу туралы шартқа қол қойды. Италияның қатысуы туралы шартқа «Астана ЭКСПО-2017» ҰК» АҚ басқармасының төрағасы Ахметжан Есімов және «ЭКСПО-2017» итальяндық секция комиссары, Италия Республикасының Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті елшісі Стефано Раваньян қол қойды.

Кездесу барысында ұлттық компания басшысы ЭКСПО-2017 көрмесіне жүргізіліп жатқан дайындық туралы, Италияның қатысу шарты және жаңартылатын энергия көздерін дамыту саласында екі ел арасындағы екіжақты ынтымақтастықтың қазіргі жағдайы мен болашағы туралы әңгімеледі. «Көрме өткізудегі Италияның тәжірибесі біз үшін өте тиімді. Миланда өткен ЭКСПО-2015 табысты көрме болып саналған. Жаңартылатын энергия көздері саласындағы Италия жетістіктерін ескере отырып, ЭКСПО-2017 көрмесінде сіздің еліңіз осы саладағы ең жаңа технологиялармен таныстырады деп үміттенеміз», – деп атап өтті А.Есімов.

Айта кету керек, Италияда «жасыл» технологиялар белсенді қолға алынып, отынды әртараптандыру саясаты жүргізілуде. Итальяндық секция комиссары Италияда электроэнергия өндіруде 2015 жыл бойынша жаңартылатын энергия көздері үлесі 38,4% құрағанын хабарлады. Италия үкіметі жел және күн энергиясын дамыту саласын ұзақ мерзімді дамудың басымдығы деп біледі. Қазіргі уақытта Италияда күн энергиясын өндіретін 150 мыңнан астам кәсіпорын жұмыс істейді. «Біз өзіміздің ұлттық павильонымызды толтыру үшін қызу дайындық үстіндеміз. ЭКСПО-2017 көрмесінің әлемдегі баламалы энергияның дамуында маңызы зор», – деді Стефано Раваньян.

Сол сияқты Оңтүстік Корея да көрмеде баламалы және жаңартылатын энергия көздері саласында өз жұмыстарын көрсетуге дайын екендерін білдірді. Кореяда жаңартылатын энергия көздері 2008 жылдан бері дамып келеді. Билік 2030 жылға қарай жаңартылатын энергия үлесін 11%-ға көтеру туралы жоспар құрған. Жаңа және жаңартылатын энергияның 76%-дан астамы қоқыс қалдықтарынан жасалған. Мұндай өндірістің шығындары күн энергиясын өндіруде 10%, ал жел энергиясын өндіруде 66%-ды құрайды. Қоқысты өңдеу арқылы энергия алу Оңтүстік Корея энергетикалық саясатының жаһандық жылыну салдарымен күресі бойынша тиімді шара ретінде қарастырылған.

Демек, «Болашақ энергиясы» жобасының түпкі ойы тұрақты қуат көздерін басқаруды қамтамасыз ететін шешімдер мен әдістерге қоғамдастық назарын аудару болып табылады. Энергия – бұл адамзат тіршілігінің дамуына жағдай жасаушы және ынталандырушы бірден-бір табиғи қайнар көз. Астанада өтетін ЭКСПО 2017 көрмесінің осы ұранмен ту көтеруі де бекер емес.

«Астана ЭКСПО-2017» көрмесіне билеттер 10 маусымнан бастап сатыла бастады. Қазіргі таңда туроператорларға арнайы тиімді баға қойылып отыр. Яғни, 2016 жылдың 10 шілдесі мен 10 тамызы аралығындағы промо кезеңде туроператорлар көрмеге билетті арнайы бағамен сатып ала алады. Базалық пакет 2000 теңгеден басталып, күні белгіленген немесе күні белгіленбеген билеттерден тұрады. Сатып алатын билет көлемін неғұрлым ұлғайтқан сайын, билет құнына деген жеңілдік те соғұрлым тиімді болады. Сатып алынатын билеттердің көлеміне шектеу қойылмайды.

 http://turkystan.kz/
 
 

 

 

[:]